АҚШ президенті Дональд Трамп Испанияны қорғаныс саласына жеткілікті қаржы бөлмегені үшін сынға алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Трамп Финляндия президенті Александр Стуббпен кездесті. Ақ үй басшысы Испанияны НАТО-дан шығару керек деген ойын ортаға салды.
АҚШ президентінің сөзінше, Мадридтің әскери шығындарды арттырмауына ешқандай негіз жоқ. Ол НАТО альянсының елдері АҚШ-тан заманауи қару-жарақ, соның ішінде әскери ұшақтар сатып алып жатқанын баса айтты.
"Ашығын айтқанда, бәлкім оларды НАТО-дан шығарып жіберу керек шығар", – деді Дональд Трамп.
Бұған дейін Трамп НАТО елдері өздерінің әскери шығындарын ЖІӨ-нің 5 пайызына дейін жеткізуі тиіс екенін айтқан болатын. Оған Украинаға көмек мәселесінде қаржылық жүктеменің әділетсіз бөлінуі ұнамаған. Оның айтуынша, АҚШ бұл соғысқа НАТО елдеріне қарағанда көп шығындалып жатыр.