"Тур де Франс". Алғашқы кезең ауыр өтті

1348

"Тур де Франстың" 1-кезеңі "Астана Про Тим" шабандоздары үшін сәтсіз басталды.

 "Тур де Франс". Алғашқы кезең ауыр өтті

"Тур де Франс-2020" веложарысы Ницца қаласының маңында қауіпті әрі жаңбырлы кезеңмен басталды. Толассыз жаңбыр жауғандықтан, 156 шақырымға созылған жарыс жолы тайғақ болды. Сондықтан шабандоздар қақтығысы орын алып, сайыс барысында "Астана Про Тимнің" шабандоздарынан Омар Фраиле, Харольд Техада және команда капитаны Мигель Анхель Лопес те жарыс жолында құлады.

Мигель Анхель Лопес екі рет құлап, финишке 3 шақырым қалғанда тағы да бір топ шабандоздың арасында қалып қойды. Қуанышқа орай "Астана Про Тимнің" шабандоздары ауыр жарақат алған жоқ.

"Бүгін біз қауіпті тас жолда шабандоздардың көбі құлап жатқанын көрдік. Жарыс жолында қиындықтар туындады. Сондықтан алғашқы кезең жүйкемізді жұқартты. Жаңбыр жағдайды айтарлықтай қиындатып жіберді. 2-айналымда құлдида жол белгісіне соғылып, құладым. Дегенмен ауыр жарақат алмадым. Қалай болғанда да мәреге дейін жетіп, кезеңді аяқтадым. Енді бастысы қайта бабыма келу керек. Ертең бізді тағы бір қиын кезең күтіп тұр",- деді Мигель Анхель Лопес.

"Ең алдымен, біз "Тур де Франс" көпкүндігінің басталғанына қуаныштымыз. Әрине, жаңбырдың әсерінен кезең қиынға соқты. Жарыс бағытын білгендіктен, жаңбыр кезінде тас жол шабандоздар үшін өте қауіпті болады деп ойладық. Олар көп құлағандықтан командамызға алдыңғы қатарға шығуға кеңес бердік. Лопес жол белгісіне соғылып, құлады. Бірақ, қуанышқа орай қазір жағдайы жақсы. Сондай-ақ, мәреге 3 шақырым қалғанда тағы бір тосқауыл болды. Дегенмен біз үшін бәрі ойдағыдай өтті. Ертең ауа-райы жақсы болады деп үміттенеміз. Енді 2-кезеңге дайындалып жатырмыз, - деді "Астананың" спорттық менеджері Дмитрий Фофонов.

Алғашқы кезең спринтпен аяқталып, норвегиялық велошабандоз Александр Кристофф жеңіске жетті. "Астана Про Тим" шабандоздарынан тек Уго Уль ғана құлаған жоқ. Ол финишке көшбасшылар тобымен бірге, 15-болып келді.

"Тур де Франстың" 2-кезеңі бүгін өтеді. Шабандоздар тағы да Ницца қаласында, ұзақтығы 186 шақырым жарыс жолын бағындырады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу