"Төртінші мұнай өңдеу зауыты әзірше салынбайды"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
13590

Қазақстан 2019 жылғы ақпаннан бастап Қырғызстанға бензин экспорттайды.

"Төртінші мұнай өңдеу зауыты әзірше салынбайды" Фото: ortcom.kz

Төртінші мұнай өңдеу зауыты әзірше салынбайды. Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, бұл туралы сөз қозғауға әлі ерте. Өйткені, "ҚазМұнайГаз" әлемдік екі ірі компанияны тартып отыр. Оның үстіне отандық мұнай өңдеу зауыттарындағы модернизациядан кейін елімізде 2026-2027 жылдарға жетерлік мол қор қалыптасқан.

"Егер біз қоғамдық көліктерді, көліктің басқа да түрлерін газға ауыстыратын болсақ, 400-500 мың тонна дизель отынын үнемдейміз. Демек, 2030 жылға дейін ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін жаңа қуаттылықтың қажеті жоқ деген сөз", – деді Қанат Бозымбаев министрліктің 2018 жылға арналған қорытынды жиынында.

Министрдің айтуынша, төртінші зауытқа деген қажеттілік ел экономикасының өсу қарқынына байланысты болмақ.

"Сондықтан біз тұтыну деңгейін мұқият қадағалайтын боламыз. Егер ішкі нарық мұнай өнімдерінің негізгі түрлерін 10,5 млн тоннаға дейін тұтынатын болса, онда жаңа зауыттың құрылысы туралы шешім қабылдау қажеттігі туындайды. Өйткені, жағдай дәл осылай жалғасса, бұл мәселемен кем дегенде бес жылдан кейін бетпе-бет келеміз. Ал әзірше үкімет төртінші мұнай өңдеу зауытының құрылысы туралы шешім қабылдамақ емес", – деп толықтырды энергетика министрі.

Бұған дейін ел ішінде жеке инвесторлар Шымкент пен Қарағандыда мұнай өңдеу зауыттарын ашады деген әңгіме тарап еді. Қанат Бозымбаев бұған қатысты да пікірін білдірді.

"Естуімше, Қарағанды облысында кішігірім мұнай өңдеу зауыты салынады деп жоспарлануда. Түркістан облысында да жеке инвестор химиялық кластерді дамытпақ екен. Маған олардың зауытты қандай шикізатпен қамтамасыз ететіні белгісіз. Ал Қызылорда облысындағы мұнай өндірісі бірнеше жылдан соң сарқылып, Шымкенттегі зауытты ғана қамтамасыз етуге жететін болады. Меніңше, олар жұртшылықтың назарын аудару үшін осылай жасап отыр. Әйтпесе, мұның бәрі қағаз күйіндегі жобалар ғана. Сондықтан бұл туралы айтуға әлі ертерек", – дейді Қанат Бозымбаев.

Министрдің сөзінше, Қазақстан 2019 жылдың ақпанында Қырғызстанға бензин экспорттай бастайды.

"Бір апта бұрын Қырғызстан тарапынан жауап келді. Осы аптада немесе қаңтардың бірінші он күндігінде тиісті органдардың келісімін аламыз. Бұл мәселе бойынша менің орынбасарым Қырғызстанға арнайы баратын болады. Келісімшартқа қол қойылса, ақпан айынан бензин экспорттай бастаймыз", – деді министр.

Бұдан бөлек, Қанат Бозымбаев бензин экспорттау бойынша Армения және Беларусь елдерімен келіссөздер жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Атап өтерлігі, аталған екі мемлекеттің өзі осыған мүдделі болып отыр. Қазір бұл мәселе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдермен талқылап жатқан көрінеді.

"Осыдан екі ай бұрын Ресей энергетика министрлігімен арнайы келісімшартты бекіттік. Егер аталған құжатты қаңтар-ақпан айларында ратификациялап үлгерсек, онда наурыз айынан бастап одаққа мүше емес Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан секілді мемлекеттерге де өнім экспорттауға мүмкіндік туады. Жалпы, бұл мәселені алдағы бір-екі айдың ішінде толықтай шешетін боламыз", – дейді Қанат Бозымбаев.

Еске сала кетейік, бүгін энергетика министрі Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізіп, жылды қорытындылады. Қанат Бозымбаевтың сөзінше, 2018 жыл министрлік үшін сәтті әрі табысты жыл болған.

Министрдің дерегінше, жыл қорытындысы бойынша мұнай өндірісі 90,3 млн тоннаны, ал мұнай экспорты 71,5 млн тоннаны құрамақ. Мұнайды қайта өңдеу көлемі 16,1 млн тоннаға жетсе, газ өндірісі 54,8 млрд текше метрге тең болмақ.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу