TikTok-қа тыйым

1454

Бұл қосымшадан әлемнің бірқатар елдері бас тартуға кірісті. Алайда қытайлық платформа қолданушылар туралы мәліметтерді Бейжіңдегі билікке жіберіп жатыр деген ақпаратты жоққа шығарып отыр.

TikTok-қа тыйым Фото: yandex.kz

Өткен аптада АҚШ пен Канадада үкіметтегі мобильдік құрылғыларда TikTok-ты пайдалануға тыйым салатын бұйрықтар шығарылды. Өйткені құпиялылық пен киберқауіпсіздік мәселелері бойынша бұл видео бөлісу қосымшасына қатысты күдік күшейіп келеді.

Қытайлық Bytedance компаниясына тиесілі TikTok ұзақ уақыт бойы Қытай үкіметімен деректерді бөліспейтінін және оның мәліметтері Қытайда сақталмайтынын айтып келеді. Сондай-ақ, TikTok басқа әлеуметтік медиа компаниялармен салыстырғанда көбірек пайдаланушы жайлы дерек жинайды деген айыптауларға да қарсы шығып, өзіне тәуелсіз басшылар жетекшілік ететінін алға тартып отыр.

Бірақ көптеген елдер бұл платформаға және оның Қытаймен байланысына сақтықпен қарайды. TikTok-қа ішінара немесе толық тыйым салған елдер мен аймақтардың қысқаша сипаты төмендегідей

Үндістан

Үндістан 2020 жылы құпиялылық пен қауіпсіздік мәселелеріне байланысты TikTok-қа және ондаған қытайлық қосымшаға, соның ішінде WeChat хабар алмасу желісіне де тыйым салды. Бұл шешім Гималайдың даулы шекарасында Үндістан мен Қытай әскерлері арасындағы қақтығыстан 20 үнді сарбазы қаза тауып, ондаған адам жараланғаннан кейін, көп ұзамай қабылданды.

Бұл компанияларға құпиялылық пен қауіпсіздік талаптары бойынша сұрақтарға жауап беру мүмкіндігі берілді. Ал, 2021 жылдың қаңтарынан бері аталған тыйым әлі күнге дейін доғарылмай сақталып келеді.

Тайвань

2022 жылдың желтоқсанында ФБР TikTok ұлттық қауіпсіздікке зиянды екенін ескерткеннен кейін, Тайвань бұл платформаны мемлекеттік секторда қолдануға тыйым салды. Дәлірек айтсақ, мемлекеттік құрылғыларда, соның ішінде ұялы телефондарда, планшеттерде, жұмыс үстелі компьютерлерінде TikTok пен қытайлықтардың өмір салтына арналған Douyin немесе Xiaohongshu (екеуі де қытайлық) тәрізді қосымшаларды пайдалануға рұқсат етілмейді.

АҚШ

Таяуда АҚШ әкімшілігі үкіметтік органдардың деректер қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін TikTok-ты федералдық құрылғылар мен жүйелерден жоюға 30 күн берілетінін ескертті. Бұл шектеу тек мемлекеттік мекемелерде қолданылатын құрылғыларға ғана қатысты. Дегенмен кейбір америкалық заңгерлер TikTok-қа тікелей тыйым салуды жақтап отыр.

Әрине, Қытай сыртқы істер министрлігі осы үшін АҚШ-қа наразылық білдірді. Ресми Бейжің бұл тыйымды мемлекеттік билікті теріс пайдалану және басқа елдердің фирмаларына қысым жасау деп сипаттады. Бүгінде АҚШ-тың 50 штатының жартысынан көбі қытайлық қосымшаны үкіметтік құрылғыларда пайдаланбауды жөн көрген.

Канада

АҚШ-тың мәлімдемесінен кейін, іле-шала Канада басшылығы да үкімет шығарған құрылғыларда TikTok қолданылмауы керектігін жариялады. Сондағы мақсат – құпиялылық пен қауіпсіздікті сақтау.  Сондай-ақ болашақта канадалық қызметкерлердің бұл қосымшаны жүктеп алуына да мүлде тыйым салынуы ықтимал.

Еуропа одағы

Еуропалық парламент, Еуропалық комиссия және ЕО Кеңесі. Бұлар – осы одақтың үш жоғарғы органы. Олар да TikTok-ты қызметтік құрылғыларда қолдануға тыйым салды. Еуропарламенттің сейсенбі күні жариялаған бұл шешімі наурыздың 20-ында күшіне енеді.  Сонымен қатар заң шығарушылар мен қызметкерлерге аталған қосымшаны жеке құрылғыларынан алып тастау ұсынылып отыр.

Пәкістан

Пәкістан үкіметі TikTok азғындықты наситтайды деген қауіппен оны 2020 жылдың қазан айынан бері кем дегенде төрт рет бұғаттаған екен.

Ауғанстан

Ауғанстандағы "Талибан" билігі 2022 жылы TikTok пен PUBG ойынына жастарды "адасудан" қорғау үшін тыйым салды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу