АҚШ ЮНЕСКО-дан шығуға шешім қабылдады. Ақ үй бұл ұйымның "антиамерикалық саясатына" байланысты осындай қадамға бармақ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты РБК агенттігіне сілтеме жасап.
Ақ үйдің баспасөз хатшысының орынбасары Анна Келлидің сөзінше, ЮНЕСКО қолдап отырған мақсаттары Вашингтонның қазіргі саясатына сәйкес келмейді.
"Трамп АҚШ-тың ЮНЕСКО-дан шығуы туралы шешім қабылдады. Себебі бұл ұйым қоғамда алауыздық тудыратын мәдени және әлеуметтік мақсаттарды қолдап отыр. Бұл қараша айында америкалықтар дауыс берген саяси ұстанымдарға мүлде қайшы", – деді Анна Келли.
Ақпан айында Трамп АҚШ-тың ЮНЕСКО құрамында қалуының қаншалықты орынды екенін анықтау мақсатында 90 күндік талдау жүргізуді тапсырды.
Оған сәйкес, ЮНЕСКО "Палестинаны және Қытайды қолдайтын" саясат ұстанады деген қорытынды шыққан.