Қасым-Жомарт Тоқаев Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты істі ерекше бақылауда ұстауды тапсырды

1448

Президент құқық қорғау органдарының басшыларымен кеңесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты істі ерекше бақылауда ұстауды тапсырды Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовпен, Бас прокурор Берік Асыловпен, Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиевпен, сондай-ақ басқа да салалық ведомстволардың басшыларымен кездесіп, консультациялар өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Президент заңның сақталуына, азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыруға қатысты мәселелерге баса мән берді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Заң мен Тәртіп қағидаты Қазақстан қоғамының идеологиялық және саяси темірқазығына айналуға тиіс. Қазіргі қалыптасқан жағдай көшедегі мәдениетсіздіктен  бастап төбелес, ұрлық, кісі өлтіруге дейінгі  құқықбұзушылықтың барлық түріне ымырасыз қарсы тұруды талап етеді.

Мемлекет басшысы осындай келеңсіздіктермен тұтас қоғам болып күресу керек деп санайды. Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, дөрекілік және бұзақылық сияқты Заң мен Тәртіп бұзушылықтың кез келген түріне мүлде төзбейтін әрі оны қатаң айыптайтын жағдай қалыптастыру қажет. Әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің батыл түрде жолын кесу керек.

Президент Ішкі істер министрлігіне елорда мейрамханаларының бірінде болған кісі өліміне қатысты резонанс тудырған оқиғаны ерекше бақылауға алуды тапсырды.

"Заң бәріне бірдей. Азаматтарымыз заңдылықты нығайту жолында жұдырықтай  жұмылса ғана қоғамда әділдік орнайды. Әділетті Қазақстан – Заң мен Тәртіп үстемдік құратын ел", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Республика күні қарсаңында өткен жиында сөйлеген сөзінде Әділетті Қазақстанды құру үшін құқықтық мәдениетті дамыту қажет деген болатын.

"Заңсыздық, тәртіпсіздік, мәдениетсіздік елді жарға жығады. Мұндай жағымсыз үрдіске бүкіл қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Ал тәртіпке бағынған қоғам өркениетті болады. Бұл – заңдылық. Әр азамат еліміздің заңын құрметтесе, береке-бірлік те, бақуатты  тұрмыс та болады", – деді Президент.

Мемлекет басшысы кездесулер мен консультациялар барысында қоғамда әділдік пен тәртіп орнату үшін құқық қорғау органдары мен сот инстанциялары қызметкерлеріне айрықша жауапкершілік жүктелетінін атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу