Тосын оқиға: Қазақстанда оқушылар қолына жаппай пышақ алды

10101

Сабақтар бала өмірі үшін қауіпті болып барады.

Тосын оқиға: Қазақстанда оқушылар қолына жаппай пышақ алды

Таяуда елімізде тосын оқиға болды. Барлық өңірде қашықтан білім алып жатқан бастауыш сынып оқушыларына өткір пышақпен жұмыс істеуге тапсырма берілген. Бірақ әрине, бұл "Синий кит", "Тихий дом", "Разбуди меня в 4:20", "Млечный путь", "F57" секілді балақайларды суицидке итермелейтін қауіпті ойындардың тірлігі емес.

Бұл – Білім және ғылым министрлігі бекіткен, оқу бағдарламасына сай барлық мектеп қолданатын оқу бағдарламасының талабы екен.

Мәселенің мәнісі мынада: педагогтер еңбек пәнінен бастауыш сынып шәкірттеріне картоптан әртүрлі пішіндерді қиюды жүктепті. Ата-анасы қашықтан қызмет атқаруға көшкен, яғни балаға көмектесуге мүмкіндігі бар отбасыларда бұл тапсырма ересектердің жүйкесін құртқаннан басқа нұқсан келтірмеді. Алайда көптеген үйде балалар жалғыз, тиісінше үй жаттығуын өзі жасап, смартфонмен түсіріп, өз бетінше жолдайды.

"Балам 2-сыныпта, екінші тоқсан қатарынан қашықтан оқып жатыр. Жасы небары 7-де. Ересек өмірге әзірге бейімделмеген. Енді соған "Көркем еңбек" пәнінен оқу бағдарламасы бойынша келеңсіз тапсырма беріпті: одан шикі картоптан ойып, балық мүсіншесін жасауды талап еткен. Мұғалімнің осы тапсырмасын орындау кезінде балам қолын пышақпен кесіп алыпты. Мен отбасымды асырау үшін үнемі жұмыстамын. Оның сабағын қалай орындап жатқанын тұрақты түрде бақылап отыра алмаймын. Мұнысы енді масқара ғой", – дейді ана Светлана Ситникова.

Оны оқушылардың көбі қашықтан оқуға көшкен кезде мектептің ұстаз не ересектің бақылауынсыз бала қауіпсіз орындай алмайтын тапсырма беретіні ашынтады.

"Бала өз бетінше орындай алмайтын тапсырманы неге ойлап табады екен?! Сонда Қазақстандағы барлық еңбекке қабілетті адамдар баласымен бірге үйінде отырып, күн сайын үй жаттығуын орындаумен шұғылдануы керек пе? Мұндай міндетті орындау жеті жасар баланың қолынан қалай келсін. Тіпті картоп арши алмай, қолын тіліп алатын ересектер жетерлік. Осылай зардап шеккен жалғы менің балам ғана емес. Біздің сыныптағы барлық ата-ана көркем еңбек бойынша берілетін үй тапсырмасын баламен бірге отырып орындауға мәжбүр екенін айтады. Өйткені оның талаптарын бастауыш сынып оқушылары жүзеге асыра алмайды", – дейді С.Ситникова.

Балық емес, бір былық...

Ата-аналар мектепке шағыммен жүгінген. Бірақ нәтиже шықпады: еңбек пәнін 1–3 сыныптарда класс жетекшілері өткізеді, ал олар балаларын пышақты қолдануға үйретпегені үшін ата-аналардың өзін кінәлаған.     

Светлана өз баласы үшін өткір емес арнайы пышақ сатып алып, онымен нанға май жағуға немесе ірімшік кесіп, бутерброд жасап жеуге үйретіпті. Дегенмен, баласы онымен шикі картопты тазалай алмаған соң, жүзі қылпылдаған өткір пышақты қолына алған.

Қарағандылық Назым Алпысбаева да таяуда, кешке жұмыстан оралғанда, сынып жетекшісінің еңбек пәнінен нендей тапсырма бергенін және ол неге соқтырғанын білгенде, зығырданы қайнады.

"Бастауыш сыныпта оқитын баламнан сілтемемен ресейлік веб-сайтқа өтіп, сондағы бейнероликте көрсетілгендей қорапша жасауды сұрапты. Ол сайтта қорапша жасау үшін қатырма қағаз бен суперклей керек депті. Балам қажетті заттарды үйден таба алмаған соң, шкафтан қосымша кілтті тауып алып, есікті ашып, көшеге шыққан. Дүкенге барып, желімді қарызға беруді өтінген, қатырма қағаз іздеп, қоқысты ақтарған. Келсем, кілт есік сыртында қалған, есік ашық жатыр. Әлгі видеода қатырма қағазды кеңсе пышағымен кес депті. Картон кесу бала түгіл, ересектерге де оңайға соқпайды. Сабақ емес, "Синий кит" қой мұнысы", – дейді ана.

Нұрсұлтандық С.Нұрбек баласының ұқсас тапсырма алғанын растады.

"Түнгі кезектен қажып келіп, тамақ ішпестен төсекке құлап, ұйықтап жатқанмын. Екінші сыныптағы балам таңертең жұлқылап оятады. Қолы қан-қан. Жылап тұр. Шошып кеттім. Басыма түрлі ой келді. Пышаққа жуытпайтынбыз. Интернеттен әлдебір қауіпті видеолардың бірін көріп, қайталады ма деп ойлағам. Сөйтсем, еңбек пәнінен үй жаттығуын орындапты. Оған сәйкес, картоптан балық мүсінін ойып, сонымен сурет салуға тиіс болған. Баланың жарасын өңдеп, қолын таңған соң, амалсыздан ұйқыны ұмытып, мектеп тапсырмасын өзіме жасауға тура келді. Күрделі тапсырма көрінді: алдымен картоп аршып, одан бірнеше балық пішінін кесіп алу керек. Содан соң оларды кезек-кезек бояуға малып, ақ параққа басу қажет. Сонда "әдемі сурет" шығуы керек болыпты", – дейді Сағит Нұрбек.

Ол да мұғалімге ренжулі: түнгі жұмыстан кейін тыныға алмағанына, әбден шаршап отырғанына қарамастан жасап шыққан "шедеврін" педагог лайықты бағаламапты: "Күнделік.kz"-ке "Данияр, мынауың балық емес, былыққа ұқсайды!" деп комментарий жазып қойыпты.

Министрдің реакциясы қандай?

Бүлдіршін шақтағы балалардың қолына жаппай пышақ алғаны туралы хабар білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке дейін жетті.

"2-ші сыныпта көркем еңбек пәні бойынша мұндай тапсырмалар қарастырылған. Бұл БҒМ-ның 2018 жылғы 31 қазандағы бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік жалпыға міндетті бастауыш білім беру стандарттарының талабы. Сабақ өткізу кезінде педагог "Көркем еңбек" пәні бойынша 1–4 сыныптарға арналған типтік оқу бағдарламасының тапсырмаларын басшылыққа алады. Бұл ретте "Көркем еңбек" пәнінің бағдарламалық тапсырмалары оқушыларда шығармашылық қызметтің әралуан түрінің дағды-машықтарын қалыптастыруға, көркем-эстетикалық талғамын, қиялын, қол моторикасын дамытуға және көзбен өлшеу қабілетін жетілдіруге бағытталған", – деп термеледі БҒМ басшысы.

Оның байламынша, қашықтан білім алу жағдайында аталған пәннің оқу мақсаттарына балалар ата-аналармен серіктестікте қол жеткізуі қажет. Яғни, ересектер қатыспай болмайды.

"Қауіпсіздік техникасын сақтау – пәннің негізгі міндеттерінің бірі. Қауіпсіздікті сақтау ережелерімен педагог оқушыларды оқу жылының басында таныстырады. Кейін әрбір сабақ барысында сол ережелерді қатаң сақтау қажеттілігіне балалардың назарын аударып отыруы шарт. Карантинге байланысты қашықтан оқыту жағдайында педагог тапсырма бермес бұрын, онлайн форматтағы оқыту ерекшеліктерін, оқушылардың жас және жеке бас ерекшеліктерін ескеруге міндетті. Мына оқиғаға байланысты ата-аналарға өз баласы оқитын мектептің басшылығына жүгінуге кеңес береміз", – деді өз блогында Асхат Аймағамбетов.   

Оның байламынша, балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін осындай жағдайлар қайталанбауы үшін ата-аналар өз мектебінің директорын құлағдар еткені жөн.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу