ТМД-да сұрапыл соғыс басталған жыл

2178

2022 жыл посткеңестік кеңістікте қан-қасап қырғын басталған жыл ретінде Дүниежүзілік тарихқа кіреді. Ал сол қантөгісті бастаған Кремль дым болмағандай сыңай танытып, дәстүрлі саммитті шақырды. 

ТМД-да сұрапыл соғыс басталған жыл Фото: lg.vgorode.ua

Санкт-Петербург қаласында ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуі өтті. Оған Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан басшылары жиылды. Халықаралық сарапшылар саммит бейресми деп аталғанымен, оған қатысқан президенттердің бәрі галстук тағып барғанына назар аудартты. Осының өзі бұл шарада жылылық пен жақындық жоқтығын, көшбасшылардың жаңа жыл мерекесі қарсаңында жағасы жайлау жағдайда, емен-жарқын әңгіме-дүкен құрмағанын аңғартса керек.

Қалай болғанда, бұл Мәскеуге жыл қорытындысында өзінің жалғыз қалмағанын әлемге паш ету үшін қажет болғанға ұқсайды. Кремль ресми сайтында жылда, 26–27 желтоқсан күндері, Петерборда, ТМД мемлекеттері басшыларының бейресми кездесуге жиналуы дәстүрге айналғанын жазды. Саммиттегі сөзінде Путин жиналғандарды өзінің "достық ортасы" деп атады. Бірақ ізінше "өкінішке қарай достастыққа мүше елдер арасында алауыздық та туындап жатқанын мойындауға тура келетінін" мәлімдеді. Тек қандай елдер өзара керісіп қалғанын айтпады.

Кремль басшысы осы жиналған елдердің бәрін орыс тілі біріктіретінін және оның келесі жылы күшейе түсетінін жеткізді.

"Біздің халықтарымызды көп нәрсе байланыстырады: ортақ тарих, рухани тамырлар, өзара терең араласқан мәдениеттер мен дәстүрлер, құндылықтар мен салт-сана және әрине, орыс тілі. Орыс тілі көпұлтты мемлекеттерімізді өзара тығыз біріктіретін қуатты күшке айналды. Тағы естеріңізге сала кетейін, 2023 жылы ТМД елдері Орыс тілі жылын өткізуге шешім қабылдады. Орыс тілінің аймақтағы халықаралық қатынас тілі мәртебесін қолдауға, сақтауға және нығайтуға, жан-жақты насихаттауға бағытталған іс-шаралардың кең ауқымды бағдарламасы әзірленді. Бұл іс-шараларды өткізу ТМД мемлекеттерін рухани және мәдени байытуға септеседі", – деген В.Путин қабақтары түсіп, тұнжыраған әріптестеріне ескерткендей, суық жүзбен шола қарады.  

Журналистер В.Путиннің бейресми қорытынды саммиттегі сөзінде "соғыс" және соны білдіретін басқа да сөздерді бірде-бір рет ауызға алмағанын байқапты.

Оған сенсек, әлемде әлдебір, табиғаты белгісіз күйзеліс болып жатыр.

"Жаһандық нарықтардағы құбылған ахуал, әлемдік қолайсыз экономикалық конъюнктура, бірқатар елдер тарапынан санкциялық қысым күрделі жағдайды туындатты. Сондықтан ТМД елдері өзара есептесулерде ұлттық валюталарға анағұрлым белсенді көше бастады", – деді Кремльдің қожайыны.

"Ауруын жасырған өледі" деген қазақ даналығы бар. Ресейлік The Moscow Times газетінің хабарлауынша, ресейлік БАҚ-қа "РФ президенті әкімшілігі мобилизация тақырыбын бұдан былай хабарлап, жазуға жария емес тыйым салынғаны туралы өкім жолдады".

"Бұған дейін біз ағымдағы мобилизация туралы да, қарулы жанжалдың ықтимал сценарийлері және оған қатысты болжамдарды да жаза алатынбыз. Енді оның барлығына тоқтау салынды. Талапта жазылғандай, Мемдума немесе сенаторлар мәлімдеме жасаса да, одан цитата беруге болмайды", – деп мәлім етті газет өз дереккөздеріне сілтеме жасап. Шетелдік басылымдар Кремльдің РФ журналистеріне соғыс тақырыбын көтеруге тыйым салғанын жазды.

Алайда көз жұма қарағанымен қасіретті соғыс ешқайда жоғалып кетпейді. Бүгінде шетелдік сарапшылар таяуда ғана 300 күн межесінен асқан Украинадағы соғыстың қорытындыларын (өкінішке қарай, тек аралық қорытындыларын) шығарып жатыр. Олар соғыстың бірнеше кезеңін жіктеді. Бірінші кезеңі – дайындық.

"2021 жылдың сәуірінде Ресей Украинамен арасындағы шекараға орасан зор көлемде әскерін аттандыра бастады. Сонда РФ басшысы Владимир Путин жалпақ жұртқа мәнсіз көрінген эссесін жариялап, онда Украинаның тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүруге деген құқығына күмән келтірді. Қыркүйек айында Ресей мен Беларустің "Батыс" атты кең ауқымды біріккен әскери жаттығулары аяқталды. Дегенмен, жауынгерлердің, қару-жарақ пен әскери техниканың басым бөлігі Украинамен шекарада сол бойы қалды. Бұл төніп келе жатқан зұлматтан хабар берген белгі еді", – деп сараптады британдық The Economist.

Ол кезде Еуропаның шетіне кең ауқымды шапқыншылық жасалатынына сенгендер сирек болды. Халықаралық саясаттанушылар Кремль осы арқылы "мәжбүрлеу дипломатиясы" аталатын сүйікті тәсіліне жүгініп, көздеген саяси мақсаттарына жету үшін шекарадағы қаптаған әскерді қорқыту, доқ көрсету құралы ретінде пайдаланып отыр деп тұспалдады.

Қазан айында ахуал ушықты. Сол кезде америкалық барлаушылар Ресейдің Украинада соғыс ашу жоспары барын әшкерелеп, Ақ үйге жеткізген. Келесі айда Вашингтон АҚШ орталық барлау басқармасының директоры Уильям Бернсты (William Burns) Мәскеуге жолдады: оған Путинге қатаң ескерту жасап, райынан қайтару миссиясы жүктелген. Онысы сәтсіздікке ұшырады.

РФ шекараға қарулы әскерін тартуды жалғастырды. Мұны сол тұста ғаламторда жарияланған қаптаған спутниктік түсірілімдерден байқауға болады. Соның ішінде жасанды понтонды көпірлердің үлкен қорының жиналуы ресейлік армияның өзенге толы Украина жерінде кең ауқымды әскери қимылдар жүргізуге даярланып жатқанын паш етті. 

Жыл басында екінші кезең басталды, оны "көзбояу" деп атауға болады. Бұл уақыт түрлі дезинформацияға толы болды. The Economist соғыс қарсаңында Мәскеудің Батысты жаңылыстыру үшін АҚШ-пен және НАТО-мен жалған келіссөздерді тынбай жүргізгенін еске салады. Мысалы, 2022 жылғы қаңтарда РФ сыртқы істер министрі Сергей Лавров америкалық әріптестерімен бірнеше келіссөз өткізіп, Ресейдің бірінші болып ешқашан соғыс ашпайтынына сендіріп бақты. Өз кезегінде РФ Мемдума және Сенатының басшылары соғыс төніп келе жатқаны туралы дабыл қаққан батыстың беделді сарапшыларын келеке етті, соғыстың болуын белсенді жоққа шығарды.

Ал батыстық сарапшылар кең ауқымды қарулы жанжал басталатынын қайталаудан жалықпады: "Путин бұл тәуекелге баруға түпкілікті бел буды", "соғысты қазір бастамаса, жылдан өткен сайын Украина батыстық қарумен күшейе түсетінін Кремль жақсы біледі" деп жазды халықаралық ақпарат құралдары.

АҚШ Президенті Джо Байден барлау ақпараттарына жүгініп, Ресейдің Украинаға соғыс ашатынын мәлімдеді және Мәскеуді бұл жоспарынан бас тартуға шақырды. Украинаға Javelin танкке қарсы зымыран кешендері, Stinger тасымалды зениттік зымыран кешендері сияқты негізінен, партизандық форматтағы соғысты жүргізуге жарайтын жеңіл қаруларын жеткізе бастады. 17 ақпанда британ барлау қызметі РФ шапқыншылығының ықтимал бағыттары нақты бейнеленген әскери картаны жариялады.

Үшінші кезең – баса-көктей кіру болды және ол 24 ақпанның таңында басталды. Мәскеу зымырандармен Украина қалаларын бомбалауға кірісті. Ресей армиясы бес бағыттан, соның ішінде Беларусь жерінен Украина территориясына лап қойды. Осылайша, 1945 жылдан бергі Еуропа аумағындағы алғашқы алапат соғыс бастау алды.

Жаһан жұртшылығы іштен тынды. Кейін белгілі болғандай, сол кезде дүниежүзіндегі мемлекеттердің басшылары, соның ішінде батыстық лидерлер де Ресейдің Киевті тез құлататынына сенімді болыпты. Тек жауға қарсы жанқиярлықпен шайқасқан Украинаның Қарулы күштері, тероборонадағы жергілікті тұрғындар Отанының әрбір сүйем жерін қасық қаны қалғанша қорғайтынын, дұшпанға берілмейтінін паш етті. Киевті үш күн түгіл, үш аптада ала алмаған РФ әскерилері жолында қан-қасап қырғын ұйымдастырып, NLAW, Javelin, Stinger, Байрақтарға "жем болып", кері шегінді.

Блицкриг жоспары жарға жығылды. Жаһандық әскери рейтингтерге әлемдегі №2 армия саналған РФ қарулы күштерінің 2014 жылдан бері жалғасып келе жатқан Донбастағы жергілікті қақтығыста шыңдалған ЗСУ жауынгерлерінің тегеурініне төтеп бере алмайтыны мәлім болды.

Қорғаныс зерттеулерінің корольдік біріккен институты (RUSI, Royal United Services Institute) анықтағандай, шапқыншылығын соңына дейін құпия сақтаған Мәскеу өз әскерін соған лайықты даярлай алмапты: әскери бөлімдер Украина жеріне кіру туралы бұйрықты 24 сағат қалғанда ғана алған. Әскерлер өздеріне берілген оқтарын, снарядтарын тез-ақ атып тауысқан, тылдан резервтер, оқ-дәрілер, азық-түлік, отын уақытылы жетпеген. Логистиканың нашар ұйымдастырылғаны әшкереленді. Байланыс дұрыс жолға қойылмаған: бөлімшелер арасында бұрынғы замандардағыдай "жаушы" жүгіртілген, бірақ олар жеткенше ақпарат ескіріп қалған, ахуал өзгеріп кеткен. Карталар тым ескі болып шыққан. Ондағы ескі атаулардың көбі жойылып, украин тілінде жаңаша аталыпты. Содан біраз жерде әбден адасқан РФ әскерлері жолда тоқтап, жергілікті тұрғындардан жол сұрауға мәжбүр болған. Ал канистра көтеріп, жанармай іздеп, жергілікті автостанцияларды аралаған ресейлік солдаттарды жергілікті ер-азаматтар ұстап алып, ЗСУ-ға тапсырды.

Осының бәрі, сарапшылардың байламынша, РФ армиясының жеңілуіне ықпал етті.

2022 жылғы сәуірде Ресей армиясы Киев және оған іргелес облыстардан толық шегінді. Жауынгерлерінің саны басқыншылардан 20 есе аз болғанына қарамастан, әскери тактика мен стратегияны дұрыс, ақылмен ұйымдастыра алған Украина өз астанасы үшін шайқаста жеңімпаз шықты. Бірақ оны алда қаншама айға созылатын соғыс күтіп тұрған еді.

Сонымен бірге Ресей Украинаның бес облысын (Донецк, Луганск, Запорожье, Херсон, Харковь) басып алған болатын. РФ армиясы артиллериядағы, авиациядағы басымдығын пайдаланды. RUSI сараптамасында айтылғандай, сол тұста РФ артиллериясы ЗСУ бекіністеріне күн сайын 20 мың рет атқылаған. Шырқау шегіне жеткен күндері бұл көрсеткіш 32 мың снаряд пен зымыраннан асыпты. Украина оған әр жерден арагідік үн қатқан артиллериясымен ғана жауап берді.

Батыс сарапшылары Украинаның "Мәскеу" крейсерін атқылап, суға батырып жіберуін жеке бір кезең ретінде бөліп алды. Өйткені біріншіден, өткен ғасырдағы Фолкленд аралдары үшін соғыстан бері алғаш рет дүниежүзіндегі держава ел флагманынан айырылып отыр. Екіншіден, содан бері Ресей теңіз әскері қаһарынан айырылды, өз әскеріне көп көмекке келе алмады, Одессаға, басқа да теңіз жағалауындағы украиналық қалаларға десант түсіре алмады. Бүгінде матростардың құрлық әскерлеріне қосылып, қарапайым жауынгер ретінде соғысуға мәжбүр екені айтылып жүр.

Бұдан бөлек, Украинаға биылғы маусымда америкалық Хаймарс (M142 HIMARS) дүркін атыстың реактивті жүйесінің жеткізілуі де соғыстың келесі кезеңі ретінде бағаланды. Бұл қаһарлы қару ЗСУ-ға Харковь облысын, Херсон қаласын азат етуге көмектесті. Хаймарс арқылы Украина армиясы Ресей әскерінің командалық пунктерін, казармаларын, оқ-дәрі, қару-жарақ қоймаларын, алып көпірлерді жойды.

Әзірге соңғы кезең ретінде В.Путиннің 2022 жылғы 21 қыркүйекте мобилизация жариялауы аталды. Қазақстанға, Грузияға, Арменияға, Түркияға миллионнан астам ресейлік сау ете қалды. Олар соғысуға емес, бас сауғалауға ұмтылды. Бірақ РФ 300 мыңнан астам жауынгерін жаңадан сапқа тұрғыза алған. Дәл осы кезеңде Ресей Украинаның инфрақұрылымын: жылу-электр орталықтарын, трансформаторларын, станцияларын тұрақты түрде бомбалау тәжірибесін енгізді.

Сарапшылар егер АҚШ келесі жылы Patriot (MIM-104) зениттік зымыран кешенін Украинаға жеткізіп, өрістетсе, бұл да соғыстың келесі белесіне айналуы мүмкін деп болжады. Себебі, Пэтриот кешендері америкалық өзге қарулармен бірге, бір кешенде жұмыс істейді. Соның ішінде Украинаға ақыры америкалық жойғыш ұшақтар да жеткізіледі деген жорамал бар. Мұны Сауд Арабиясының мысалынан аңғаруға болады: Америка бұл елде Patriot жүйесін орнатты. Бұған қоса, АҚШ әскери әуе күштерінің өмірлік циклын басқару орталығының (АFLCMC) хабарлауынша, 2011 жылғы келісім бойынша Сауд Арабиясына F-15SA Eagle көпфункционалды 84 бірлік истребителдің бәрі жеткізілген.

АҚШ Ұлттық барлау қызметінің директоры Эврил Хэйнс бүгінде соғыс қарқыны бәсеңдегенін мәлімдеді. Бірақ бұл жаңа дауыл алдындағы уақытша тымық кезге ұқсайды: Украина 2023 жылы жаңа армиялық корпус қалыптастыруға тырысуда, ал Ресей мобилизацияланғандарды даярлауды аяқтап, олардан жаңа шабуылдаушы бөлімдер құрып жатыр.

Америкалық саясаттанушы Джон Мюллер (John Mueller) соғыстың биылғы кезеңдерінен бірнеше сабақ алуға болатынын айтты. Біріншіден, әскери технологиялардың дамығанына қарамастан, жауынгерлердің даярлығы, әскери өнері сол бұрынғыдай басты мәнге ие. Екіншіден, қару-жарақ пен оқ-дәрінің көптігі және сапасы өмірлік маңызға ие. Себебі, қазіргі заманғы соғыстар ұзаққа созылатын сипатта: бір басталса, ұзайды. Үшіншіден, барлау ақпаратының сапасы да зор рөл атқарады. Егер жаудың барлаушылары мықты болмаса, жаңа әрі өзекті ақпаратпен қамтуға, тіпті жер-су атауларының өзгергені жөнінде жете құлағдар етуге қауқарсыз болады. Төртіншіден, Киев, Мариуполь, Северодонецк, Бахмут сияқты шаһарлар үшін соғыс заманауи әскерлердің қалалар ішіндегі соғысқа да дайын болғаны жөн екенін көрсетті.

Саясаттанушының пікірінше, бұл соғыстың ең үлкен сабағы мынада: әлдебір ел көршісіне басып кірмеуі үшін барлық мемлекетте демократияның дамығаны, бір президенттің, көшбасшының билікте тым ұзақ қалмағаны, ауысып отырғаны маңызды. Осы ұстанымды ұстанатын дамыған елдер 75 жылдан бері ешкіммен соғыспаған. Ал диктатуралар өзге елдердің жеріне, байлығына қызғана қарап, оны өзіне қосып алуға ұмтылып тұрады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу