"Тур де Франсқа" қатысатын қазақстандық шабандоздардың есімдері белгілі болды

593

Биылғы "Тур де Франсқа" әлемнің ең мықты деген 176 шабандозы қатысады.

"Тур де Франсқа" қатысатын қазақстандық шабандоздардың есімдері белгілі болды

Қазақстандық Astana Qazaqstan Team командасының Тур де Франс көпкүндігіне қатысатын спортшыларының құрамы белгілі болды. Елордалық команданың сегіз шабандозы - Алексей Луценко мен Евгений Федоров, италиялық Джанни Москон, испаниялықтар Луис Леон Санчес пен Давид Де Ла Круз, британиялық Марк Кавендиш, голландиялық Кес Бол, колумбиялықтар  Харольд Техада Францияда ел намысын қорғайтын болады. Айта кетейік, аты аңызға айналған көпкүндік жарыс шілденің 1-і мен 23-і аралығында Испанияның Бильбао қаласында басталып, Парижде аяқталады.

Луценко жуырда тас жолдағы велоспорттан Қазақстан чемпионатында екі алтын медаль жеңіп, абсолютті чемпион атанды. Луценко 1 шілдеде басталатын "Тур де Франс" жарысында Astana Qazaqstan Team командасының капитаны ретінде жарыс жолына шығады. Осы орайда Алексей Луценконың бірінші бапкері Виктор Потапов шабандоздың ағымдағы маусымдағы бабына баға берді.

"Кәсіби қасиеттерге келер болсақ, Луценконы көп күндік жарыстардың шабандозы ретінде жарыс жолына шығару ең жақсы нұсқа деп есептемеймін. Бұрын Алексейдің финиште жылдамдығы жоғары болатын. Қазір ондай емес. Бұл қазіргі бапкерлердің кейбір сәттерде төмен деңгейде жұмыс істеп жатқанын, оған дұрыс көзқарас таба алмағанын аңғартады.

Дегенмен, қазіргі уақытта Луценконың жарыс жолындағы қарқыны жоғары, физикалық тұрғыдан алғанда бабы тамаша. Менің ойымша алдағы "Тур де Франста" ол жалпы классификация бойынша ТОП-10-ға кіріп, тіпті кезеңдердің бірінде жеңіске жетуі әбден мүмкін. Сондықтан мен Лешаға сәттілік тілеймін және "Үлкен күрмеуде" нағыз ер адамға лайықты шыдамдылық танытуға кеңес беремін", - деді Потапов.

Осы сенбіде, бірінші кезеңде шабандоздар Бильбао маңындағы Бискай шығанағы жағалауындағы таулы (2500 метрге дейін көтерілу) аймақта 182 шақырымды жүріп өтеді. Ал Витория-Гастейс пен Сан-Себастьян қалаларының арасында өтетін екінші кезеңнің жарыс жолының ұзақтығы 208,9 шақырымды құрайды. Бұл биылғы франциялық велододаның ең ұзақ кезеңі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу