banner

Токио Олимпиадасы: Күншығыс елінде күміс те бұйырмады

1827

Сонымен күншығыс елінде XXXII Жазғы Олимпиада ойындары өз мәресіне жетті. Қазақстан тәуелсіздік алғалы тұңғыш рет бұл ойындардан "алтынсыз" оралды, деп хабарлайды inbusiness.kz

Токио Олимпиадасы: Күншығыс елінде күміс те бұйырмады Фото: sputniknews.kz

Жалпы Токиодағы Олимпиада ойындары 2020 жылы өтуі керек еді. Коронавирус пандемиясына байланысты ойындар осы жылға шегеріліп, оған 206 елден 11 мың спортшы қатысты. Олар спорттың 41 түрінен марапаттың 339 комплектісіне үмітті ретінде бағын сынап бақты. Әлбетте, пандемияға байланысты Ойындардың ашылу салтанаты, сондай-ақ жабылу салтанаты көрермен мен жанкүйерсіз өткенін атап өту керек. 2021 жылдың 20 наурызында шетелдік жанкүйерлер Токиодағы Олимпиада және Паралимпиада ойындарына қатыса алмайтыны жарияланған. Ал алдын ала сатылып алынған билеттердің ақшасы сол кезде бірден қайтарылды. Токиодағы Олимпиадаға жергілікті жанкүйерлер де қатыса алған жоқ. Олимпиданың ашылу салтанатына тек 950 VIP-тұлға, оның ішінде әлемнің 15 мемлекетінің және халықаралық ұйымының басшысы қатысты.

Ал Олимпиада ойындарынан ерте шығып қалған спортшылар жабылу салтанатын күтпей, Отанына ұшып кеткен. Сол себепті атлеттердің дәстүрлі ақтық шеруі мемлекеттердің туларының шеруіне ұқсап кетті. Қазақстанның Туын бокстан қола жүлде иеленген Қамшыбек Қоңқабаев алып жүрді.

Өкінішке қарай, Токио Олимпиадасы Қазақстан тәуелсіз ел атанған 30 жыл ішіндегі ең сәтсіз ойындарға айналды. Ұлттық құрама 8 бірдей қола медальмен Олимпиададағы антирекордты көрсетті. Бұдан бұрын Қазақстанның ұлттық құрамасы Жазғы ойындарда ең төмен дегенде 40-шы орыннан көрінген. Яғни Токиоға дейін Афинада өткен Олимпиаданы да қазақстандық атлеттер бар-жоғы 8 медальмен түйіндеген еді. Алайда ол тұста сегіз медальдың 1-і алтын, ал төртеуі күміс болған.

Қазақстан тарихындағы ең табысты Олимпиада Сиднейде және Риода өтті. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан ол тұстарда 22-орынға көтерілген. Бұл ретте Сиднейде жалпы ұтып алған медальдардың саны Токиодан да аз еді. Бар-жоғы – жеті медаль. Алайда ол медальдар құндырақ болатын. Үш алтын, төрт күміс медальмен Қазақстан өз тарихындағы ең жоғары көрсеткішке жеткен.  Ал 2016 жылы атлеттеріміз медальдардың жалпы саны жағынан 18-ін иеленіп  рекорд орнатты. Ол тұста та Қазақстанға үш алтын медаль бұйырды.

Басқасы басқа, жанкүйерлер боксқа келгенде Қазақстанның қоржынында кем дегенде бір алтын медаль болатынына сенімді еді. Шаршы алаңдағы шайқас Қазақстанның оң жамбасына келетін спорт түрі. Бұған дейінгі Олимпиадаларда иеленген 69 медальдың 22-ін дәл осы боксшыларымыз сыйлаған. Жеті бірдей алтын медальды ел қоржынына әкелген де осы спортшылар. Токиоға Қазақстаннан 8 ер, 1 әйел аттанғанымен, олардың тек екеуі ғана – Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) пен Сәкен Бибосынов (52 келіге дейінгі салмақта) жартылай финалға жолдама алды. Өкініштісі, екеуі де жарыс жолын айқастың осы кезеңінде аяқтап, ел қоржынына қос қола медаль салды.

Медаль әкеледі-ау деген тағы екі спорттың түрі күрес пен ауыр атлетика болатын. Күрестің түр-түрінен Қазақстан бұған дейін 1 алтын, 5 күміс, 11 қола медаль әкелген. Бірақ бұл жолы дзюдодан Елдос Сметов пен еркін күрестен Нұрислам Санаев қана қола медаль еншіледі. Сол секілді Қазақстанның ауыр атлеттері де 15 рет олимпиада жүлдегері атанған. Осы жолы допинг дауына байланысты Қазақстан тек екі спортшысын Олимпиадаға қатыстыру мүмкіндігін алды. Осы ретте Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанло қола медальдан алып, үмітті ақтағандай болды.

Токио Олимпиадасы үш қарғып секіруден Ольга Рыпакованың бағын жандыра алған жоқ. Бұған дейін Олимпиаданың алтынын, күмісін, қоласын да алған Ольга (2008, 2012, 2016) жүлдесіз оралды. Әйтсе де, каратэден Қазақстанның екі спортшысының (Дархан Асаділ мен София Берульцева) қола медалі жанкүйерді едәуір қуантып тастағаны анық. Бұл ретте каратэдан сайыс Олимпиада ойындарында тұңғыш рет өткізілгенін атап өту керек.

Қазір Токио Олимпидасының қорытындысы халық тарапынан әртүрлі әңгімеге арқау болып жатыр. Біреулер елдегі жемқорлықтың, "аға-көкеліктің" салдары осындай құрдымға әкелді десе, екінші біреулер сәтсіздікті діни фанатизмнен көреді. "Спортшыларда рух жоқ", – дейді кейбірі. Қалай дегенмен, Токио Олимпиадасы Қазақстанның бұған дейінгі тарихындағы ең сәтсіз ойындар ретінде есте қалары анық. "Алтын түгілі күміске зар еткен күншығыс елінде қазақ спортының күні сөнді", – дейді скептиктер. Ал оған дау айтушылар қоланың өзін қанағат тұтып отыр. Медаль иеленген 86 мемлекеттің ішінде 83-орын алу – Орталық Азияның барысы атанғысы келетін Қазақстанның репутациясына бұрын соңды болмаған соққы жасап отыр.

Жанкүйерлердің көбі алтын медальге ең жақын спортшы болған боксшы Сәкен Бибосыновтан Токио "жеңісін ұрлап алғанын" айтып жүр. Марокколық төрешінің Сәкенге аз ұпай беруіне ызалы көпшілік. Әйтсе де бұл ашу-ыза да, бапкер Мырзағали Айтжановтың кездесуден кейін шаршы алаңда Сәкеннің қолын көтеруі де – мәселені енді шеше алмайды. Бұған дейін айтылып жүргендей, бокста шаршы алаңдағы күрес бар да, шаршы алаңнан тыс күрес бар. Бұл пайымға сенсек, Токио шаршы алаңнан тыс күресте "біздің ойыншылардың" сөзі өтімді болмай тұрғанын көрсетті...

2024 жылы Жазғы Олимпиада ойындары Парижде өтеді. Елдегі басқа саладағыдай, спортқа да үлкен реформалардың керектігі білініп қалды.

Аян Бекенұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу