"Тур де Франстың" 19-кезеңі аяқсыз қалды

1957

Атақты веложарыс "Тур де Франс" табиғи жағдайларға байланысты қиындықтарға тап болды. Бұл кезеңнің нәтижелері қазір бүкіл әлемде дау тудыртып отыр. 

"Тур де Франстың" 19-кезеңі аяқсыз қалды

"Тур де Франстың" 19-кезеңі Тинь деген елдімекенде аяқталды. Коль де л’Изеран тауынан түсіп келе жатқан тұста сайысты тоқтатқан ұйымдастырушылар табиғи жағдайды дұрыс бағамдады. Себебі қатты жауған бұршақ пен жолды жауып түскен селдің салдарынан жарысты одан әрі жалғастыру мүмкін болмас еді. Шабандоздар дер кезінде тоқтап, олардың кезеңдегі уақыттары дәл осы Коль де л’Изеран тауында тіркеген уақытпен сәйкес есептелетін болды. Тура сол сәтте алға шыққан колумбиялық шабандоз Эган Бернальб су жаңа көшбасшы атанып, сары жейдені киді. Ал кезеңнің жеңімпазы ресми хаттамаға тіркелмеді.

Дегенмен жарыстың тоқтауына дейін жағдай әрқилы өрбіген болатын. "Астана" шабандоздары өткір шабуылға шығып, қарсыластарын үнемі қорқынышта ұстады. Әр қапталдан жұлқып шығып, бәсекелестердің зәре-құтын қашырған елордалық шабандоздар бұл кезеңде ойларына келген істеп бақты. Кейіннен Алексей Луценко, Магнус Корт және Горка Исагирре бастаған үштік алға суырылып шықты. Олардың кезеңнің жеңімпазы болуға таласып жүргенін қазір бәрі біледі. Себебі жарыста "Астананың" негізгі екі мықтысы жоқ. Олар жарақат алып, жалпы есептен шығып қалған.

"Бүгін мен өзімді жақсы сезіндім. Дегенмен алға озып шыққан топтың ішінде бізден бөлек жалпы есептегі секундтарға таласып жүргендер де болды. Олардың ойлары да біздікінен кем емес. Коль де л’Изеран тауын мен сол фавориттермен бірге ілесіп жүріп өттім. Кейіннен төменге құлдилай бергенде радиодан жарыстың тоқтағаны туралы естідім. Негізі мен осындай жағдайларға талай мәрте тап болғанмын. Менің ойымша ұйымдастырушылардың қабылдаған шешімі дұрыс, - деді Магнус Корт.

- Жарыс ұйымдастырушылары дұрыс шешім қабылдады. Біздің жігіттер де бүгін жақсы жұмыс істеді. Олар алға озып шығып, біршама күш жұмсады. Дегенмен, алға озғандарды жалпы есептің көшбасшылары ұзаққа жібергілері келмеді. Бірақ, біздің шабандоздардың әр кезеңде жеңіске жеткісі келіп жүргендері анық байқалады. Тек бүгін кезең соңына дейін аяқталмады", — деді "Астана" спорт менеджері Дмитрий Фофонов.

Кезеңнен кейінгі тіркелген нәтижелерге сәйкес Қазақстан чемпионы Алексей Луценко жалпы есепте 17-орынға көтерілді.

Ертең жарыстың 20-кезеңі өтеді. Шабандоздар Альбервильден Валь Торен тауына дейінгі 130 шақырым аумақты басып өтеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу