Трамп: Иранға жасалатын жойқын шабуыл елді тас дәуіріне қайтарады

287

Әскери операция жақында аяқталуы мүмкін екені айтылды.

Трамп: Иранға жасалатын жойқын шабуыл елді тас дәуіріне қайтарады Фото: YouTube

Ақ үй басшысы Дональд Трамп АҚШ-тың Ирандағы әскери мақсаттардың басым бөлігін орындағанын әрі операцияны таяуда "аяқтауға" ниетті екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

Трамп Ақ үйде америкалықтарға арнаған үндеуінде Ирандағы қазіргі жағдайды бағалады. Ол АҚШ барлық әскери міндеттерін тез арада аяқтау жолында екенін атап өтті. Сондай-ақ алдағы 2-3 апта ішінде Иранға жойқын соққы жасалатынын жеткізді.

Трамп "Эпикалық қаһар" деп аталатын операция басталғалы бері АҚШ қойылған мақсаттардың басым бөлігіне қол жеткізгенін және жақын уақытта әскери әрекеттерді аяқтайтынын айтты.

"Біз негізгі стратегиялық мақсаттарға жақындап қалғанымызды атап өткім келеді. Америка өте қысқа мерзімде барлық әскери міндетті аяқтауға жақын қалды. Бірақ алдағы 2-3 аптада біз оларға жойқын соққы жасаймыз", – деді ол.

Оның сөзінше, шабуыл нәтижесінде Иран "тас дәуіріне оралады".  Дональд Трамп Израильге, Сауд Арабиясына, Қатарға, БАӘ-ге, Кувейт пен Бахрейнге алғыс білдірді. АҚШ бұл елдерге әскери саладағы қолдауын жалғастырмақ.

Трамп Вашингтонның Тегерандағы режимді өзгертуді мақсат етпегенін баса айтты. Оның пікірінше, келісім жасалмаса, АҚШ Иранның электр станцияларына соққы жасауы мүмкін. Бұл ретте ол Иранның мұнай нысандарына шабуыл болмайтынын жеткізді.

Ақ үй басшысы үндеуде Ормуз бұғазы мәселесін де көтерді. Оның айтуынша,  бұл бұғаздан өтетін мұнай АҚШ-қа қажет емес. Дональд Трамп осы бағыт арқылы қара алтын алатын елдер оны өздері қорғауы тиіс екенін мәлімдеді.

Елдің мұнай қоры Ресей мен Сауд Арабиясынан да көп екені айтылды. АҚШ Таяу Шығыстың энергия ресурстарына тәуелді емеспіз деп отыр. Трамптың айтуынша, НАТО елдері Ормуз бұғазын "оңайлықпен" бақылауға ала алады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу