Трамп Киевтен Мәскеудің мұнай зауыттарына шабуыл жасамауды сұрады

АҚШ президентінің сөзінше, Ресей мұнай өндіру болжамын кейінгі 17 жылдағы ең төменгі деңгейге дейін түсіруге мәжбүр болған.  

Трамп Киевтен Мәскеудің мұнай зауыттарына шабуыл жасамауды сұрады Фото: © AP Photo / Alex Brandon

PBS News басылымының жазуынша, әлемдегі дизель отынының тапшылығы Таяу Шығыстағы жағдайға емес, Ресей мен Украина арасындағы соғысқа байланысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Бұл туралы Дональд Трамп та айтып отыр. Ол Украина президенті Владимир Зеленскийді Ресейдің дизель отыны инфрақұрылымына жасалып жатқан соққыларды тоқтатуға үндеген. Ақ үй басшысы күні кеше өз отбасына тиесілі алаңда өткен Irish Open гольф турниріне барған сәтте БАҚ өкілдеріне мәлім еткен. 

– Біз бұл мәселені Зеленский мырзамен талқыладық. Басқа да көптеген нысан бар. Ресейдегі дизель отынына шабуыл жасауды тоқтатуыңыз керек. Бұл бүкіл әлемге зиянын тигізіп жатыр, – деді Трамп.

Оның сөзінше, әлемдегі дизель отыны тапшылығы Таяу Шығыстағы жағдайдан емес, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс салдарынан туындаған.

Трамп аталған мәлімдемені АҚШ-та дизель отынының бағасы рекордтық деңгейге жеткен соң, яғни бір галлоны орта есеппен 6 доллардан асқаннан кейін жасады. 

Жаза кетейік, Украина бірнеше айдан бері Ресейдің мұнай-газ саласына алыс қашықтықтан соққылауда. Бұл ел аумағында жанармай жеткізіліміне шектеу енгізілуіне әкелді. Ал Мәскеу шілде айында дизель отынын экспорттауға тыйым салды. Соның салдарынан әлемдік нарықтағы онсыз да шектеулі дизель отынының көлемі одан әрі қысқара түсті. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу