АҚШ пен Оңтүстік Африка Республикасының (ОАР) басшыларының әңгімесі жайдары басталғанымен, күтпеген жерден саяси қайшылыққа ұласқан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кездесуде ең бірінші гольф тақырыбы қозғалған. Тіпті, ОАР делегациясы құрамында әйгілі гольфшілер Эрни Элс пен Ретиф Гусен де болды. Десе де, Трамп көрсеткен видео мен фотоматериалдарға кезек келгенде, әңгіме ауаны ойламаған жерден өзгере түсті.
Ақ үйде өткен ресми қабылдауда АҚШ-тың президенті ОАР-ды "ақ нәсілді фермерлерге қарсы геноцид ұйымдастырып отыр" деп айыптап, Рамафосамен пікірталас өрбітті.
Трамп көрсеткен фото мен видеода ОАР-ның ақ фермерлердің жері тартып алынып, өзі қудаланып жатқаны бар. Трамптың сөзінше, адамдар бұдан қатты қорқып, елден кетіп жатыр. Мұны ол елдегі оппозициялық саясаткер Джулиус Малеманың радикалды мәлімдемесімен байланыстырады.
Оңтүстік Африка президенті Сирил Рамафоса жағдайды былайша түсіндіреді. Ол Малеманың үкімет мүшесі емес екенін әрі оның көзқарасы ресми саясатты білдірмейтінін алға тартты.
– Бізде көппартиялық демократия бар. Әр партияның өз пікірі болуға құқылы. Малеманың партиясы – шағын оппозициялық ұйым, – деді ол.
Бір қызығы, Рамафоса Трамп көрсеткен фото-видеоларды білмейтін болып шықты.
"Мен бұл видеоны бұрын-соңды көрген емеспін. Бұл қайда түсірілген?" деп қарсы сұрақ қойды ол. АҚШ президенті бейнематериалдың нақты қай жерде түсірілгенін білмейтінін бірден айтты.
Трамптың бұл тақырыпты қайта-қайта көтеруі АҚШ-тағы консервативті электоратқа бағытталғаны анық. Ақ нәсілділердің шетелдегі құқығын қорғау оның базалық қолдаушылары үшін маңызды тақырып саналады. Сарапшылар Трамптың ОАР-ға қысым көрсету арқылы геосаяси мүдделерін көздеген болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ ОАР-ға бағытталған СПИД-пен күрес бағдарламасын тоқтататынын да жариялаған еді.