Тұрғын үй нарығы тұралап қалуы мүмкін – сарапшы

Ресейге қарсы санкциялар Қазақстанның құрылыс секторын айналып өтпейтіні анық. 

Тұрғын үй нарығы тұралап қалуы мүмкін – сарапшы

Тұрғын үй бағасының арзандауын күтудің қажеті жоқ. Бұл туралы "Дағдарыстағы жылжымайтын мүлік. Қауіп-қатер және перспективалар" атты баспасөз конференциясында Қазақстан құрылыс компаниялары қауымдастығының төрағасы Виктор Микрюков айтты, деп жазды inbusiness.kz.

"2021 жылы арматура 323 мың теңге болса, қазір 507 мың теңге, жыл соңына дейін біз бағаның төмендеуін күтеміз. Бетон құнының тұрақты өсу үрдісі байқалады, төмендеу күтілмейді. Газ блоктарына келетін болсақ, жыл соңына дейін баға тұрақтауы мүмкін. Бірақ барлық материалдардың бағасы төмендеп, шаршы метрдің құны арзандайды деп күтудің қажеті жоқ. Көпшілік баспана бағасы төмендейді деп отыр. Алайда 2020 жылдан бастап біз шығындардың тек тұрақты өсу үрдісін байқадық", – деді Виктор Микрюков.

Сарапшының айтуынша, тұрғын үй бағасына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – құрылыс материалдарының қымбаттауы. Екінші фактор – мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің шешімдері.

"Елорда мен Алматы әкімдігі шартты түрде құрылыс көлемін қысқарту туралы шешім қабылдаса, ол бірден бағаға ықпал етеді. Құрылыс компаниялары бағаны арттыру арқылы шығындарын өтейді. Бұл логикалық механизм. Құрылыс секторындағы баға белгілеу және реттеу тәсілдері жұмсақ болуы керек және бизнес пен мемлекет арасындағы ынтымақтастықта талқылануы шарт", – деп түсіндірді қауымдастық басшысы. 

Осыған байланысты сарапшы өңірлердегі құрылыс нарығы тұралап қалуы мүмкін деген алаңдаушылық білдіріп отыр.

"Қазір орын алып отырған келесі тәуекел – ипотекалық бағдарламалардың жабылуымен байланысты нарықтағы сатылымның төмендеуі. Бұл барлық аймақтарға оң әсер етпейтіні анық. Ипотекалық бағдарламаларсыз құрылыс саласының қарқыны айтарлықтай бәсеңдейді", – деп түсіндірді спикер.

Бірінші кредиттік бюро мәліметтеріне сүйенсек, 1 ақпандағы жағдай бойынша ипотекалық несие алған 18 мыңнан астам борышкер банктерге 192 млрд теңге қарыз. Мұндағы 8 мың қарыз алушы төлем мерзімін 90 күннен аса кешіктірген. 

Егер соңғы сегіз жылдағы көрсеткіштерді салыстыратын болсақ, Қазақстанда ипотекалық портфельдің сапасы тұрақты түрде жақсарып келеді. Осылайша, биылғы қаңтарда төлеу мерзімі кешіктірілген ипотекалық берешектің үлесі 2,5%-ды құрады. 2014 жылғы қаңтарда бұл көрсеткіш 25,2% болатын.

Сонымен қатар спикер салаға қысым жасап отырған жағдайлардың бірі – Ресейге қарсы санкциялар деп есептейді. Бұл шектеулер Қазақстанның құрылыс нарығын айналып өтпесі анық. 

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше қазірдің өзінде тұрғын үй бағасы 10%-дан аса қымбаттады. Ал сала импортқа тәуелді екенін ескерсек, бағаның қалай құбылатыны да белгілі. 

"Құрылыс қымбаттап кетті. Құрылыс материалдары орта есеппен 10-25%-ға қымбаттады. Бұл ретте, қиыршық тас, арматура және басқа да құрылыс материалдарының жекелеген түрлерін алатын болсақ, олардың құны 100%-дан аса өсті. Иә, арматура сияқты кейбір материалдар арзандады. Бірақ жағдай әлі де белгісіз", – деді ол.

Құралай Құдайберген 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу