Трамп Иранға жаңа соққылар жасайтынын айтып сес көрсетті

499

Тегеран да бұл қоқан-лоқыларға қатаң жауап берді.

Трамп Иранға жаңа соққылар жасайтынын айтып сес көрсетті Фото: REUTERS / Jonathan Ernst

АҚШ президенті Дональд Трамп Таяу Шығыста санаулы күн ішінде Иранға соққы беруге қауқарлы әскери флот жинақтап жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BILD-ке сілтеме жасап.

 "Бұған дейін біз олардың ядролық бағдарламасын талқандаған едік. Енді, меніңше, тағы бір-екі нысанның мәселесін шешуіміз керек. Сондай-ақ оны он-ақ минутта істей аламыз", – деп мәлімдеді ол.

Трамп ықтимал нысан ретінде Ирандағы Коланг тауын атады. Болжам бойынша, оның астында ядролық кешен орналасқан.

"Коланг тауына назар аударған жөн сияқты, бұл мәселені де шешу керек", – деді Трамп.

Бұл тау Тегераннан оңтүстікке қарай 200 шақырым жердегі Исфахан провинциясында, Натанздағы ядролық нысанның іргесінде орналасқан. Иран үкіметі ол жерде ядролық бағдарламаға қатысты ешқандай жұмыс жүргізіліп жатпағанын айтып, бұны жоққа шығарады.

Трамптың айтуынша, соғысты тоқтату туралы келіссөздер "жақсы" жүріп жатқандықтан АҚШ асығар емес. Алайда ол ирандықтардың "сенімсіз" екенін де меңзеп отыр. Мемлекеттік хатшы Марко Рубио президенттің жаңа соққылар туралы әлі түпкілікті шешім қабылдамағанын, АҚШ-тың бұл мәселені дипломатиялық жолмен реттеуге дайын екенін айтты.

Десе де, Америка тарапы өз қарулы күштерін жоғары жауынгерлік дайындыққа келтірген. Трамп Арабия теңізіне үлкен флот жинады: үш әуе кемесін тасымалдаушы, 17 әскери кеме және 20 мыңнан астам әскери қызметші. Бұл күштер президенттің бұйрығынан кейін 96 сағат ішінде соққы беруге дайын. BILD жазуынша, 3 қарашада өтетін аралық сайлаудан кейін Трамп шабуыл жасауға кез келген сәтте бұйрық беруі мүмкін.

Тегеран да бұл қоқан-лоқыларға қатаң жауап берді. 31 қазанда Иранның жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи жоғары әскери қолбасшылық алдында кез келген қатерге дереу жауап қайтарылуы тиіс екенін мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу