Трамп наразылық білдірушілерге оқ атылған жағдайда Иран билігіне күш қолданатынын айтты

335

Трамп Иранда жалғасып жатқан наразылықтарды мұқият бақылап отырғанын атап өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

Трамп наразылық білдірушілерге оқ атылған жағдайда Иран билігіне күш қолданатынын айтты Фото: Leon Neal / Getty Images

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранда наразылық акцияларына қатысушыларға оқ атылатын болса, Иран басшылығына қарсы күш қолдану шараларын қабылдауы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Ақ үйде мұнай компанияларының басшыларымен өткен кездесуден кейін журналистерге Ирандағы жағдайға қатысты пікір білдіру барысында айтты.

"Иранда үлкен проблемалар бар. Меніңше, халық кейбір қалаларды бақылауына алып жатыр. Бұдан бірнеше апта бұрын мұндай жағдай болуы мүмкін деп ешкім ойламаған еді. Біз жағдайды өте мұқият бақылап отырмыз", – деді ол.

АҚШ басшысының айтуынша, Вашингтон Ирандағы наразылық білдірушілердің қауіпсіз болғанын қалайды.

Сонымен қатар АҚШ президенті "біз Иранға соққы беруіміз мүмкін" деген сөзінде америкалық әскерді ел аумағына енгізу жайын меңземегенін атап өтті. Алайда егер демонстранттарға қарсы қару қолданылса, АҚШ белгілі бір қадамдарға баратынын уәде етті.

Ирандағы наразылықтар

Ирандағы наразылықтар 28 желтоқсанда ұлттық валютаның күрт құнсыздануы мен экономикалық қиындықтар аясында Тегерандағы бас базарда басталды. Кейін бұл акциялар елдің көптеген қалаларына тарады.

Наразылықтар барысында қаза тапқандар мен жараланғандар туралы ресми деректер жарияланған жоқ. Алайда ирандық HRANA адам құқықтары агенттігінің мәліметінше, қақтығыстар салдарынан 42 адам, оның ішінде қауіпсіздік күштерінің 8 қызметкері қаза тауып, ондаған адам жараланған, 2 277 адам ұсталған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу