Венесуэладағы оппозиция көшбасшысы Мария Корина Мачадо өзінің Нобель бейбітшілік сыйлығының медалін АҚШ президенті Дональд Трампқа берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
BBC агенттігінің жазуынша, тараптар Вашингтонда кездескен.
"Меніңше, бүгін – венесуэлалықтар үшін тарихи күн", – деді Мачадо Трамппен кездескен соң.
Мария Корина Мачадо Ақ үй маңына жиналған жақтастарына үндеу жасап, президент Трампқа сенім артуға болатынын айтқан.
"Мен АҚШ президентіне Нобель бейбітшілік сыйлығының медалін табыстадым. Бұл қадам – оның біздің бостандығымызға деген ерекше адалдығын мойындау", – деді венесуэлалық оппозиционер.
Шетелдік БАҚ-тың мәліметінше, Дональд Трамп Венесуэладағы оппозиция көшбасшысына ризашылығын жеткізген. Ол Мария Корина Мачадоны керемет әйел деп сипаттады.
"Мария менің атқарған жұмысым үшін өзіне тиесілі Нобель бейбітшілік сыйлығының медалін берді. Бұл – өзара құрметтің белгісі. Рақмет саған, Мария!", – деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.
Айта кету керек, бұған дейін Дональд Трамп венесуэлалық әйелден жеңіліп қалғанын жазғанбыз.