"Трамптың бір қоңырауы": ФИФА АҚШ футболшысының дисквалификациясын жойды

Әлемдік БАҚ-тың хабарлауынша, Халықаралық футбол федерациясы шабуылшы Фоларин Балогунға берілген дисквалификацияны алып тастаған.   

"Трамптың бір қоңырауы": ФИФА АҚШ футболшысының дисквалификациясын жойды Фото: Bild

Бұған дейін ол қызыл қағазбен алаңнан қуылған еді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

The Athletic басылымы мен Associated Press (AP) агенттігінің мәліметінше, АҚШ президенті Дональд Трамп ФИФА президенті Джанни Инфантиноға жеке қоңырау шалған. Онда ол Балогунға қатысты қабылданған шешімді қайта қарауды сұраған көрінеді.

Жаза кеткен жөн, 2 шілде күні Босния және Герцеговина құрамасына қарсы өткен кездесудің 64-минутында Фоларин Балогун қорғаушы Тарик Мухаремовичке қарсы жасаған өрескел ойыны үшін алаңнан қуылған болатын. Ойын эпизодын бейнеқайта қарау жүйесі арқылы қайта қараған бразилиялық төреші Рафаэл Клаус шабуылшыға қызыл қағаз көрсетті. 

Көп ұзамай ФИФА дисквалификацияны жою туралы шешім қабылдаған. Бұл оқиғаға қатысты Дональд Трамп әлеуметтік желідегі парақшасында ұйымға алғыс білдірген. 

– Өрескел әділетсіздікті түзетіп, дұрыс шешім қабылдағаны үшін ФИФА-ға көп-көп рақмет! – деп жазды АҚШ президенті.

ФИФА өз шешімін Тәртіп кодексінің 27-бабымен түсіндірді. Бұл бапқа сәйкес, жаза толық немесе ішінара кейінге қалдырылуы мүмкін. Соған сәйкес, Балогунның дисквалификациясы бір жылдық сынақ мерзіміне тоқтатылды. Егер осы уақыт ішінде футболшы дәл осындай сипаттағы және ауыр тәртіп бұзушылыққа жол берсе, жаза қайта күшіне енеді.

Ал АҚШ құрамасының 1/8 финалдағы қарсыласы Бельгия тарапы бұл шешімге байланысты қосымша шаралар қабылдау мүмкіндігін қарастыруда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу