Төбедегі төрелердің табысы да тамаша

7876

Әлемде президенттер мен депутаттар қанша табыс табады.

Төбедегі төрелердің табысы да тамаша

Жақында қаржы министрі Бақыт Сұлтанов қайта қаралған биылғы жыл бюджетінде депутаттардың жалақысын көтеруге 33 миллиард теңге жұмсалады деп, бұқара халықтың да, қалаулылардың да кіжінісін туғызды.

Қарапайым қазақстандықтардың ашынатын жөні бар: елде былайғы жұрттың кірісі азаймаса, көбейіп жатқан жоқ. Сонымен бірге депутаттардың да министрге ренжуі өзінше орынды: олардың айтуынша, биліктің үш тармағының екеуі өз жалақыларын бірнеше жыл бұрын көбейтіп алған, парламентшілерге тек қазір ғана кезек тиіп отыр.

Осыдан кейін бас қаржыгер қайтара түсініктеме беріп, 33 миллиард теңге жалғыз депутаттарға емес, әскери қызметшілердің және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің еңбекақысын 25 пайызға көтеруге де жұмсалатынын жеткізді. Қалай болғанда, бүкіл әлемдегі әсіресе дамыған елдерде билік өкілдері арасында тек депутаттар мен президенттердің жалақысы туралы ақпарат жұртшылық үшін ашық болып саналады. Сондықтан олардың рейтингтері де ұдайы жарияланып тұрады.

Мәселен, кезінде бір арал көлемінде құрылған қала-мемлекет Сингапур үлкен корпорациядай жұмыс жасайды. Тиісінше, Apple, Microsoft секілді алпауыт корпорациялардағыдай, Сингапур басшысы да, өзге мемлекеттердегі әріптестеріне қарағанда, өте жоғары жалақы алады. Тиісінше, әлемдік рейтингті осы кішкене, бірақ озық дамыған мемлекеттің премьер-министрі Ли Сяньлун бастайды. Оның жалақысы жылына 2 миллион 200 мыңдай долларды құрайды.

Екінші орында тағы бір "мемлекет-корпорация" – әлемдік индустрия орталығы болып табылатын Гонконг арнайы әкімшілік ауданының атқарушы әкімшілігінің басшысы Кэрри Лам тұр, биылғы наурызда сайлауда жеңіске жетіп, шілде айында Гонконг билігінің тізгінін өз қолына алған осы ел тарихындағы тұңғыш әйел көшбасшының табысы жылына 600 мың доллардан асады.

"Үштікті" жылдық 400 мың доллар жалақысымен әлемдік держава – АҚШ-тың президенті Дональд Трамп тұйықтайды. Бірақ Америка лидері сайлана салысымен, $400 мың доллардан бас тартып, тек   доллар ғана жалақы алатынын жариялады. CBS телеарнасына берген сұхбатында ол осы ниетін растап, президенттігі үшін жалақы алмайтынын жеткізді.

Тізімде ары қарай Аустралия премьер-министрі Малкольм Тернбулл (жалақысы жылына 345 мың доллар), Ирландия Президенті Майкл Хиггинс (340 мың доллар), Люксембург премьер-министрі Ксавье Беттель (340 мың), Канада премьер-министрі Джастин Трюдо (296 мың 400), Жаңа Зеландия премьер-министрі Джасинда Ардерн ханым (290 мың доллар) орналасқан.

Ал, Еуропаның "локомотиві" әрі көшбасшысы саналатын Германияның канцлері Ангела Меркель 9-шы орында тұр, ол жыл сайын 283 мың доллар табады екен. "Ондыққа" сонымен бірге Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ кіреді (273 мың доллар).

Екінші ондықты Оңтүстік Африка республикасының президенті Джейкоб Зума бастайды, жалақысы жылына 272 мың доллар. Италия президенті Серджо Маттарелла одан 2 мың доллар кем алады. Францияның жаңа сайланған президенті Эмманюэль Макронның жылдық жалақысы 230 мыңға, ал, Ұлыбритания премьері Тереза Мэйдікі – 215 мың долларға тең.

Финляндия президенті Саули Ниинистё – жылына 190 мың доллар, Исландия президенті Гвюдни Йоуханнессон – 188 мың доллар, Оңтүстік Корея президенті Мун Джэин – 187 мың доллар, Тайвань қытай республикасының президенті Цай Инвэнь – 184 мың доллар, Голландия премьер-министрі Марк Рютте – 170 мың доллар табыс табады. "Жиырмалықты" Кения президенті Ухуру Кениата (132 мың доллар) аяқтап тұр. 

Әлемдік "ТОР-20" рейтингіне посткеңестік кеңістіктегі бірде бір елдің президенті кірмеген. Бұл ретте Украина президенті Петр Порошенко дүниежүзіндегі әріптестері арасында ең аз жалақы алатындығымен ерекшеленеді: оның жалақысы жылына 11,6 мың долларды ғана құрайтын көрінеді. "Рошен" кондитерлік брендінің қожайыны болған Порошенкода онсыз да ауқат жетеді. Ресми мәлімет бойынша Беларусь басшысы Александр Лукашенко президенттігі үшін айына 2 350 доллар, демек, жылына 30 мыңдай алады. Бұл көлем 2014 жылдан бері көп өзгермепті.

Солтүстік көршіміз – Ресей басшысы Владимир Путин жыл сайын Кремльдің ресми сайтында табыс туралы декларациясын орналастырып тұрады. Әрине, оның шындығына сену-сенбеу әркімнің өз еркін. Осы ресми мәліметке жүгінсек, 2016 жылы Путиннің жылдық табысы 8 858 432 рубльді құраған. Ресей президентінің орташа айлық табысы былтыр 738 000 рубль болды, бұл 2015 жылғыдан аздау: алдыңғы жылы бұл көрсеткіш 741 000 рубльге жетіп еді.

Бір айта кетерлігі, 2014 жылдың сәуірінде РФ президенті өзінің және үкімет төрағасы Дмитрий Медведевтің жалақысын 2,65 есеге жоғарылатқан. Ал РФ үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведев өз декларациясы бойынш өткен жылы 8,59 миллион рубль табыс тауыпты.

Депутаттар
Билік тармағының тағы бір төбесінде отырған төрелер – парламент депутаттары.

Қазақстанда қалаулылар шамамен 600 мың теңге жалақы алады. Палата комитеттерін басқаратындарына үстемеақы қосылады. Бұған қосымша мемлекеттік және ұлттық мерекелерде олардың бәріне сыйақылар беріледі.

Айтқандай, көршімізде 2014 жылы Госдума депутаттарының сұрауымен президент Путин олардың жалақысын қысқарту туралы жарлыққа қол қойған болатын. Осылайша, санкциядан сансыраған Ресей Федерациясының билігі бюджеттегі бір триллион рубльдік "жыртықты" жамаудың жолын тапқан. РФ президентінің бұған дейінгі жарлығына сәйкес, 2014 жылғы 1 қыркүйектен бастап, Госдума депутаттарының айлық жалақысы – 420 мың рубль, ал, тоқсан сайынғы сыйақы көлемі 81,5 мың рубль болып бекітілген-тін. Енді Ресейде депутат жалақысы 10 пайызға азайтылды. Бұл Жарлық 2015 жылдың соңына дейін жұмыс жасайтыны айтылған. Алайда кейін оның күші бір жылға ұзартылды. Осылайша, 2016 жылы Госдума депутаттарының жалақысы үстемеақыларсыз 383 мың 927 рубльді құрады.

Бірақ жаңа сайланған Госдума депутаттарына жалақы бойынша алаңдауға негіз жоқ екен: 2017 жылға арналған РФ федералдық бюджеті бойынша ресейлік халық қалаулыларының жалақысы бірден 800 мың рубльге дейін өсіп шыға келді. Сонымен қатар, бюджетте бір депутатқа қызмет көрсетуге (көмекшілері, көлігі, тағы басқа әкімшілік шығыстары) бюджеттен ай сайын 1,5 миллион рубль бөліп отыру қарастырылған.

Егер бұрынғы Кеңес одағы құрамында болған өзге республикалардың жайына тоқталсақ, ең жоғарғы жалақы – Эстонияда: депутаттар айына 4 115 доллар табыс табады. Грузияда парламентарийлердің қазіргі жалақысы 2 155 долларға дейін өсті.

Әлем елдерінде депутаттардың жалақысы қанша
Eurostat, Independent Parliamentary Standards Authority, РФ Федералдық статистика қызметінің және шет елдердің парламенттерінің веб-сайттарындағы мәліметтер бойынша

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу