"Төтенше жағдай режимі: бизнес және мемлекет" дағдарыс жағдайында бизнесті онлайн форматқа көшіру

Сарапшылар карантин онлайн сауданы дамытуға мүмкіндік бергенін айтады. 

"Төтенше жағдай режимі: бизнес және мемлекет" дағдарыс жағдайында бизнесті онлайн форматқа көшіру

Кәсіпкер Асылжан Жананов  бизнесінің 35-40%-ы онлайн форматқа көшкенін мәлімдеді. Бұған дейін офлайн жұмыс істеген компаниясының өнімдеріне сұраныс артқан, сондықтан ол қызмет көрсету сапасын көтеруге ден қоймақ.

"Отандық компаниялар онлайн платформалар мен төлемдерге бейімделмеген. Сондықтан олардың қызмет көрсету деңгейі төмен. Ал біздің компаниямен жұмыс істейтін 1 мыңға жуық кәсіпкер бар. Олардың саны күннен-күнге артып келеді. Арасында салалық көлік жүйелері мен азық-түлік сататын ірі сауда желілері бар", – деген кәсіпкер жеткізу қызметін бақылайтын арнайы электонды жүйе іске қосқан.

"Бізде арнайы электронды жүйе іске қосылды. Курьерлеріміз жеткізу жағынан осы жүйемен жүреді. Мұнда қалада жүруге рұқсат берілген салалар тіркелген. Қазіргі кезде көлік кептелістері жоқ, тапсырыстар уақытылы жетеді", – дейді Асылжан Жананов.

Шымкент қаласы  Кәсіпкерлер  палатасының директоры Нұрлан Қабыштаевтың сөзінше, мейрамхана мен асханалардың жұмысы тоқтағанымен, онлайн жеткізу қызметіне шектеу қойылмаған.

"Кәсіпкерлер бұл мүмкіндікті пайдаланып, жұмыстарын ілгері жылжыта алады. Қалада халықтың жүруіне шектеу бар. Сондықтан соңғы екі аптаның ішінде онлайн қызметтерге сұраныс артты. Көбінесе базарларда қолма қол есеп айырысатын. Ал осы форматқа көшу банкоматтардың алдында кезек күтіп тұратындар санын азайтты. Сонымен қатар елімізде түрлі қосымшалар арқылы да тапсырыс беруге болады. Өз тарапымыздан  ШОБ-қа онлайн сауда бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ғаламтордағы қызметтерге қосылу жолдарын көрсетіп келеміз", - дейді спикер.

"Атамекен" ҰКП Сауда және шағын бизнесті дамыту департаментінің сарапшысы Дәурен Ауталипов 2025 жылға дейін онлайн төлемдер көлемі 5%-ға жеткізу көзделгенін айтады. Сарапшы мұндай қарқынмен алдағы бес жылда 5%-дық межеден асып кетуіміз мүмкін деп отыр.

"Карантин онлайн сауданы дамытуға мүмкіндік берді. Бастапқыда интернет арқылы зат немесе қызмет алу көлемін жалпы сауда көрсеткіштері бойынша 5%-ға жеткізу көзделген. Қазіргі кезде бұл бағыттағы қарқынымыз жаман емес. Әйтсе де, жеткізу жағынан мәселелер көп. Ол әр аймақтың ережелеріне байланысты. Мысалы, кей өңірде тек дәрілер мен азық-түлікке басымдық берілген. Сондықтан бұл тізімді үкіметке кеңейтуді ұсындық", - дейді сарапшы.

Гүл сататын дүкен иесі Гүлмира Қайырғожина елде төтенше жағдай жарияланғалы шығынға батқан. Тіпті шетелден сатып алған гүлдерін тегін таратып, соңында қоқысқа тастауға мәжбүр болған.

"8 наурызда шетелден ірі көлемде гүл алдырдық. Одан кейін 13 наурызда бір рет, 18 наурызда тағы ірі көлемде гүл келді. Ал 19 наурызда базарды жабу туралы тапсырма берді. Жеке өзімде 1 мыңнан астам гүл болды. Кейін тұрақты сатып алушыларыма гүл сыйлаймын деп хабарластым. Осылайша барлық гүлді тегін тараттым. Қалғанын қоқысқа тастадым. Біз онлайн қызметке көше алмадық. Себебі коммуналдық шаруашылық қызметкерлері мүлде кеңсеге келуге болмайтынын айтты. Бұған дейін онлайн тасырыс орындап жүрсек, бұл жолы тапсырыстарды мүлде жеткізе алмадық", – деген кәсіпкер қазір кәсібі тұралап қалғанын айтады. Себебі қалаға карантинге байланысты гүл кіргізбей жатқан көрінеді.

"Қалаға гүл әкелмейді, гүл кіргізбейді. Біз Голландия және Эквадормен жұмыс істейтінбіз. Қазір сұраныс бар. Тұрақты сатып алушыларымыз онлайн тапсырыс бергілері келеді. Алайда бізде гүл жоқ. Сондықтан қалаға гүл кіргізуге рұқсат берсе", – дейді Гүлмира Қайырғожина.

Заңгер, бизнес-тренер Сәтжан Иманғалиев онлайн және офлайн қызметтің барлығына бірдей нұсқау берілгенін айтады. Ол "кәсіпкерлік нысандар жабылады" деген соң, заң жүзінде барлығы бірдей жұмысын тоқтатуға тиіс деп есептейді.

"Офлайн дүкендерді түгел жауып тастады. Ал онлайн жұмыс істеп жатқандардың қызметі карантин талаптарына сай емес. Себебі кәсіпкерлік нысандар жұмысын тоқтасын деген кезде олардың онлайн да, офлайн да жұмыс істеуге құқығы жоқ", – дейді заңгер.

Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Бақдәулет Ибраимов аталған өңірде ірі кәсіпорындар да онлайн жеткізу қызметіне көшкенін хабарлап, ірі кәсіпорындар, оның ішінде құбыр және машина жасаумен айналысатын компаниялар онлайн форматқа көшкенін атап өтті. Оны арнайы мониторинг нәтижесінде анықтаған.

"Кибер шабуылдарды талдау және тергеу орталығы" бірлестігінің директоры Арман Әбдірасылов карантин кезінде компанияларға сайттар мен қызметтерін жетілдіруді ұсынды.

"Қазіргі кезде коронавирус туралы ақпарат тарататын сайттарға сұраныс жоғары. Ал кәсіпкерлерге жаңадан сайт жасап, қосымша әзірлегенше әлемдің танымал сервистермен бірігіп қызмет жасаған тиімді. Сондықтан жаңадан сайтты іске қосқанша, онлайн қызметтің кемшіл тұстарын жетілдіруге назар аудару қажет", – деген сарапшы бүгінде кибер шабуылдар санының артқанын жеткізді.

"Әр адам қазір үйден жұмыс істейді, мұнда қауіпсіздік жағынан мәселе бар. Мәселен, компания қызметкері кешке дейін бір компютермен еңбек етсе, кешке балалары сол құралмен сабақ оқиды. Бұл қауіпсіздік жағынан дұрыс емес. Одан кейін ірі компаниялар мәліметтерді мамандарының ішкі электронды поштасына емес, жеке поштасына жібере бастады. Себебі үйде ортақ базаға кіру мүмкіндігі жоқ. Бұл да ақпараттық қатер тудырады", – дейді Арман Әбдірасылов. 

 

Құралай Құдайберген
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу