"Тұран кап" додасы жайлы

1825

Бүгін ақпарат көгіне "Тұран кап" додасы жайлы бірнеше жаңалық шықты. Біз осы тақырыпты тарқатып көрсек.

"Тұран кап" додасы жайлы

Түркия футбол федерациясының сыртқы байланыс қызметкері Гюркан Теоман деген кісі Түркі елдеріне ортақ жарыс ұйымдастырайық деп мәлімдепті. Ақпаратты анықтап көрсек Гюркан мырза Түркия футбол федерациясында ондай қызметте істемейді екен. Ол сол федерацияға ақылшы адам ретінде, көптеген жобаларды ұсынып жүретін тұлға болып шықты.

Гюркан Теоман негізі саясаттанушы және сол саясатпен айналысатын адам. Дегенімен футбол жарысы жайлы идеясы көпшілікке ұнағаны рас. Халықтар арасындағы ынтымақтастық нығайып, қарым-қатынас күшейеді. Әрі бұл жарыс телекөрсетілім арқылы көп қаржы түсіреді. Сонымен қатар, клубтар бір-бірімен футболшылар алмасады. Таланттарды байқайды. Сосын мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық, әріптестік арта келгеннен кейін Түркі әлемі бірігіп, қайта күшке айналып, ірі одақ екенін айналаға көрсете алатын жағдайға жетеді. Өзбекстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркменстан және Солтүстік Кипр секілді түркітілдес халықтардың клубтары бір жарысқа қатысып, ұлыстардың бауырмашылдығын арттыра түседі. Саясаттанушы Гюркан Теоман (https://gurkanteoman.com/) бұл жағын жақсы байқаған. Айта кетуіміз керек Дархан Қыдырәлі басқаратын Түркі академиясы да бұл жобаға бей-жай қарамайтын шығар. Дархан Қуандықұлы өзі де футболды бір кісідей жақсы көретін адамдардың бірі.

Бұл доданың өтуіне демеуші болатын компаниялар жетіп артылады. "Тұран каптың" ең бастысы қай елде өтетіндігі. Түсінікті, алғашқы бірнеше жыл жарыс Түркияда өтсін. Бұл елдің инфроқұрылымы, табиғи жағдайы футбол тұрғысында өте жақсы. Әсіресе қаңтар-ақпан айларында Қазақстанның клубтары тегіс осы елде оқу-жаттығу жиындарын өткізеді. Бәлкім осы бір мезетте жарысты ұйымдастырып жіберсе тамаша болар. Оған аталған елдердің кубок иегерлері қатысады.

Әлбетте турнирдің форматы мен өту уақыты шешіле жатар. Ең қызығы Түркиялық баспасөздерге шолу жасай отырып мен Гюркан Теоманның мына бір керемет идеясына жолықтым. Түркі тектес елдердің футболшылары бір-біріне легионер саналмасын депті. Бұл жобаны осы жақында Еуразиялық ынтымақтастық одақ елдері қабыл алды. Маусымнан бастап қазақ футболшылары Ресейде легионер емес. Ресей, Белорусь, Армения елдерінің футболшылары да Қазақстан аумағында легионер болып саналмайды. Онда біз неге Түркі тектес елдер осындай қадамға бармаймыз? Оның үстіне тіліміз бен дініміз бір. Қазақстанның жас талантты футболшылары Түркияның "Галатасарай", "Фенербахче" секілді атақты клубтарында ойнаса керемет емес пе? Сондықтан да, Қазақстан тарапы бұл жобаны қолдауы тиіс деп есептеймін. Түркі елдерінің ынтымақтастығы артқанынан біз ештеңе де ұтылмаймыз. 

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу