Трамп даулы суретін өшіріп тастады, алайда Рим Папасы сынауын тоқтатпай жатыр

261

АҚШ Президенті Дональд Трамп әлеуметтік желідегі даулы жазбасынан кейін сынға қалды. 

Трамп даулы суретін өшіріп тастады, алайда Рим Папасы сынауын тоқтатпай жатыр Фото: BILD на русском

Ол Truth Social желісінде жасанды интеллект көмегімен жасалған, өзін Иса Пайғамбарға ұқсас бейнеде көрсететін суретті жариялаған, деп жазады inbusiness.kz сайты BILD басылымына сілтеме жасап. 

Қоғамда резонанс тудырған бұл жазбаны кейіннен өзі өшірді.

Трамп бұл әрекетін "әзіл" деп түсіндірді. Оның айтуынша, сурет діни бейнені емес, "адамдарды емдейтін дәрігерді" білдіруі тиіс болған. Алайда ол көпшіліктің мұны дұрыс қабылдамағанын айтып, жазбаны алып тастаған.

Даудың өршуіне АҚШ басшысының Рим папасы Лев XIV-пен пікір қайшылығы да әсер етті. Бұған дейін понтифик нақты есім атамаса да, Иранмен соғысқа қатысты сын айтып, күш пен байлыққа табынуды айыптаған еді.

– Өзіңе табынуды, ақшаға табынуды доғару керек. Күш көрсетуді доғару керек. Соғысты тоқтату қажет, – деген болатын ол Ватикандағы уағызында.

Осы мәлімдемеден кейін Дональд Трамп Рим папасын ашық түрде сынға алып, оның "саясатқа араласпай, дінмен айналысуы керектігін" айтқан. Сондай-ақ, понтификті "сабыр сақтауға" шақырған.

Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай Трамптың саяси коммуникациясында әдеттегі провокациялық стильдің сақталып отырғанын көрсетеді. Даулы суретті өшіруі қоғамдық қысымның әсерін байқатқанымен, оның риторикасы өзгермеген. Президент Рим папасына қатысты айтқан сөздерінен бас тартпады және кешірім де сұрамады.

Оқиға саясат пен дін арасындағы шекара, сондай-ақ қоғамдық тұлғалардың жауапкершілігі туралы пікірталасты қайта жандандырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу