Жұртшылық СПИД деген атауынан-ақ қорқып, елемеуге тырысатындай. Еленбегені сол, әр жылдың 1 желтоқсаны иммун тапшылығымен өмір сүріп жатқандарды қолдау күні ретінде аталып өтілесе де, бір-екі ақпараттан өзге ауқымды шараларды көрмейміз.
Алайда тақырыпты қанша жерден бүркегенмен, мәселе шешіле салмайтыны анық. Біріккен ұлттар ұйымының өзі қазір Орта Азия елдерінде бұл ауру көбейіп жатқанын мәлімдеп отыр.
Осыдан 20 жылға жуық уақыт бұрын, дүйім елге дабыл қақтырған оқиға болды. "Шымкенттегі медициналық трагедия" немесе "ВИЧ оқиғасы" аталған кезеңді меңзеп отырмыз. 2006 жылы Оңтүстік Қазақстандағы ауруханада дәрігерлердің салғырттығы кесірінен АИТВ инфекциясы 200-ге жуық адам жұқты. Көбі балалар, үлкені 14 жаста болса, ал кішкентайы енді дүние есігін ашқан сәби болатын.
Олардың тағдыр тәлкегі онымен бітпеді. 2 бала басқа өңірге көшті, бірін шетелдіктер алды, тағы 2 бала балалар үйіне жіберілді. Ал 11 бала дерт кесірінен көз жұмды. Инфекция баладан аналарға жұғып, науқастар тағы саны артты.
Ақыры 21 медицина қызметкерінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, "Өз ісіне салақтықпен қарау" және "пара алу" бойынша айыпталған 16 қызметкер 2-8 жыл аралығында бас бостандығынан айырылды, қалған бесеуі шартты түрде жазаланды. Денсаулық сақтау министрі болып тұрған Ерболат Досаев қызметінен босатылды.
Бірақ бұл шаралар кесел жұқтырған, көз жұмған балаларды, олардың аналарын дерттен арашалап ала алмады. Жауаптылар вирустың қайдан шыққанын да анықтай алмады. Сондықтан бұл оқиғаны ел тарихында ең ауыр "медициналық қылмыс" ретінде атауға хақымыз бар.
Сол кезде вирус жұқтырған балалардың аман қалғандары қазір ер жетті. Естуімізше, отау құрып, дені сау ұрпақ әкелген екен.
– Сол оқиғадан бері елде инфекциялық бақылау стандарттары жаңартылды, медициналық рәсімдердің, қан құюдың қауіпсіздігі күшейтілді, медициналық мекемелерде сапа мониторингі жүйесі құрылды, пациенттердің құқығы бойынша жұмыс күшейтілді, медициналық персоналды даярлау деңгейі өсті. Мемлекет зардап шеккен балаларды өмір бойы емдеуді және әлеуметтік қолдауды өз мойнына алды. 2006 жылы вирус жұқтырған балалар қазір де сапалы антиретровирустық терапия алады, бұл вирустық жүктемені басады және толыққанды өмір сүре алады. Олардың біразы жоғары оқу орнында оқиды, кейбіреуі жұмыс істейді, отбасы құрды, дені сау балалары бар, – дейді Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының эпидемиологиялық мониторинг бөлімінің меңгерушісі Гүлжахан Мәжитқызына.
Қазір Қазақстанда АИТВ-мен ауыратын 36 мың адам бар. Ерлердің үлесі көбірек – 61,7 пайыз, қалғаны әйелдер. 2024 жылы бұл дертке шалдыққан 3,8 мың адам анықталған, ал биыл 10 айда 2920 адамнан инфекция табылды.
Бір қызығы, науқастардың көбі солтүстік пен шығыста тұрады. Шығыс Қазақстан облысында АИТВ-ның таралу деңгейі 0,97% болса, Қызылорда облысында бар болғаны 0,06%-ды көрсеткен. Кей сарапшылар бұны өмір сүру мәдениетінің өзгешелігімен, дәстүрлі көзқарас және ер мен әйел қарым-қатынасына қатысты түсініктердің әр аймақта өзгеше болғанымен байланыстырады.
Негізінен инфекцияны инемен есірткі қолданатындар, гомосексуалдар, жыныстық қызмет көрсететіндер жұқтырады екен. Оларға медициналық көмек көрсетудің өзіне мемлекет көп күш салып отыр. Бақылау, терапия, басқаға жұғудың алдын алу, деректерді құпия сақтау, құқықтық және психологиялық көмек көрсетеді. Тіпті, халықаралық тәжірибелерді қолданып, вирус деңгейін нөлге дейін жеткізуде.
ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының дерегінше, мекеменің диспансерлік есебінде 1974 науқас тіркеуде тұр. Соның арасындағы 722 әйел дүниеге дені сау сәби әкелген. Яғни, ем-жомын уақытында жасап тұрса, жақсы нәтижеген жетіп, вирусқа қарамастан өмір сүруге де мүмкіндік бар.