Тоқаев Мәскеуде қандай құжатқа қол қоймақшы?

5991

Президент ақпан айының ортасында Владимир Путиннің шақыруымен Мәскеуге баратынын тағы айтты.

Тоқаев Мәскеуде қандай құжатқа қол қоймақшы?

Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Хабар" және "Хабар24" телеарналарына бастан-аяқ орыс тілінде берген сұхбаты әлеуметтік желіде қатты сынға ұшырап жатыр, – деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Қаңтар қырғынынан кейін елдегі билікті тұтастай қолына алды делініп жүрген Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешегі сұхбатынан әркім өзін алаңдатқан мәселе туралы месседж іздеп, даурығып жатыр. Биліктің басым бөлігі тегеурінді әрі обьективті институттардың емес, бір ғана тұлғаның қолында ұсталатын ел үшін бұл қалыпты жағдай.

Сұхбатта қазір ел күтіп жүрген мәселенің бәріне қолмен ұстатқандай жауап берілмейтіні, берілсе де оның жалпақ жұрттың бәріне бірдей ұнай қоймайтыны о бастан түсінікті болған. Оның үстіне сұхбаттың түгел орыс тілінде өтетіні алдын ала айтылғандықтан, сыни көзқараспен безбендеушілердің саны артуы да заңдылық еді.

Бір сағаттық сұхбатта "террорист", "сырттан келген жау", "мемлекетке шабуыл", "20 мың содыр" деген сияқты сөздердің жиі айтылуы биліктің қаңтар қырғыны туралы риторикасы әбден біржақтыланып алғанын аңғартты.

Елеусіз қалған ескі құжаттың әлегі

"Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскерін көмекке шақырғанымыз үшін ешкімнің алдында қарыз емеспіз бе?", – деген сұрақ қойылды.

Президент бұған қысылтаяң шақта ұйымдағы әріптес елдер саудаласып жатпай, бірден көмек қолын созды дегенге саятын жауап қатты.

"Біз қарыз болып қалдық деген сияқты қауесеттерге келсек, ондай сөз өте көп айтылып жатыр. Мен жауапты түрде айтамын, Владимир Владимирович Путинмен "кейін есеп айырысармыз" деген мағындағы ешқандай сөз болған жоқ. Кремль тарапынан ешқандай алғышарт қойылған жоқ. Түптің түбінде Ресей – Қазақстанға одақтас мемлекет. 2013 жылы Екатеринбург қаласында тиісті келісімшартқа қол қойылған. Айтпақшы, мен ол кезде Женевада едім және осы келісімшартты жасауға қатысқан жоқпын", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев "мен әзірлеуге қатысқан жоқпын" деп отырған құжаттың толық атауы – "Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы" шарт.

31 баптан тұратын шарттың бүкіл талаптары бүгінгі өмірімізде көрініс тапқан деуге болады. Әйтсе де соның ішінде кейінгі кезде түрлі пікірталастарға тұздық болып жүрген мәселелерді қамтитын бірнеше бапты жеке бөліп атаған жөн сияқты.

Өйткені Президент кешегі сұхбатында "Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынас Алматыдағы оқиғаға дейін де әрдайым тығыз, конструктивті, шынайы әріптестік сипатта" болғанын еске салды. Мұны "Мәскеуге кіріптарлық маған дейін де терең деңгейде болды ғой" деген ақталу ретінде қабылдауға да болады.

Сонымен 3-бап:

"Уағдаласушы Тараптар олардың кез келгеніне қарсы бағытталған қандай да бір блоктарға немесе одақтарға қатыспайтын болады. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы екінші Уағдаласушы Тарапқа қарсы бағытталған қандай да бір іс-қимылдарға қатысудан немесе осындай іс-қимылдарды қолдаудан қалыс қалады және оның аумағын осы екінші Уағдаласушы Тарапқа қарсы агрессияны немесе өзге де дұшпандық іс-қимылдарды дайындау немесе жүзеге асыру мақсатында пайдалануға жол бермейді.

Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы үшінші мемлекеттер мен екінші Уағдаласушы Тарап арасында қарулы қақтығыстар туындаған кезде осы мемлекеттерге көмек көрсетпейтін болады".

Бұл бап Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы сияқты блоктардан басқа, әсіресе, батысшыл ұйымдарға мүше болу мүмкіндігін құжат жүзінде нөлге теңестіреді. Қ. Тоқаев кезінде елеусіз қалған ескі шартты кешегі сұхбатында арнайы атағанда "қаңтар қырғыны кезінде неге тікелей НАТО-дан немесе Түркиядан көмек сұрамадық" деп даурыққандарға жауап айтқысы келген болуы мүмкін.

9-бап

"Уағдаласушы Тараптар өз аумақтарында тұратын аз ұлттар мен этникалық топтардың этникалық, тілдік, мәдени және діни ерекшелігін қорғауды қамтамасыз етеді. Осы ерекшелікті сақтау және дамыту, осы адамдардың мәдени, әлеуметтік және экономикалық өмірге, сондай-ақ Уағдаласушы Тараптардың заңнамасына сәйкес мемлекеттік істерге тиімді қатысуы үшін жағдайлар жасайды.

Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы өз аумағында екінші Уағдаласушы Тараптың диаспоралары арасында мәдени-ағартушылық және ақпараттық жұмысты жүзеге асыратын сол Тараптың ақпараттық-мәдени орталықтарының қызметін қолдайды. Олар орналасқан мемлекеттің заңнамасында белгіленген талаптар шеңберінде көрсетілген диаспоралардың бірлестіктерімен байланыс жасайды".

Бұл баптан Қазақстан халқы ассамблеясын бүгін таратып жіберген күннің өзінде орыс тілді отандастарымыздың оқшауланғыш ортасын қазаққа қарай бұрғызу бағытындағы маневрлердің аясы тым тар екенін түсінуге болады.

11-бап

"Уағдаласушы Тараптар өндірістік және ғылыми-техникалық кооперацияны, барлық меншік нысандарының шаруашылық жүргізуші субъектілері арасындағы тікелей байланысты сапалы жаңа деңгейге шығару, Уағдаласушы Тараптардың өңірлері деңгейінде өзара іс-қимыл жасау мақсатында сауда-экономикалық, инвестициялық және ғылыми-техникалық салалардағы өзара тиімді интеграциялық ынтымақтастықты кеңейтеді. Уағдаласушы Тараптар көрсетілген салаларда өз заңнамасын үйлестіру бойынша шаралар қабылдайды".

Осымен үндес тағы бір бап бар.

23-бап

"Уағдаласушы Тараптар ғылыми-зерттеу орталықтары мен жобалау-конструкторлық мекемелері арасындағы тікелей байланыстарды көтермелей отырып, білім, ғылым және техника саласындағы ынтымақтастықты дамытады, оның ішінде нанотехнологиялар, наноөнімдер және басқа да инновациялық технологиялар саласындағы бірлескен бағдарламалар мен әзірлемелерді жүзеге асыруға, Уағдаласушы Тараптардың білім беру мекемелері арасындағы ынтымақтастыққа, оның ішінде бірлескен оқыту бағдармаларын әзірлеу мақсатында барынша жәрдемдеседі.

Уағдаласушы Тараптар кадрлар даярлау, ғалымдар, мамандар және студенттер алмасу саласында білім, ғылыми дәрежелер мен атақтар туралы құжаттарды өзара тануда бірлесіп іс-қимыл жасайды және қолайлы жағдайлар туғызады".

"Сбердің" айналасындағы шу мен "Болашақ" бағдарламасының беталысын Батыстан Солтүстікке бұру мәселесінің қызу талқыға түсуіне осы баптың орындалмай жатқаны туралы Ресейдің ескертуі әсер етуі де ықтимал. Яғни, "Болашақ" бағдарламасы 30 жылда ел дамуына күткендей серпін бере алмағандықтан емес, Ресейдің талабы қатайғандықтан трансформацияланып жатуы ғажап емес.

13-бап

"Уағдаласушы Тараптар электр энергетикасы саласындағы өзара тиімді ұзақ мерзімді ынтымақтастықты жүзеге асырады".

Бұл бапты оқыған бойда ойыңызға атом электр стансасын салу мәселесі түскен шығар. Назарбаев кезеңі қазіргі Қазақстанға олигархаттық жүйемен бірге егемендікті шектеуге негіз болатын осындай мәлім де беймәлім уағдаларды қалдырды. Энергетика дегеннен шығады, қаңтар қырғынының алдында Маңғыстау халқы сұйытылған газдың бағасы күрт қымбаттағанына наразы болып алаңға шыққан еді. Кейін баға 6 айлық бақылауға алынып, осы нарықта монополия орнатқан компания басшылары мен ортанқол шенеуніктер жазаға тартылғаны хабарланды. Жекелеген газды алып сатушылар мен монполистер ашкөздікке салынып баға картеліне жол бергені ресми мәлімделді. Бірақ осы тұста газ бағасының бірнеше күнде еселеп өсуіне Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы бірыңғай электрондық сауда алаңын құру бастамасы жол ашқаны тасада қалды.

2025 жылға дейін мұнай, металл, газ, электр қуаты, көмір мен тасымал қызметі сияқты "жетекші қуат көздері" ЕАЭО аясында бірыңғай электрондық сауда алаңында сатыла бастайды. Сұйытылған газ бағасын электрондық сауда алаңына шығару идеясы сол ұзақ мерзімді келісімнің бір парасы ғана болатын. Мұның бәрі Қазақстанның ішкі нарығындағы бағаны Ресейдегі бағамен теңестіруге бағытталған шара деп бағалаушылар көп.

15-бап

"Уағдаласушы Тараптар экономикалық байланыстарды нығайту, қолайлы инвестициялық және сауда жағдайларын жасау, ядролық отын циклі саласында ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік құру, атом энергетикасының объектілерін салу және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында тұрақты интеграциялық байланыстарды қалыптастыру үшін жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсету, әлемдік нарықта жаһандық өсу мен жетекшілік жағдайларды қамтамасыз ету және осындай ынтымақтастықты ядролық қаруды таратпау саласындағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының халықаралық міндеттемелеріне толықтай сәйкес сапасы жағынан жаңа деңгейге көшіру арқылы атом энергетикасы саласында өзара тиімді ынтымақтастықты дамытады".

Бұл бапта атом энергетикасының объектілерін салу бағытында тұрақты интеграциялық байланыстардың нығаятыны айтылған. Демек Қазақстанда АЭС салу мәселесі Қ. Тоқаевтың 2060 жылға дейін көмірсутек бейтараптығына қол жеткізу туралы уағдасынан немесе майнинг фермалардың кесірінен жиі "туындап жатқан" ақаулардан әлдеқашан бұрын шешіліп қойған деуге болады. Бұл істе технологиялық шешімі Ресейдікінен әлдеқайда заманауи, ниет-мүддесі әлдеқайда айқын АҚШ, Франция, Жапония, Канада сияқты елдердің әлеуетін пайдалануға "Жаңа Қазақстанды" құрушылардың қаншалықты икемді екенін уақыт көрсетеді.

Аңдап қараған адамға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаңтар қырғынынан кейін Ресейдің техникалық жоғары оқу орындарының әлеуеті туралы, кешегі сұхбатындағы Батыстағы "диплом сату үрдісі" жайында айтқандары 2020 жылдың мамыр айында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында сөйлеген сөздеріне қайшы екені көрініп тұр.

Сол жиында ол ЕАЭО аясында интеграциялық дамудың 2025 жылға дейінгі стратегиясында білім беру, медицина, мәдениет саласындағы ынтымақтастық бастамаларды сынға алып, интеграцияның бағытын айқындауда келісіп пішетін тонды сырттан піше салуды қою керектігін баса айтқан еді. https://inbusiness.kz/kz/news/eaeo-nyn-zhana-strategiyasy-latyn-alipbiine-koshuimizdi-tezheui-mumkin

Кейін Қазақстанның ақпарат алаңында ЕАЭО-ның интеграциялық даму стратегиясында Қ. Тоқаев қарсы болған мәселелер қайта қаралатын болғаны туралы мәліметтер таратылды.

Кешегі сұхбат туралы сыни пікірлерден Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге жасайтын сапары туралы месседжі назардан тыс қалып бара жатқанын көріп отырмыз.

"Мен ақпанның ортасына қарай Ресей Президентінің шақыруымен Мәскеуге сапармен барамын және біз елдеріміздің арасындағы ұзақ мерзімді әріптестік туралы өте маңызды құжаттарға қол қоямыз", – деді ол.

Президенттің "маңызды құжаттарға қол қоямыз" деп отырғаны бүгінге дейін түрлі желеумен, саяси маневрмен іркіліп келген келісімдердің Ресейдің пайдасына шешілетінін меңзеуі мүмкін. Сбер, АЭС салу мәселесі бойынша да осы ақпан айындағы Мәскеу сапарында нақты пайым айтылуы ықтимал.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу