АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеранды Ормуз бұғазы арқылы өтетін мұнай танкерлерінен ақы алмауға шақырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW-ге сілтеме жасап.
"Иранның Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерден ақы алып жатқаны туралы хабар түсті. Олардың бұл қадамға бармағаны дұрыс. Егер олар мұны істесе, оны дереу тоқтатуы тиіс", – деп жазды ол Truth Social әлеуметтік желісінде.
Ақ үй басшысы тағы бір жазбада Иранның Ормуз бұғазы арқылы мұнай өткізу ісін "өте нашар" басқарып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, мұндай әрекет жасалған келісімдерге сәйкес келмейді.
Дональд Трамптың сөзінше, енді Тегеран ешқашан ядролық қаруға ие болмайды. Ол жақын арада мұнай тасымалы қайта жанданатынын да жеткізді.
8 сәуірге қараған түні АҚШ пен Иран екі апталық бітімге келісті. Тегеран билігі Ормуз бұғазын қайта ашуға дайын екенін білдіріп, оны әрі қарай да өзі бақылайтынын мәлімдеді. Kpler аналитикалық компаниясының мәліметінше, бұғаз арқылы бірнеше ғана кеме өткен. Олардың қатарында Иран туымен жүрген екі танкер болған.