Тимур Құлыбаев: Қазақстан ITA құруды қолдайды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
1941

ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Құлыбаев допингке  тексеру жөніндегі тәуелсіз агенттік құру идеясын мақұлдайтынын мәлімдеді. 

Тимур Құлыбаев: Қазақстан ITA құруды қолдайды

ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Құлыбаев Ұлттық Олимпиадалық комитеттер қауымдастығының (ҰОКҚ) XXII Бас Ассамблеясына қатысып жатыр.

"Әлемдік  спорт қауымдастығы  ғаламдық сын-тегеуріндермен бетпе-бет келіп тұр. Мәселені бірлесіп қана шешуге болады. Ұлттық Олимпиадалық комитеттер қауымдастығының Бас Ассамблеясы сынды алаңдар спорт саласындағы көкейкесті мәселелерді талқылап қана қоймай, нақты шараларды айқындап, қолдануға мүмкіндік береді. Ұлттық Олимпиадалық комитеттер мен халықаралық федерациялар үшін таза спортшыларды қорғау аса маңызды мәселе. Қазақстанның Ұлттық Олимпиадалық комитеті  спортта допинг қолдануға "нөлдік төзімділік" ұстанымын алға тарта отырып, спортшыларды допингке тестілеу жөніндегі тәуелсіз агенттіктің құрылуын қолдайды. Біздің алдымызда барлық деңгейдегі допингпен күресіп, таза спортшыларды қолдауға мүмкіндік беретін тиімді жүйені құру мәселесі тұр", – деді Тимур Құлыбаев.

Прага қаласында жалауын желбіреткен халықаралық жиында әлемнің 205 елінің Ұлттық Олимпиадалық комитеттерінің басшылары мен спорттық ұйымдарының жетекшілері, оның ішінде Халықаралық Олимпиадалық комитеттің президенті (ХОК) Томас Бах, ҰОКҚ президенті Шейх Ахмад Әл-Фахад Әл-Сабах қара көрсетті.

Олимпиадалық ойындардың көкейкесті мәселелері талқыланған форумда Қазақстан ҰОК бас хатшысы Данияр Әбілғазин, ҰОК халықаралық ынтымақтастық мәселері бойынша вице-президенті Андрей Крюков сонымен қатар халықаралық қатынастар департаментінің директоры Әлімжан Ақаев болды. Аты аталған азаматтар ҰОКҚ  комиссияларының мүшесі ретінде отырыстарға қатысты.

ҰОКҚ XXII Бас Ассамблеясының күн тәртібіне "Agenda-2020" бағдарламасының орындалу мәселесі қойылды. Сонымен қатар мұнда құрлықтық қауымдастықтар мен ҰОКҚ бас хатшысынының, комиссия төрағаларының есептері тыңдалды. Ал Олимпиада ойындарын ұйымдастыру комитетінің өкілдері 2018 -2020 жылдар аралығында өтетін жарыстарға дайындық барысы туралы баяндама жасады.

ХОК президенті Томас Бах спортшыларды қорғау, спортты тиімді басқару, допингке және спорт саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету шараларын тілге тиек етті.

Томас Бах Ресей спортшыларына қарсы санкция қолдануға қатысты мәселе қоғамда қызу талқыланып жатқанына тоқталып: "Олимпиадалық қозғалыста әрбір адамның құқығы мен міндеті бірдей. Әркімнің мәселенің әділ қаралуын талап етуге қақысы бар", – деді ХОК президенті.

Оның айтуынша, Ресей спортшыларына қатысты шешім желтоқсан айында қабылданады.

Сөз арасында ол жиынға қатысушыларды допингке тестілеу жөніндегі тәуелсіз агенттікті допингпен күрес шараларын күшейтуге шақырды.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу