Дональд Трамп жұмыс визасының құнын 100 мың долларға дейін көтерді

156

H-1B визасы – ірі технологиялық компаниялардың көптен бері пайдаланатын құралы, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW басылымына сілтеме жасап.

Дональд Трамп жұмыс визасының құнын 100 мың долларға дейін көтерді Фото: canva

АҚШ президенті Дональд Трамп H-1B жұмыс визасына өтінім қабылдау үшін төленетін алымды 100 мың долларға дейін қымбаттатып, ал шетелдіктерге 1 миллион доллар төлеген жағдайда Trump Gold Card ("Трамптың алтын картасы") атты тұрақты тұру құжатын алуға рұқсат берді.

Олар осы виза арқылы шетелден жоғары білікті мамандарды жұмысқа тартады. Бұған дейін құжат рәсімдеу кезінде төленетін әкімшілік алым шамамен 1500 доллар болатын.

АҚШ-тың сауда министрі Говард Лютник бұл шешімге түсініктеме берді:

"Компания бұл адам үшін жылына үкіметке 100 мың доллар төлеуге тұрарлық па, әлде ол еліне қайтуы керек пе соны шешуге тиіс. Оның орнына америкалықты жалдаған дұрыс болар", – деді.

Үндістан сыртқы істер министрлігінің өкілі Рандхир Джайсвал төлемнің күрт көтерілуіне байланысты:

"Бұл шараның салдарынан отбасылардың ажырауы секілді гуманитарлық мәселелер туындауы мүмкін. Үндістан үкіметі АҚШ билігі бұл проблемаларды тиісті деңгейде шешеді деп үміттенеді", – деп пікір білдірді.

Reuters агенттігінің мәліметінше, Дональд Трамптың шешімі Үндістан мен АҚШ арасындағы қатынастарға соққы болуы ықтимал. Өйткені өткен жылы H-1B визасы бойынша мақұлданған өтінімдердің 71 пайызы үндістандықтарға тиесілі болған.

Ал америкалық медиа алыптар Amazon мен Microsoft бұл өзгерістерге дереу үн қатты. Олар H-1B визасымен АҚШ-та жүрген қызметкерлеріне уақытша елден шықпауға кеңес берген.

Сол күні Дональд Трамп тағы бір жарлыққа қол қойып, шетелдіктерге АҚШ-та тұрақты тұру құқығын беретін Trump Gold Card ("Трамптың алтын картасы") бағдарламасын бекітті. Оның құны – 1 миллион доллар. Ал компаниялар бұл картаны 2 миллион доллар төлеп ала алады.

Ақ үйдің ресми сайтында "жақында" деген белгімен тағы бір жоба жарияланды – Trump Platinum Card ("Трамптың платина картасы"). Оның бағасы – 5 миллион доллар. Бұл картаның иесіне жылына 270 күнге дейін АҚШ-та тұруға және шетелдегі табысына салық төлемеуге мүмкіндік берілмек. Сауда министрі Лютниктің айтуынша, бұл бағдарлама Конгрестің мақұлдауын қажет етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу