Трамп Кубаға мұнай жеткізетін елдерге тариф енгізетінін ескертті

495

Құжатта тарифтің мөлшері мен шектеу астында қалуы мүмкін елдердің аты нақты айтылмаған. 

Трамп Кубаға мұнай жеткізетін елдерге тариф енгізетінін ескертті Фото: Aaron Schwartz — Pool via CNP

АҚШ президенті Дональд Трамп Кубаға мұнай жеткізетін елдерден келетін тауарларға қосымша тариф енгізуге мүмкіндік беретін жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC агенттігіне сілтеме жасап. 

"Куба үкіметі АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне әлі қауіп төндіреді. Шет мемлекеттердің бұл режимге қажетті энергия ресурстарын жеткізіп, қолдауына жол бермейміз. Осылайша Гаванаға мұнай жеткізетін кез келген ел АҚШ-қа тауарларын импорттау барысында тарифтерге тап болады", – делінген Ақ үй таратқан мәлімдемеде.

Құжатта тарифтің мөлшері мен шектеу астында қалуы мүмкін елдердің тізімі нақты көрсетілмеген. Бұған дейін де Дональд Трамп Кубаға және оның коммунистік басшылығына шара қолданатынын бірнеше рет ескерткен болатын. Ол Гавананы келісімге келуге шақырған. 

Жаңа шара Трамптың қаһарына мініп, Кубаға экономикалық қысымын күшейткенін білдіріп отыр. Сарапшылардың айтуынша, бұл жарлық соңғы жылдары Кубаға тәулігіне қара алтын жеткізіп келген Мексикаға да бағытталуы мүмкін. Ақ үй басшысы Куба күйреудің алдында тұрғанын мәлімдеген болатын.  Сондай-ақ Дональд Трамп өзінің екінші президенттік мерзімі басталғаннан кейін Кубаны терроризмді қолдайтын мемлекет деп жариялады. 

Венесуэла Кубаның негізгі мұнай жеткізуші серіктесі болды. Бірақ АҚШ-тың операциясына байланысты желтоқсан айында экспорт тоқтатылған. Reuters агенттігінің хабарлауынша, Венесуэладан Кубаға соңғы мұнай танкері желтоқсанның ортасында жөнелтілген.

Кубада отын тапшылығы мәселесі соңғы бірнеше жылдан бері өзектілігін жоймай келеді. Салдарынан елде электр энергиясы мен интернет жиі өшеді. Кубалық демографтардың мәліметінше, эмиграцияның артуына байланысты соңғы жылдары ел халқының саны 18 пайызға азайған. Негізінен елден жастар кетіп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу