Трамп пен Цзиньпин келісімге келді

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
4411

Жанама факторлар нақты секторға қарағанда ықпалды болып тұр.

Трамп пен Цзиньпин келісімге келді

Қытай импортына АҚШ-тың баж салығын өсіруі кейінге қалдырылды. Өткен сенбі-жексенбі күні Вашингонда кездескен тараптар 1 наурызға дейін тарифтерді өзгертпеуге келісті. Бұл туралы Ақ үй басшысы өзінің Туиттердегі ресми парақшасында жазып, шешімге қос тараптың да қанағаттанғанын мәлімдеді. Трамптың сөзінше, келіссөздер ары қарай ойдағыдай жалғасатын болса, екі ел өзара сауда келісімін құрмақ.

Өткен жылдың басынан бері мұнай бағасын төмен тартып тұрған басты факторлардың бірі осы екі ел арасындағы "сауда соғысы" десек, енді мәселе 1 наурызға дейін уақытша болса да шешімін тапты. АҚШ-қа аталған уақытқа дейін Қытай тауарларына баж салығын көтермейтін болды. Демалыстағы жемісті келіссөздердің арқасында бүгін Азиядағы таңғы сессияда мұнай бағасы 66.94 доллардан бірден 67.28 долларға бір-ақ көтерілді.

Жалпы, өткен аптадан бастап осы мәселеге қатысты тараптар арасы жыли бастаған. АҚШ өкілдері баж салығының әзір көтеріле қоймайтынын болжам нарыққа оптимизм бере бастады. Сол-ақ екен өткен апта жыл басынан бергі мұнай бағасының ең қарқынды қымбаттаған уақыты болған. Апта басын 66 доллардың үстінде бастаған қара алтын құны жұма күні сауданы 67 доллардың үстінде қорытындылаған.

Қара алтынның қымбаттауына түрткі болған тағы бір фактор доллардың арзандауы. Өткен апта доллардың өзге халықаралық валюталарға шаққандағы бағамы көтерілген еді. Нәтижесінде АҚШ қор нарығына бұл оң әсер етіп, мұнай нарығы да "тіріле" түскен болатын.

АҚШ валютасы мен АҚШ-Қытай саудасы секілді жанама факторлар оң ықпал еткенімен, нақты сектор өткен апта мұнай үшін қолайлы болды деу қиын. Сауд Арабиясынан басқа Иран, Нигериядағы мұнай өндірісі ұлғайып, Құрама штаттардағы мұнай қоры көбейген еді. Дегенмен, бұлардың әсері жоғарыда аталған жанама факторлармен салыстырғанда әлсіздеу болып, қара алтын аптаны "плюспен" жапқан.

Осы апта да демалыстағы жемісті келіссөздердің нәтижесі аясында позитив басталғанымен, қара алтын нарығындағы кейбір қолайсыз жаңалықтар ешқайда кеткен жоқ. Демек, бүгін ертең болмаса да, апта соңына дейін нарыққа әсер етіп, бағаны қайта төмендетуі ықтимал. Бұл тұрғыда нарық қатысушылары осы аптадағы басты жаңалықтар ретінде мыналарды атайды:

Бірінші кезекте инвесторлар ОПЕК бастаған өндірісті азайту туралы бастаманың ары қарай қалай өрбитінін бақылайды. Әзірге мүше мемлекеттердің азайтып жатқаны байқалмайды. Керісінше, кей мемлекеттер өндірісті ұлғайтып жіберген. Нарықты қалыпты ұстауға күш салып тұрған тек Сауд Арабиясы секілді.

Нарықтың қысқамерзімді қозғаушысы негізінен АҚШ-тың осы саладағы ұйымдарының апталық баяндамалары екені белгілі. Өткен апта өндірісті азайтып, мұнай қоры көбейген және жанармай қорын азайтқан АҚШ-тың ішкі нарығы осы апта қайда бет алатыны да назарда.

Сонымен қатар, инвесторалар АҚШ пен Қытайдың кешелері қол жеткізген өзара келісімінің қаншалықты "баянды" болатыны да маңызды.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу