Тоқсаныншы жылдардағы ата-ана мен қазіргілердің арасы жер мен көктей – Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы

2518

Астананың Райымбек батыр атындағы №50 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Айгүл Ержанова "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" атағына ие болды.

Тоқсаныншы жылдардағы ата-ана мен қазіргілердің арасы жер мен көктей – Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Фото: Айгүл Ержанованың жеке мұрағатынан

Тәжірибелі маман Inbusiness.kz тілшісіне берген сұхбатында бұл атақты жеткіншек буынды кітап оқуға баулып, ойын арқылы білім беру тәсілін шебер меңгергені үшін алдым деп ойлайтынын айтты. 

Бұл мектепте ұстаздық еткеніне 10 жыл болыпты. Оған дейін Жамбыл облысында сабақ берген екен. Жалпы мұғалім ретіндегі еңбек өтілі 27 жылдан астам. 

"Мұғалімдікті таңдауымның себебі  тереңде жатыр. Анам он құрсақ көтерген. Мен тұңғышымын. Анамның қолы босамады да, іні-қарындастарымның күтімі, сабағы түгел менің мойнымда қалатын. Ізімдегілерге сабағын оқыта отырып мұғалімдікке бейімделе бердім. Бастауыш сыныбының мұғалімі боламын деп армандауыма сол бауырларымның алдындағы жауапкершілігім себеп болды", - дейді ол.

Қазір әріптестері оның тәсілдерін өз жұмыстарына пайдаланып, тиімділігіне көз жеткізіп жүрген көрінеді.

"Мен балаларды ойын арқылы оқытуға көп көңіл бөлемін. Әр тақырыпқа байланысты түрлі әдістер ойлап тауып отырамын. Мысалы, тасымал мен буынды айыру үшін "жолайрық" деген ойынды ойлап таптым. Астанадағы балалардың көбі тілі қосар болып шыққан. Буын мен тасымалды бір айтқаннан түсініп кете алмайды. Тасымалданатын сөзді "жолайрықтан" екіге бөлу арқылы сауатты жазуға машықтандырам. Оны қазір орыс тілі мен ағылшын тілінен сабақ беретін әріптестерім өз тәжірибесіне пайдаланып жүр. Жалпы бұдан басқа тәжірибемді де таратып, материалдарымды жинақтап, баспадан шығарып отырамын", - дейді білікті ұстаз.

Айтуынша, қазіргі балалардың сүйіп оқитыны Ыбырай Алтынсарин жазып қалдырған ертегілер мен Ахмет Байтұрсынұлының мысалдары екен. 

"Балаға кітапты күштеп емес, қызықтырып оқыту керек. Оқушыларым тоқсан арасында демалысқа кеткенде қолдарына кітап ұстатып жіберем. Соны оқып келеді. Қазір бастауыш сыныптың баласы қабылдауға жарамды тілі жеңіл көркем кітап аз. Сондықтан өзім оқушыларыма лайық деген шығармаларды тауып, брошюра сияқты етіп, өзім кітап құрастырам. Ол кітапқа түрлі суреттер мен иллюстрация ойлап тауып, безендіремін. Сонда баланың кітапқа деген ықыласы ауады", - дейді Айгүл Ержанова.

Тоқсаныншы жылдары еңбекке араласқан маман ұстаздар қауымының тұрмысы тіктелгеніне көп болмағанын айтады.

"Мен 1996 жылы еңбекке араласқанда жоқшылық қазақтың арқасына аяздай батып тұрған еді. Бозжігіт деген бір ағамыз жолдамамен шалғай ауылға  барғалы тұрған жерімнен өз ауылына ертіп апарды. Сол жерде сыныптан көшпей қалған балаларға сабақ бердім. Бірінші жылы-ақ солардың бәріне бастауышты тәмамдатып, үлкен сыныпқа жолдама алып бердім. Осылай өмір өтіп жатты. Мұғалім тұрмыс қамын жұмыс қамынан кейін ойлайтын заманға жеткені кейінгі 4-5 жыл ғана шығар", - дейді ол.

Сол тоқсаныншы жылдары бала тәрбиесінде, білім беру жүйесінде кеткен қателіктер қазір ұстаздар қауымының алдынан жаңа проблема болып шығып жатқанын да айтты.

"Бастауыш сыныпқа сабақ бергендіктен, мен үнемі жас отбасылармен жұмыс істеймін. Тоқсаныншы жылдардағы ата-аналармен қазіргі ата-аналардың арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Қазіргі ата-ана баласымен бірге сабақ оқып отырады. Бір жағынан интернеттің құдыреті шығар. Кері байланыс тығыз қазір. Ал тоқсаныншы жылдары ата-аналардың баласымен сабақты бірге оқуы мүмкін емес еді. Оны қойып баласын көршіге, ата-әжесіне немесе үйдегі ересектерге тапсырып кететін. Содан да шығар ол замандағы балалар махаббатқа зәру болып өсті. Сол балалар қазір ата-ана ғой. Сонда кеткен кемшіліктер қазір сыртқа шығып жатыр. Бала күнінде ата-анадан не демеу, не мадақ алған жоқ. Сол кегін қазір мұғалімдерден алғысы келеді. Балам мен сияқты мұғаліммен жеке қалып кетпесе екен деп ойлай ма, ұстаз бен шәкірт арасына көп түседі. Тым артық қорғаштау дұрыс емес. Ата-аналарға соны түсіндіріп бағамыз", - дейді Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу