"Төтенше жағдай режимі: бизнес және мемлекет"

6434

Кәсіпкерлерге қандай салықтық жеңілдіктер болады? 

"Төтенше жағдай режимі: бизнес және мемлекет"

​"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Atamekеn Business телеарнасының телемарафоны жалғасып жатыр. Бүгін "төтенше жағдай тәртібіндегі билік және мемлекет" деген тақырып аясында кәсіпкерлерге жасалып жатқан салықтық жеңілдік талқы таразысына салынды. 

Құрылыс материалдарымен жабдықтау ісімен айналысатын шымкенттік кәсіпкер Айбек Әбілов онлайын байланысқа шығып, қандай қиындықпен бетпе-бет келіп отырғанын айтты. 

Түркістан қаласының құрылысына атсалысып жатқан кәсіпкер алдын-ала жасалған келісімдердің міндеттемесін орындай алмаған. Бұған төтенше жағдайға байланысты жүк көліктерінің қозғалысына енгізілген шектеу кедергі келтірген. 

"Қазақстандық қамту үлесін толтыру үшін отандық тауар өндірушілердің өнімдерін алуымыз керек. Карантинге байланысты олар жұмыстарын тоқтатқан. Салдарынан тапсырыс берушілерді құрылыс материалдарымен жабдықтаудан мәселе туды. Жүк тасымалдайтын автокөліктердің тапшылығы мен олардың қозғалысына қойылған шектеу де қалыпты жұмыс жағдайына өзгеріс енгізді", – деді Айбек Әбілов.

Бұдан кейін ол банктегі есепшоттарының бұғатталғанын баяндады.  

"Біз ақпан, наурыз айларында көштік. Бұрынғы мекенжайымыздан таба алмаған салық органдарының өкілдері кеше банктегі есепшотымызды бұғаттап тастады. Олар бізге қолданатын шаралары жайлы ескерту жолдағандарын айтады. Бірақ бізге ескерту хат келген жоқ. Салық органдары тарапынан мекенжайды ауыстыру туралы талап қойылып отыр. Талапты орындайық десек, әділет органдары мен халыққа қызмет көрсету орталықтары бізге белгісіз себептермен онлайн өтінішімізді қабылдамай жатыр", – деді кәсіпкер. 

Бұл мәселеге тікелей эфирде Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев жауап берді.

"31 наурыздан бастап Шымкент қаласында шектеу шаралары қолға алынды. Осы шара шеңберінде 1 сәуір күні түске дейін жүк көліктерінің қозғалысына қатысты түрлі түсініспеушілік орын алды. Түстен кейін мәселе оң шешілді. Қазір бас санитарлық дәрігердің жаңа қаулысы бойынша төтенше жағдайға байланысты құрылған жедел штаб жүк тасымалдау көліктерінің қозғалысына кедергі келтірмеуді қамтамасыз етіп отыр", – деді ол. 

Өз кезегінде мемлекеттік кірістер комитетінің департамент директорының міндетін атқарушы Заңғар Шындәли шымкенттік кәсіпкердің мәселесін тікелей эфирден соң бақылауға алатынын айтты.

Телемарафонға қосылған атыраулық кәсіпкер Ербол Қайранбаев бірде-бір қызметкерін ақысыз еңбек демалысына жібермегенін және жібермейтінін мәлімдеді. Бұдан кейін ол алдағы 2 айда жалақы төлеу қоры таусылатынын тілге тиек етіп, үкіметке кәсіпкерлерді тығырықтан шығарудың механизмін ұсынды. 

"Мемлекеттен көмек ретінде беріліп жатқан 42 500 теңгемен бір ай өмір сүру қиын. Сондықтан біз жұмысшыларымызды ақысыз еңбек демалысына жіберген жоқпыз. Қорымыз әрі кетсе мамыр айына дейін жетеді. Карантин ары қарай жалғасса, жұмысты жалғастыру мүмкіндігінен айырыламыз. Менде 5 нақты ұсыныс бар. Бірінші, жыл соңына дейін қосымша құн салығын 12%-дан 6%-ға төмендету, екінші, ұжымдық табыс салығын 20%-дан 10%-ға қысқарту, үшінші, барлық шағын және орта бизнес өкілдерін мүлік салығын төлемеуге рұқсат беру, төртінші, шетелден енгізілетін шикізатты салықтан босату, бесінші, екінші деңгейлі банктердің несие беруге қатысты шешімдерін Алматыда емес, жергілікті жерде қабылдау керек. Әр облыстағы банк филиалында несиеге арнайы лимиті бар қаржы қоры болуы керек", – деді Ербол Қайранбаев. 

Кезегі келгенде тікелей эфирге шыққан Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Абдолла Ыдырысов бизнес субъектілерінен 250 шағым келіп түскенін, оның 35%-ы салық саласына байланысты болғанын баяндады. 

"Айыппұлдар мен өсімпұлдарды алып тастау, несие төлеу мерзімін шегеру сынды сұрақтар өзекті болып тұр. Осыған қатысты мемлекет тарапынан қолдау бар. Біз қабылданған шараларды кәсіпкерлерге түсіндіріп жатырмыз", – деді Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры.

Бұдан кейін мемлекеттік кірістер комитетінің департамент директорының міндетін атқарушы Заңғар Шындәли атыраулық кәсіпкердің ұсыныстарына қатысты пікір білдірді. 

"Шағын және орта бизнес өкілдерінің барлық төлем түрлері 2020 жылдың 1 маусымына дейін шегерілген. Салықтың басқа түрлеріне қатысты жеңілдіктерге қатысты сұрақтарды Ұлттық экономика министрлігіне жолдаған дұрыс болатын шығар. Себебі салық саясатын осы министрлік белгілейді", – деді Заңғар Шындәли. 

Телемарафонға қосылған Қазақстан құрылысшылар одағының өкілі, кәсіпкер Серікжан Мергенбаев еліміздегі 700 мың құрылысшының 80%-ы жалақы төленбейтін еңбек демалысына жіберілгенін жариялады. Қалған 20% қысқартылған еңбек кестесімен жұмыс істеуге мәжбүр болып отырғанын мәлімдеді. 

"Қаржы және ұлттық экономика министрліктерінен ұжымдық табыс салығы мен қосымша құн салығынан босату мерзімін 1 қазанға дейін созуды сұраймыз. Бұл мәселе бойынша елімізді тұтас қамту мүмкін болмаса, карантинге жабылған ірі мегаполистердегі құрылыс компанияларына жеңілдік жасалса дұрыс болады деп санаймыз", – деді  Серікжан Мергенбаев. 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу