Тотализаторлар тұтас саланы күйретіп кетуі мүмкін

2661

Ойын бизнесіне тәуелділік аттарға қиын тиетін түрі бар.  

Тотализаторлар тұтас саланы күйретіп кетуі мүмкін

Мәселе ат спорты индустриясы және асыл тұқымды жылқы шаруашылығы жайында болып отыр. Аудан-қалаларда бәйге, аламан жарыс, көкпар тартыс ұйымдастырушылар тұлпарын қосатын қатысушылардан, командалардан жинайтын жарна сыртында тотализатор ұйымдастырып та табыс табатыны құпия емес.

Мұндайда делебесі қозып, көңіліне желік бітіп, қиқуға басатын жанкүйерлер өзі қалаған сәйгүліктен ақшасын аяп қалмайды. Кейбір тойда даладағы аламан кезінде ондаған миллион теңге бәс тігіледі. Енді оның бәріне жаппай тоқтау салынбақ, тосқауыл қойылмақ.

Себебі биылғы жылғы шілдеде ел Парламенті қолданыстағы "Ойын бизнесі туралы" заңға өзгерістер енгізетін жаңа заң жобасын қабылдады. Ол 2021 жылдың 1 қаңтарында күшіне енеді. Заңға сәйкес, біріншіден, "Жаңа жыл" мерекесіне дейін барлық букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар және олардың бәрінің кассалары "резервацияларға", яғни Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасының жағалауына және Ақмола облысындағы Щучинск-Бурабай курорттық аймағына жаппай көшуге тиіс. Басқа барлық елді мекенде, ауыл-аймақта олар тегіс жабылады. Егер жұмысын жалғастырса, "жасырын казиноға" теңестіріліп, қудаланады.

Екіншіден, бұларда клиенттер тек қана өмірде шынайы болатын спорттық оқиғалар мен жарыстарға бәс тіге алады.

Ойын саласы мамандарының болжамынша, бұдан букмекерлік кеңселердің мұрты да қисаймайды: олар ың-шыңсыз ғана бәсті онлайн қабылдауға ауыса салды. Ал тотализаторлар жайрап қалатын көрінеді.

Заңгер, ойын бизнесі мәселелері бойынша сарапшы Бақтияр Қойбақов мұндай талап ат спорты индустриясын және асыл тұқымды жылқы шаруашылығын жайпап кетуі мүмкін деген пікірде. Өйткені қалыптасқан тәжірибе, ойыншылар бой үйреткен дәстүр бойынша ат спорты оқиғаларына ставкалар ипподромдарда не сайыс орнында қабылданады.

"Яғни осы спортты құлай сүйетін адам атшабар ғимаратында ұнатқан жылқысына ақшасын тігеді де, соның алаңындағы қызықты тамашалауға асығады. Ұтқан-ұтпағанын да сол жерде анықтайды. Оның үстіне Қазақстанның ерекшелігі бар: аламан бәйге, жорға жарыс, көкпар, аударыспақ, қыз қуу және басқа да бәс қабылданатын аттылы сайыстар ипподромда өте бермейді, олар көбіне мемлекеттік, ұлттық мейрам-мерекелерде, ас, мерейтой, сүндеттой секілді отбасылық той-думан кезінде ашық далада ұйымдастырылады. Сондай-ақ мұндай іс-шараларды жылқы зауыттары мен асыл тұқымды жылқы шаруашылықтары да өткізіп тұрады. Одан түскен қаражатты бизнеске инвестициялайды. Ал құла түздегі оқиғалардан тікелей трансляция жасау мүмкін емес. Қазақстанда бұған арналған телеарна да жоқ", – дейді сарапшы. 

Тиісінше, егер ойынқұмар адам резервациялардың біріне барып, отандық ат спортына бәс тіксе, жарыс барысын тікелей тамашалай алмайды. Сонымен бірге бәйге алаңындағы қызыққа батуға келген адамдар сол жерде бәстесу мүмкіндігінен айырылады.

"Отбасылық той-думандарда кейде аста-төк ақша тігіліп жатады. Тиісінше, олардың сыйлық қоры аса қомақты. Мысалы, бірнеше көлік ұтысқа тігіледі. Біздің батыс облыстарда жанкүйерлер өз көздерімен тамашалап отырған ат жарысына пари жасауды ұнатады. Олар енді не істейді? Тотализатор кассасына ақша енгізу үшін мың шақырымнан астам қашықтықта жатқан резервацияларға барып-келіп жүрмейді ғой! Тотализаторларға көрермендерге электронды кассалар қызметін ұсынуға тыйым салынған", – деп алаңдайды Бақтияр Қойбақов.

Әйткенмен экономист Дәурен Оспан жаңа заңның экономикаға зиян келтірмейтінін, халыққа пайдалы болатынын жеткізді.

"Негізі "Ойын бизнесі туралы" заңға өзгерістер –  тотализаторларды күйретеді деген бос байбалам. Олар онсыз да букмекерлермен бәсекеге шыдас бере алмай, жойылып барады. Қазіргі кезде 4-еуі ғана танымал. Спорттық тотализаторлар құмаройынға бейім қазақстандықтар арасында үлкен сұранысқа ие емес. Бұлар букмекерлік кеңселер пайда болғанға дейінгі кезеңде дәуірлеген. Сонымен бірге бүгінде көптеген букмекерлер мен тотализаторлар бірігуде: кейбір БК-лардың ресми сайтында тотализаторда ставка тігуге арналған жеке бөлім бар. Қалғаны онлайн-тотализаторға айналады. Қайта заңдағы тыйым Қапшағай мен Бурабайда ипподром не арзандау манеж тұрғызуға түрткі болуы мүмкін. Басқа стадиондар онлайн-тотализаторлармен істей береді", – дейді экономист.

Сондай-ақ отбасылық той-думан иелеріне осы резервациялар жанында, далада бәйге және басқа да жарыстарды ұйымдастыруына тыйым салынбаған. Тек қонақтарын тасымалдау мәселесін шешсе болғаны. Бұл іс өркен жайса, көрерменнің қызығушылығы зор екенін байқаса, бәлкім, отандық телеарналар да олардан тікелей телевизиялық таратылым жасауы мүмкін.  

Жалпы бұл салада бұған дейін көлеңкелі бизнес дамып келгені жасырын емес. Жаңа заң соған тосқауыл болуы мүмкін. Әрине, түзде өтетін әр аламанға қадағалаушы органның өкілі қатыса алмайды. Дегенмен әлеуметтік желілерде таралатын видеожазбаларда әшкере болып қалса, құзырлы ведомство заң жүзінде іс қозғай алады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу