Трамп құрған "Бейбітшілік кеңесі" Газа секторына қомақты қаржы бөлуге дайын тұр

Мұны АҚШ президенті Truth Social әлеуметтік желісінде мәлім еткен. 

Трамп құрған "Бейбітшілік кеңесі" Газа секторына қомақты қаржы бөлуге дайын тұр Фото: Tim O'Doherty/news/archive

Дональд Трамптың сөзінше, бұл Газа секторындағы гуманитарлық көмек пен қалпына келтіру жұмыстарына бағытталады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ол өткен жылдың қазан айында Газадағы қақтығысты түпкілікті реттеу жоспарын ұсынғанын, оны БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі бірауыздан қолдағанын айтты. Мұнан соң гуманитарлық көмек жедел ұйымдастырылып, барлық кепілге алынғандарды босату жүзеге асты. 

– 2026 жылдың 19 ақпанында менімен бірге Вашингтондағы Бейбітшілік институтындағы "Бейбітшілік кеңесінің" мүшелері тағы бас қосады. Онда кеңеске мүше мемлекеттер Газадағы гуманитарлық күш-жігер мен қайта құру үшін 5 миллиард доллардан астам қаржы бөлуге уәде береміз, – деді Трамп.

Трамп қаңтар айында Давоста "Бейбітшілік кеңесінің" негізін қалаушылармен кездесу өткенін, онда Газаның бейбіт тұрғындарының болашағы талқы болғанын жеткізді.

АҚШ президенті қатысушы елдер Газадағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін халықаралық тұрақтандыру күштері мен жергілікті құқық қорғау органдарына мыңдаған адам жіберетінін айтып отыр.

– ХАМАС-тың толық және дереу демилитаризациялау жөніндегі міндеттемелерін орындауы өте маңызды, – деп нақтылады Трамп.

Дональд Трамп "Бейбітшілік кеңесі" тарихтағы ең ықпалды халықаралық органға айналатынына сенеді. Сол себепті, "бұл құрылымды басқару – мен үшін үлкен мәртебе" деді ол. 

Қазіргі уақытта Трамп төрағалық ететін Бейбітшілік кеңесінің құрамында 27 қатысушы бар. 
Бұған дейін аталған органның 2026 жылдың қаңтарында Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форум аясында құрылғанын жазған едік. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу