4 Олимпиадаға қатысқан шорт-трекші Абзал Әжіғалиев спорттық мансабын аяқтады

119

Ол Әлем кубогінде тарихи алтын жеңіп алған.  

4 Олимпиадаға қатысқан шорт-трекші Абзал Әжіғалиев спорттық мансабын аяқтады Фото: olympic.kz

Қазақстан шорт-трек құрамасының көшбасшыларының бірі Абзал Әжіғалиев кәсіби спорттық мансабын аяқтайтынын мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты ҰОК-ке сілтеме жасап.

Спортшы бұл шешімін әлеуметтік желіде жариялады. Ол үндеуінде шорт-тректегі көпжылдық жолын қорытындылап, қолдау көрсеткен барша жанға алғыс айтты. Сондай-ақ алдағы уақытта Қазақстан спортының дамуына жаңа қырынан үлес қосуға ниетті екенін жеткізді.

"Құрметті жанкүйерлер! Өмірімде болып жатқан маңызды өзгерістер туралы сіздерге айтуды жөн көрдім. Шорт-трекпен 24 жыл бұрын таныстым. Сол күннен бастап бұл спорт түрі өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды. Ал 2009 жылдан бері Қазақстан ұлттық құрамасының сапында ел намысын қорғау мәртебесіне ие болдым. Осы жылдар ішінде Қазақстан чемпионатында барлық қашықтық бойынша чемпион атандым, еліміздің тарихындағы Әлем кубогының алғашқы алтын медалін жеңіп алдым, халықаралық жарыстарда бірнеше рет жүлдеге қол жеткіздім.

Төрт Олимпиада ойындарына қатысып, екі рет Олимпиада аренасында еліміздің туын алып шығу құрметіне иелендім. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Спорт маған тек жарысуды үйретіп қана қойған жоқ, мінезімді шыңдап, тәртіпке, төзімділікке және Отан алдындағы жауапкершілікке баулыды. Осы жолда әрбір жарыста Қазақстанды лайықты таныстыру үшін бар күшімді салуға тырыстым", – деп жазды спортшы. 

Абзал Әжіғалиев биыл кәсіби спортшы ретіндегі мансабын аяқтау туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.

"Әр спортшының өмірінде жаңа кезеңге қадам басатын сәт келеді. Мен үшін бұл кезең қазір басталды. Осы жылдардың әрбір сәтіне ризамын. Өткен жолыма көз жүгірткенде өкініш емес, шексіз алғыс пен мақтаныш сезімін сезінемін. Енді осы жолды жаңа қырынан жалғастыратын уақыт келді.

Келесі мақсатым – осы жылдар ішінде жинаған тәжірибем мен білімімді Қазақстан спортының дамуына бағыттау. Ұлттық құраманың жанында болып, жас спортшыларға көмектесу, тәжірибеммен бөлісу және қазақстандық шорт-тректің болашағы үшін еңбек етуді азаматтық әрі спорттық борышым деп санаймын", – деп жазды спортшы.

Абзал Әжіғалиев отбасына, бапкерлеріне, командадағы әріптестеріне, дәрігерлерге, мамандарға және өзімен бірге еңбек етіп, қолдау көрсеткен барша жанға алғыс білдірді.

"Жеңістің қуанышы мен жеңілістің ащы сәттерін менімен бірге бөліскен әрбір жанкүйерге рақмет. Сіздердің сенімдеріңіз бен қолдауларыңыз маған әрдайым ерекше күш берді. Алдағы уақытта да құрамамызды қолдап, шорт-тректі ұмытпауларыңызды сұраймын. Менің спорттағы миссиям аяқталған жоқ. Енді ол жаңа деңгейде жалғасады", – деп жазды Абзал Әжіғалиев.

Абзалдың Олимпиададағы жолы Сочи ойындарынан басталды. 2014 жылы ол бесінші орын алды. 2018 жылы алтыншы орынға тұрақтаса, 2022 жылы Бейжің Олимпиадасында 500 метр қашықтықта төртінші нәтиже көрсетіп, жүлдеге бір қадам жетпей қалды. Биыл Италияда өткен Олимпиада ойындарында ширек финалға дейін жетті.

Ол Азия ойындарының бірнеше дүркін жүлдегері. 2025 жылы Азия ойындарында ерлер эстафетасында алтын медаль жеңіп алды. Ал 2016 жылы 500 метр қашықтықта Әлем кубогының кезеңінде топ жарды.

Абзал Әжіғалиев – шорт-тректен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Сондай-ақ ол Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында екі рет – 2018 және 2022 жылдары Қазақстан құрамасының ту ұстаушысы болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу