Тұмар-2023: "Atameken Business" арнасындағы "Дневной формат" үздік ақпараттық бағдарлама атанды

1610

Елорда төрінде өткен "Тұмар-2023" ұлттық телевизиялық байқауының марапаттау кешінде жеңімпаздарға 1 млн теңге ақшалай сыйақы мен "Тұмар" мүсіншесі берілді.

Тұмар-2023: "Atameken Business" арнасындағы "Дневной формат" үздік ақпараттық бағдарлама атанды Фото: inbusiness.kz

"Atameken Business" телеарнасындағы "Дневной формат" бағдарламасы "Үздік ақпараттық бағдарлама" аталымында жеңіске жетті, деп жазады inbusiness.kz.

Бұдан бөлек телеарнадағы "Мир.Итоги" бағдарламасы "Үздік аналитикалық бағдарлама", ал "Басты тақырып" бағдарламасы "Үздік ток-шоу" аталымдарында номинант болды.

"Барлығыңызға көп рақмет. Өте қатты толқып тұрмын. Өзім үшін бұл орындалған арман. Бұл – журналистикадан Қазақстандағы Оскар. Қуанышымда шек жоқ. Бүгінгі жеңісті ата-анама арнаймын. Әрине басшылығымызға және ұжымыма рақмет айтамын", - деді "Дневной формат" бағдарламасының жүргізушісі Мариям Лұқпанова.

"Жақында Мемлекет басшысы айтып өткендей, мақсат тек жаңалық тарату ғана емес. Сонымен қатар оқиғалар мен құбылыстардың өзара байланысын, сапалы сараптаманы көрсету де маңызды. "Дневной формат" бағдарламасы 4 маусым бойы бұл міндетті абыроймен атқарып келе жатқанын атап өткім келеді. Көрермендерімізге, басшылыққа және бүкіл ұжымға алғысымды білдіремін",- деді бағдарлама жүргізушісі Жалғас Азғанбаев.

Жетінші жыл қатарынан өтіп жатқан байқауға биыл 300-ге жуық өтінім келіп түскен. Барлығы 12 номинация бойынша 48 үміткер болды.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі марапаттау кешінде бүкіл журналиске шын жүректен ризашылығын білдірді.

"Тұмар" сыйлығы – Мемлекет басшысы қоғамның барометрі атаған ақпарат саласындағы үлкен байқау. Қазір оның журналистер арасында үлкен қызығушылыққа ие болып отырғаны қуантады. Биылғы байқауға келіп түскен өтінімдер соның айғағы. Әрине әрбір әріптесіміз оған лайық", - деді министр.

Ұлттық телевизиялық бәйгенің жеңімпаздары:

                ⁃              Телевизия майталманы Камал Смайылов атындағы "Үздік деректі фильм" номинациясы –"Абайдың соңғы күндері" деректі фильмі ("Хабар" агенттігі);

                ⁃              "Үздік әлеуметтік жоба" –  "Жанашыр"("Жетісу" арнасы);

                ⁃              "Үздік ақпараттық бағдарлама" – "Дневной формат" ("Atameken Business" телеарнасы);

                ⁃              "Үздік аналитикалық бағдарлама" – "Apta" ("Qazaqstan" ұлттық телеарнасы);

                ⁃              "Үздік ток-шоу" – "1001 түн"("Qazaqstan" ұлттық телеарнасы);

                ⁃              "Үздік аймақтық телеарна" – "Caspian news" телеарнасы (Атырау облысы);

                ⁃              "Үздік тележурналист" – Әйгерім Мұздыбаева ("Еуразия" бірінші арнасы);

                ⁃              "Үздік ойын-сауық бағдарламасы" –  "Түнгі студия" ("Jibek joly" телеарнасы);

                ⁃              "Үздік журналистік зерттеу" –  "Арнайы репортаж" ("Хабар 24" телеарнасы);

                ⁃              Отандық тұңғыш телевизия аниматоры, суретші, кинорежиссер Әмен Қайдаров атындағы "Үздік анимациялық фильм" номинациясы – "Дәрігер Дана" (Rio Production ютуб-каналы);

                ⁃              Амангелді Сейтхан атындағы "Үздік спорт комментаторы" номинациясы – Есей Жеңісұлы ("Qazsport" телеарнасы);

                ⁃              "Үздік тележүргізуші" –Еркін Байғабылұлы ("Хабар 24" телеарнасы) және Светлана Булатова ("КТК" телеарнасы).

Бұдан бөлек отандық телевизияның дамуына сіңірген еңбегі үшін "31 арна" арнайы жүлдеге ие болды.

Биылғы сайыстың басты жаңалығы "Үздік спорт комментаторы" және "Үздік журналистік зерттеу" номинацияларының енуі деуге болады.

Айта кету керек, "Тұмар" ұлттық телевизиялық бәйгесі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен 2017 жылы құрылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу