Трамп Украина мәселесін шешу үшін Путинмен телефон арқылы сөйлесті

354

Екі ел басшыларының әңгімесі 2 сағатқа созылды. 

Трамп Украина мәселесін шешу үшін Путинмен телефон арқылы сөйлесті Фото: РБК

19 мамыр күні АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап.

Қос тарап  осыған қатысты қысқаша мәлімдеме жасады.

Путин журналистерге берген сұхбатында АҚШ-тың Ресей мен Украина арасындағы тікелей бейбіт келіссөздерді қайта бастауға қолдау білдіргені үшін Трампқа алғыс білдіргенін жеткізді. Ол Ақ үй басшысымен мазмұнды әңгіме болғанын да айтты. 

Сөзінше, Ресей Украинамен бірге алдағы бейбіт келісімге қатысты меморандум жобасын дайындауға әзір.

"Біз АҚШ президентімен Ресейдің болашақ бейбіт келісім жөнінде Украина тарапымен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екеніне уағдаластық. Бұл меморандумда бейбіт келісімнің жасалатын мерзімі сияқты бірнеше мәселе көрсетіледі. Бұдан бөлек тиісті келісімге қол жеткізілген жағдайда, атысты белгілі бір уақытқа тоқтату мәселесі де қарастырылуы мүмкін", - деді Владимир Путин.

Дональд Трамп ресейлік әріптесімен арадағы әңгімеге көңілі толғанын жеткізді. Оның айтуынша, Мәскеу мен Киев "дереу" атысты тоқтату және бітімге келу туралы келіссөздерді бастайды.

"Мен Ресей президенті Владимир Путинмен екі сағатқа жуық сөйлестім. Ол өте жақсы өтті деп есептеймін. Ресей мен Украина атысты тоқтату жөнінде келіссөздерді дереу бастайды. Бұл келіссөздердің шарттарын қос тарап өзара талқылайды. Солай болуы тиіс. Себебі келіссөздің егжей-тегжейін олар ғана біледі", - деп жазды Трамп Truth Social желісінде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу