Тоғыз рет тоқ ұрғандай...

1235

Қазақстан құрамасы шайбалы хоккейден әлем чемпионатындағы алғашқы кездесуін Дания құрамасына қарсы өткізіп, 1:9 есебімен жеңіліс тапты.

Тоғыз рет тоқ ұрғандай...

Кездесу 1:9 есебімен Данияның пайдасына аяқталды. Юрий Михайлистің бапкерлер штабы күтпеген  шешімдерімен таң қалдырды. Әлем чемпионатындағы алғашқы матчта Гагарин кубогының иегері Даррен Дицті көре алмадық. Ал шабуылшылар Дмитрий Шевченко, Аркадий Шестаков және Павел Акользиндер үздік үштік ойыншы ретінде айдынға шықты. Кездесудің үшінші минутында-ақ гол жіберіп алған Андрей Шутов қақпадан орын алды. Дания құрамасы сапынан Патрик Бьоркстрэнд алғашқы болып есеп ашты. Ойынның бесінші минутында есеп айырмасы үш голға дейін жетті. Бұл жолы Феликс Шеель мен Йоакам Блифельд гол соқты.

Осындай "нокдауннан" кейін қазақстандықтар шабуыл ұйымдастырды. Дания құрамасының қақпасына дебюттік соққыны қорғаушы Самат Данияр жасап, көк сызықтан шайбаны қарсыластар қақпасына бағыттады. Бірақ гол соға алмады.

Ал Дания құрамасына тағы бір гол соғу үшін небәрі 85 секунд қажет болды. Фредерик Шторм барлық алаң ойыншыларынан айласын асырып, Шутовты тағы да қапы қалдырды (0:4). Қазақстан құрамасының қақпасына бесінші голды Юлиан Якобсен соқты. Нәтижесінде бапкерлер штабы қақпашыны ауыстыру туралы шешім қабылдады. Есеп 5:0 бола салысымен қақпашы Андрей Шутовтың орнына Илья Румянцев шықты.

Содан кейін біздің қақпамызға тағы 4 шайба соғылды. Қақпашыны ауыстырғаннан ешқандай оң өзгеріс болмағанына  тағы да көзіміз жетті. Кездесу соңына қарай 59-минутта Кирилл Савицкий Қазақстан құрамасының турнирдегі алғашқы голын соқты. Қорытынды есеп 1:9.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы "А" тобында тек даниялықтармен ғана емес, Канада, Германия, Швейцария, Словакия, Франция, Италиямен де ойнайды. Юрий Михайлистің шәкірттері келесі ойынды ертең Францияға қарсы өткізеді. Матч Нұр-Сұлтан уақытымен 19:20-да басталады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу