Жеңіліс көрмеген америкалық боксшы, pound-for-pound рейтингінің көшбасшыларының бірі Теренс Кроуфорд (42 жеңіс, 31 нокаут) кәсіби мансабын аяқтағанын мәлімдеді.
38 жастағы Кроуфорд – заманауи бокстың тірі аңызы. Ол спорттағы жолын атақ пен байлық үшін емес, өзіне күмәнмен қарағандарға дәлелдеу мақсатында таңдағанын айтты. Оның айтуынша, әрбір жекпе-жек – ішкі сенім мен мінездің сынға түскен сәті болды.
"Бокс маған барлығын сыйлады. Отбасым үшін, туған қалам үшін, бір кездері арманнан өзге ештеңесі болмаған бала үшін жұдырықтастым. Бұл жолды өз еркіммен аяқтап отырмын. Бұл қоштасу емес, жаңа белестің бастауы. Дәлелдейтін ештеңесі қалмаған ұлы тұлға ретінде кетіп барамын", – деді Кроуфорд.
Айта кетейік, Теренс Кроуфорд соңғы жекпе-жегін қыркүйек айында өткізіп, мексикалық Сауль "Канело" Альваресті төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңді.
Осы жеңістің арқасында ол екінші орта салмақта абсолютті әлем чемпионы атанды. Жалпы мансабында Кроуфорд үш салмақ дәрежесінде абсолютті чемпион атанып, бокста тарихи жетістікке қол жеткізді.