Тур де Франс. 8-кезең. Лопес жалпы есепте бір саты жоғары көтерілді

1228

Таулы аймақта өткен жарыста "Астана" шабандоздары көш бастады.

Тур де Франс. 8-кезең. Лопес жалпы есепте бір саты жоғары көтерілді

Казардан Луданвьельге дейін өткен 8-кезеңде "Тур де Франс" пелотоны жарыс жолындағы үш асудан кейін Пиренейге жетті. Коль де Менте (1-дәржелі, 6.9 шақырым, 8.1%), Пор де Бале (жоғарғы дәрежелі, 12.2 шақырым, 7.6%) және Коль де Пейресурд (1-дәрежелі, 9.7 шақырым, 7.5%) асуларымен кезең жарыстың фавориттері үшін нағыз сынақ болды.

Мигель Анхель Лопес жалпы есепте жеңіске үміткерлермен бір топта, мәреге 11-болып келді.

"Мықты шабандоздармен бір топта финишке дейін қалғаным үшін өте қуаныштымын. Бұл өте қиын кезең болды. Сонымен қатар жарыс жолының екінші бөлігінде топтың жылдамдығы өте жоғары болды. Сондықтан көп күш жұмсауға тура келді. Бірақ, мен өзімді жақсы сезіндім. Команда да тамаша жұмыс атқарды. Шешуші сәтте менімен бірге Харольд Техада мен Горка Исагирре, ал алдыңғы қатарда сайыстың фавориттері болды. Бірқалыпты жүруге және өз ырғағымды сақтауға тырыстым. Иә, финалда шабуылдар өте көп болды. Дегенмен құлдида да оларға жауап беріп отырдым. Сондықтан барлығы жақсы өтті. Енді алдымызда қиын күндер күтіп тұр. Күннен күнге алға жылжып отырамын. Оқиғаның қалай өрбитінін көре жатармыз", - деді Мигель Анхель Лопес.

"Бүгінгі секілді кезеңде жеңіске жету өте қиын болды. Алайда жеңіліп қалуымыз да мүмкін еді. Сондықтан біз жарыстың әрбәр сәтінде мұқият болуға және көшбасшымыз Мигель Анхель Лопесті қорғап қалуға тырыстық. Алға озған топтың жеңіске жетуге мүмкіндігі жоғары болатынын білдік. Шабандоздарымыз 100 пайыз бар күшін салып, біз өз тобымызда қала береміз деп шештік. Финал жойқын өтті. Шабуылдар да өте көп болды. Өздеріңіз байқағандай алдыңғы қатарда тек команда капитандары ғана қалды. Мигель Анхель Лопес жарыс күнін жақсы өткізді. Ол басқа фавориттермен бір топта болды. Бұл жарыстың тек алғашқы аптасы. Сол себепті ең бастысы уақыт жоғалпай, өз позициясын мықты шабандоздармен бірге жақсарта беруі керек", - деді "Астана Про Тимнің" спорттық менеджері Дмитрий Фофонов .

Расымен де, көшбасшы топ үшін барлығы сәтті өтті. Жарыс басталғаннан кейін 13 шабандоз пелотоннан бөлініп, 12 минуттай басымдылыққа ие болды. Бұл уақыт оларға кезеңдегі жеңіс үшін таласуға жеткілікті болды. Нәтижесінде құлдиға жеткенде, Пор де Баледе шабуылға шыққан француз Нанс Петер жеңімпаз атанды. Көшбасшы топтағылардан тек 8 шабандоз ғана финишке дейін жетті. Олардан кейін мәреге Тадей Погачар (+6.00), Роман Барде (+6.38) және Мигель Анхель Лопестер (+6.40) келді. Лопес 11-нәтиже көрсетіп, фавориттер арасынан мәреге алғашқы болып келді.

Британиялық Адам Йейтс көшбасшының сары жейдесін сақтап қалды. Йейтске 13 секунд уақыт ұтылған Мигель Анхель Лопес жалпы есепте 7-сатыға көтерілді.

Ертең Пиренейде жарыс одан әрі жалғасады. Шабандоздар ұзақтығы 153 шақырым болатын 9-кезеңді жүріп өтеді. По қаласынан басталатын жарыс Ларунда аяқталады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу