Тұқым шаруашылығын түбегейлі реформа күтіп тұр

2754

Мемлекет сақтау мерзімі 7 жылдан асып кеткен тұқымды субсидиялаудан бас тартатын болды.

Тұқым шаруашылығын түбегейлі реформа күтіп тұр

Бұл жаңалық бүгін парламент қабырғасында өткен "үкімет сағатында" жария етілді.

Мәжіліске есеп беруге келген премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов "Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту карталары – ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауды жетілдірудің одан арғы шаралары" тақырыбында баяндаған болатын. Өз сөзінде ол тосын бір мәлімет айтты: ведомство бұған дейін әбден ескіріп қалған тұқымдарға да бюджеттен миллиондап қайтарымсыз қолдауқаржы беріп келіпті. Енді одан бас тартпаққа ниетті.

"Тұқым шаруашылығы – өте маңызды мәселе. Алайда елімізде бидай, арпа, жүгері, дәнді дақылдар бойынша айналу мерзімі 10 жылдан асып кеткен тұқымдардың үлесі 50 пайыздан астамды құрайды. Енді қараңыздар, ғылым да, тәжірибе де егер жасы 10 жылдан артықты құраса, ол тұқымның "азғындалып", сапасы құритынын дәлелдеді. Оның энергетикалық әлеуеті болмайды. Дұрыс шығымдылығы да жоқ. Соған қарамастан, қолданыстағы тетік бұл ескі тұқымдарды да субсидиялауға мүмкіндік береді. Біз арнайы есептедік, қазіргі кезде төленетін субсидиялардың шамамен жартысы айналым мерзімі он жылдан асып кеткен тұқымдарға беріледі екен. Бұндай енді болмайды. Біз тек айналу мерзімі он жылға дейінгі тұқымдарға ғана субсидия береміз", – деп мәлімдеді Асқар Мырзахметов.  

Оның айтуынша, осының арқасында қыруар қаржы артылады әрі олар қайта бөлінетін болады.

Рас, қазір сол ескі, бірақ арзандау тұқымдармен күн көріп, министрлік, мемлекет мақтан тұтатын миллиард пұттан артық астықты беріп отырған егіншілердің жағдайы қалай болатынын вице-премьер нақтылап жатпады.

"Бізде тұқым шаруашылықтары көп емес, олардың жалпы саны 311 ғана. Олардың барлығына мұқият ревизия жүргізілді. Олардың барлық проблемалары назарларыңызға ұсынылып отырған "Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту карталарында" көрініс тапты. Біз қай жерде қандай қиыншылықтары барлығын және олардың тұқым сапасына қалайша ықпал ететінін білеміз. Қайталап айтамын, біз он жылдан асып кеткен тұқымды субсидиялаудан бас тартамыз. Бұдан 3,4 миллиард теңге босатылады. Бұдан былай субсидия тұқымның сапасына қатысты да беріледі. Бұл жерде тұқым шаруашылықтары басшыларының мына жайтқа назарын аударта кеткім келеді: егер біздің отандық тұқымдар сапалық сипаттамасы бойынша шетелдік баламасына ұтылатын болса, онда біз тауар өндірушілерге импорттық баламасын сатып алуына рұқсат беруіміз керек" – деді АШМ басшысы.

Ол өз сөзінде қызықты бір бастамасымен бөлісті: әлемдегі және еліміздегі көрікті болғысы келетін адамдар үшін қой майынан жасалатын өнім ұсынылмақ.

"Жақында ақордада мені қабылдаған елбасы аграрлық ғылымды дамыту керектігін баса айтты. Сондықтан біз аграрлық ғылымды түбегейлі жаңғырту бойынша бөлек, жеке карта жасамақпыз. Басты қағидат – отандық аграрлық ғылым өндірісте сұранысқа ие өнімдер шығаруға баса ден қоюға тиіс. Әйтпесе, қазір біздің салада ғылым зерттеудің тақырыбын да өзі белгілейді, кейін ол бойынша да өзі есеп береді. Осымен бәрі ұмыт қалады. Ал енді кез келген тақырып өндірісте, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер тарапынан сұранысқа ие екенін дәлелдейге тиісті болады. Егер дәлелдесе, біз қаржыландырамыз. Екінші шарт – ғылыми-зерттеу өнертабыстар мен жобалар тақырыбын қалыптастыруға бизнес қатысуы міндет болады", – деді Асқар Мырзахметов.

Осы орайда ол нарықта сұранысқа ие болуы мүмкін бір тақырыпқа жеке тоқталды:

"Мәселен, қой шаруашылығының тиімділігін арттыру үшін оның терісі мен жүнін өңдеу бойынша басқа шараларды қолға алуымыз керек. Қойдың қылшық жүнін алайық. Одан бізде әзірге негізінен киіз дайындалады. Бірақ ол сонша терең өңдеу болып табылмайды. Қазір әлемде бұл салада инновациялық технология пайдаланылады. Нәтижесінде, қылшық жүннен май тәріздес затты әзірлейді. Ал одан ланолин жасалады. Ал ланолин әлемде косметологияда кең қолданылады. Яғни, осы арқылы біз отандық қой шаруашылығының қосылған құнын арттыра аламыз", – деді вице-премьер Асқар Мырзахметов.

Осы мақсатта арнаулы әзірленген картада қой сою бекеттерінде қанша "жүн дайындау пункті" ашу қажеттігі есептелмек.

Ауыл және аграрлық шаруашылық депутаттар арасында үлкен ынта-ықылас тудыратыны мәлім, себебі, сайлаушыларының біразы сонда. Осы тұста өткенде Астанаға ауылдардан келетін жастар ағынын шектеу керек деп басы дауға қалған Владимир Божко сол әңгімесін қайта жалғастырды. Мәжіліс вице-спикері "үкімет сағатын" жүргізіп отырған болатын.

Алдымен АШМ басшысы-вице-премьер Асқар Мырзахметов ауылға маман даярлау мәселесінде сұрақтар барлығына назар аудартты.

"Ол мәселені де біз үкіметте көтеріп отырмыз. Білім министріне біз де айттық. Мәселен, "Болашақ" бағдарламасында ауыл шаруашығы мамандарын көбейту мәселесі қаузалуда. Өйткені қарасаңыз, олар арасында жоқтың қасы. Содан кейін ЖОО-ларға ауыл үшін бөлінетін білім гранттары санын да көтеру мәселесі, сонымен бірге бітірген студенттердің кейін міндетті түрде ауылдық жерге барып, белгілі бір мерзім бойы грантын өтеу мәселесі көтерілуде. Талапкерлер басқа мамандықтарға тапсырып, өте алмаса, артынан ауыл шаруашылығы мамандықтарына өте салады. Содан оны оқып шыққанымен, ауылға бармайды. Сондай-ақ бұл мамандықтарға түсетіндердің көбі қыздар екені де белгілі. Осы мәселелердің барлығын топтастырып, жүйелі түрде қарап жатырмыз. Өйткені көп нәрсе маманға да байланысты", – деді вице-премьер.

Мұны естіп, Владимир Божко қала балаларының ауылдық мамандықтарға түсуіне кейістік білдірді:

"Бізде қазір аграрлық университеттерге түскенімен, оқу бітіргеннен кейін де асфальтта қалып қоятын "асфальт балалары" көбейіп барады. Ал егер оның оқуына мемлекет қаржы берген екен, демек, мемлекет оған шарт қоюға да құқылы. "Болашақ" қаржы бөлсе, баспанасын кепілзатқа алады да, кейін келісімшарт бойынша бес жыл бойы белгілі бір салада қызмет өтеуін талап етеді. Бұл салада да осылай еткен дұрыс болады. Мұны тездетіп қолға алу керек. Әрине, келіспейтіндер де болары анық. Бірақ институттан кейін мемлекет бағыттаған жерге барғысы келмесе, оқуға қалтасынан ақша шығарсын", – деп шарт түйді мәжіліс басшысының орынбасары Владимир Божко.

Жиын тақырыбына оралсақ, елбасының тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап АӨК-ті дамытудың 2021 жылға дейінгі бағдарламасы іске асырыла бастады. АӨК үшін мемлекеттік қолдау және бағдарламаны жүзеге асыру үшін АШМ ауыл шаруашылығының басты бағыттары бойынша АӨК-ті дамыту карталарын жасады.

Асқар Мырзахметовтың айтуынша, мәселен, ауыл шаруашылығы кооперациясы картасы қабылданып, оны іске асырудың арқасында ағымдағы жылы мал шаруашылығында алғашқы нәтижелерге қол жеткізілді. Мал шаруашылығы өнімінің өндірісі 3,3 %-ға: ет өндірісі 5,7%-ға, сүт өндірісі 2,8%-ға ұлғайды.

2017 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 56 мыңнан аса жеке қосалқы шаруашылық пен ұсақ шаруа қожалықты қамтыған 745 кооператив құрылды.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар жеке кәсіпкер болып қайта тіркеліп, 5 968 бордақылау алаңын құрды. Аталған бордақылау алаңдарының қуаттылығы 102,5 мың басты құрайды.

Аграрлық қайта өңдеуді дамыту үшін егжей-тегжейлі талдау жүргізіліп, алғаш рет қайта өңдеу кәсіпорындарының деректер базасы қалыптастырылды.

Импорт үлесінің жоғарылығын, жүктелмеген қуаттылықты және шикізаттық әлеуетті ескере отырып, қайта өңдеудің 9 басым түрі айқындалды.

Картаға сәйкес 79 жаңа зауыт салу және 80 зауытты жаңғырту керек.

Картаны іске асыру барысында қайта өңделетін өнімдердің жалпы өндірісін 1,9-дан 3 трлн теңгеге дейін ұлғайтуға және 7 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

АӨК-ті дамытудың өзекті мәселелерінің бірі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің техникалық жарақтануы болып табылады.

Ауыл шаруашылығы техникасының паркіне жүргізілген талдау барысында техникаларды қолдану мерзімі 17 жылдан асып кеткенін көрсетіп отыр. Бұл ретте, аталған тракторларды жөндеу мен жанар-жағармай шығыны 20%-ға өсіп, астық жинау барысында зиянын тигізетінін көрсетті.

Картаны жүзеге асыру машина-тракторлы парктерді жаңалау қарқынын арттырып, отандық ауыл шаруашылығы техникаларын өндіру көлімін ұлғайтуға және импорттық техникалар көлемін азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, картада өсімдіктерді қорғау, агрохимия, жем-шөп өндіру, егістік алқабын ұлғайту, шалғайдағы қой шаруашылығы, көтерме-тарату орталықтары, аграрлық ғылымды жаңғырту мен мемлекеттік қолдау сондай-ақ, АӨК-ті дамытудың әр саласына нақты шаралар қарастырылған.

Карталар министрліктің, "Атамекен" КҰП-ның алаңында, сондай-ақ өңірлерде салалық қауымдастықтар және одақтар, қоғамдық кеңестер, агробизнес және ғылыми ұйымдар өкілдерімен талқыланды және барлық мүдделі тараптарды ескере отырып пысықталды.

Жанат Ардақ

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться