АҚШ президенті Дональд Трамп Үндістан премьер-министрі Нарендра Модидің Ресейден мұнай сатып алуды тоқтатуға келіскенін айтты. Осылайша Вашингтон мен Дели келісімге келіп, АҚШ-тың Үндістан тауарларына салған жоғары тарифтері алынып тасталмақ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап.
"Бүгін таңертең Үндістан премьер-министрі Модимен сөйлестім. Біз көптеген мәселені талқыладық. Олардың қатарында сауда-саттық пен Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату жайы да бар.
Ол Ресей мұнайын сатып алуды тоқтатып, оның орнына АҚШ-тан және Венесуэладан көп көлемде мұнай сатып алуға келісті. Бұл Украинадағы соғыстың аяқталуына септігін тигізеді", – деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Бұдан бөлек тараптар сауда келісіміне қол жеткізген. Оған сәйкес, АҚШ Үндістан импортына салынған кедендік бажды 25 пайыздан 18 пайызға дейін төмендетуі тиіс. Үндістан АҚШ-тан келетін тауарларға баждар мен тарифтік емес кедергілерді толық алып тастайды.
Трамптың айтуынша, Нарендра Моди АҚШ-тың энергетика, технология, ауыл шаруашылығы және көмір салаларындағы өнімдерін 500 миллиард доллардан астам сомаға сатып алуға уәде берген. Тамыз айында Ақ үй басшысы Үндістанның тауарларына 50 пайыздық тариф енгізді. Оның ішінде Ресейден мұнай сатып алғаны үшін қосымша 25 пайыз үстеме тариф те бар.
Нарендра Моди X әлеуметтік желісінде Трамппен келісім болғанын растады. Алайда ол өз сөзінде Ресейдің мұнайы туралы жақ ашпады.
"Әлемдегі ең ірі екі экономика бірлесе жұмыс істеген кезде өзара ынтымақтастық үшін үлкен мүмкіндіктер ашылады", – деп жазды Моди.
Үндістан премьер-министрі АҚШ президентін "қымбатты досым" деп атаған.