Топырақсыз жем-шөп өсіреді

Бек Темір Бек Темір
5853

Павлодарда "Ертіс" шаруа қожалығы былтырдан бері ірі қара малға арналған жем-шөптік азықты топырақсыз өсіру технологиясымен өндіруде.

Топырақсыз жем-шөп өсіреді

Павлодар ауданы Ольгинка ауылында шаруасын дөңгелетіп отырған "Ертіс" шаруа қожалығы сүт және ет өндіру кәсібін мықтап қолға алған. Әрине, мал өсіргеннен кейін бірінші кезекте оның жем-шөбі сапалы да уақытылы дайындалуы шарт. Қазақта "сиырдың сүті тілінде" деген де сөз бар. Күйісі қою сиырдың желіні де жер сызатыны белгілі. Жылдық азықты көктемнен бастап күзге дейін дайындап, оны сақтау да машақатты шаруа. Сол себепті де шаруашылық басшылығы бұл мәселенің күрмеуін шешу мақсатында гидропоника цехын іске қосқан.  Оны жақында аймақ басшысы Болат Бақауов та өз көзімен көріп, жоғары бағасын берді. "Ертіс" шаруа қожалығының басшысы Ермек Сүбековтің сөзіне қарағанда, гидропоника жем-шөптік азықты топырақсыз өсіру әдісі. Яғни өсімдіктердің тамырланып өсуіне қажетті барлық табиғи қажетті элементтер арнайы қоректік ертінділер арқылы алынады. Бұл әдісті қолдану арқылы сүтті бағыттағы ірі қара малды барлық дәрумендері сақталған табиғи азықпен жемдеуге мүмкіндік туындап отыр.

Гидропоника цехы жобасының құны – 36 млн теңге. Былтыр қыркүйек айында іске қосылған цехтың қызығын қазір сиырлар көруде. Себебі оның өндірістік қуаттылығы күніне 1,8 тонна жем-шөп дайындауға қауқарлы екен. Күн сайын бұл шаруашылықта 300 келіге дейін арпаның тұқымынан екі тоннаға жуық өнім алады. Әрине, өнімділік бірінші кезекте тұқымның сұрпына байланысты. Шаруашылық ірі қараға ең қажетті жем болып табылатын арпаның тұқымын өсірумен айналысуда. Өткен қыркүйектен бері 432 тонна жасыл жем-шөп дайындалған. Ол үшін арнайы технология бойынша жұмыс істейтін үш адам еңбекке тартылған. Ең бастысы, жаңа технологияны іске қосқаннан бері сүттің майлылығы сегіз пайызды құрап, әр сиырдан сауылатын сүт мөлшері тәулігіне екі литрге көбейген. Сондай-ақ, тайынша-бұзаулар бұрынғыға қарағанда тез семіріп, төл өлімі азайған екен. Себебі күн сайын өсірілетін өнімнің құрамында қажетті дәрумендер мен биологиялық белсенді заттар жеткілікті. Гидропониканың шығыны көп болғанымен, одан келер пайда телегей. Жыл он екі ай бойы қолдағы малға күн сайын қорек дайындау мүмкіндігі бар. Егер арпаны көктемде егіп, оны ала жаздай қорып-бағып, күтіп-баптап, күзде орып, қыс бойы сақтап келсе, гидропоника әдісі арқылы арпаның тамырланған жасыл өнімін екі апта ішінде алуға болады. Барлық артықшылық осында болып отыр. Алақұйын қыста да бұл тоқтаусыз жұмыс істей береді. Сол секілді  ол түліктің асқазанында да жедел қорытылып, сіңетін көрінеді. 

"Ертіс" шаруа қожалығы мал өсіру кәсібін заман ағымына сай соны технологиялар бойынша дөңгелетуді қолға алған. Мәселен, былтыр кәсіпорын асыл тұқымды ірі қара сатып алуға және селекция жұмыстарына, сол секілді өсімдік шаруашылығына  жалпы сомасы 63 млн теңгеден астам субсидия алған. Бүгінгі таңда қора-жайында екі мыңнан астам ірі қара мал болса, соның 1340 сауынды сиыр. Қамбар ата түлігін де тұяқтандырған. Ағымдағы жылы 902,8 тонна сүт өндірген. Мұның барлығы малды асылдандыру және гидропоника цехының жұмыс істеуімен тығыз байланысты болып отыр. 

Бек Темір 

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться