АҚШ президенті Дональд Трамп Сирияға салынған экономикалық санкциялардың күшін жою жөніндегі жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап.
Ақ үйдің мәлімдеуінше, бұл шешім тұрақтылық пен бейбітшілікті орнату жолындағы қадам болмақ.
"АҚШ тұрақты, біртұтас және өзімен де, көршілерімен де бейбіт өмір сүретін Сирияны қолдауға ниетті. Террористік ұйымдарға баспана бермейтін, діни және этникалық азшылықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін біртұтас Сирия аймақтағы қауіпсіздік пен өркендеуге негіз бола алады", – делінген жарлықта.
Ресейге қашып кеткен Сирияның бұрынғы президенті Башар Асад пен оның отбасына және бұрынғы режимді қолдаған тұлғаларға қатысты шектеулер күшінде қалады.
Сирияның сыртқы істер министрі Асаад әл-Шибани санкциялар алынып тасталса, бұл ел экономикасын қалпына келтіруге көмектесетінін мәлімдеді.
Трамп мамыр айында Сирияға салынған санкцияларды алып тастайтынын айтқан еді. Ол сол уақытта Эр-Риядта Сирияның жаңа басшысы Ахмед аш-Шараамен кездесті.