Тұрғын үйді қай уақытта сатып алған тиімді екені белгілі болды

1039

Жыл аяқталуға жақын. Қазақстанда тұрғын үй бағасы 30%-ға дейін өседі деген болжамдар айтылуда. 

Тұрғын үйді қай уақытта сатып алған тиімді екені белгілі болды Фото: canva

Нарықта қандай жағдай қалыптасып отыр? Қазір үй алуға қолайлы уақыт па, әлде жағдайды бақылап, әліптің артық баққан дұрыс па? Редакция тілшісі осы тақырыпқа байланысты сала мамандарының пікірін білді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Нарықтағы ажиотаждың кімге тиімді екеніне келсек, ең алдымен бұдан пайда көретіндер – құрылыс компаниялары. Сондықтан нарықты қыздыратын кез келген сыбыс пен жаңалық көбіне болжам деңгейінде ғана қалып отыр. Негізгі дәлел ретінде келтіріліп жүрген ҚҚС мәселесі бар, ол келесі жылдан бастап енгізіледі, бірақ мөлшерлеме дәл осы деңгейде сақталады. Экономикалық немесе өзге де объективті факторлар, яғни сұраныстың күрт артуына себеп болатын алғышарттар жоқ. Ипотекалық мөлшерлемелердің жоғары болуы, халықтың нақты табыстарының төмендеуі, сондай ақ құрылыс секторындағы бәсеңдеу коммерциялық тұрғын үй құрылысының қарқынының төмендегенін көрсетеді. Бұл сұраныстың азайғанын білдіреді", – деді экономист Бауыржан Шурманов.

Оның айтуынша, нарықта нақты дүрбелең жоқ, тек қолдан жасалған қозғалыс байқалады.

"Ешкім 25% және одан жоғары пайызбен ипотека алуға жүгіріп жатқан жоқ. "Отбасы банк" бойынша сұраныс бар, бірақ ол түсінікті әрі негізделген. Жаңа салық режиміне дейін қолайлы шарттармен несие алуға мүмкіндік тұрған кезде азаматтардың оны пайдаланып қалуы заңды", – деді сарапшы.

Экономист Мақсат Халық та осы пікірге қосылды.

"Негізінде осы жылдың аяғында – қараша, желтоқсан айларында үйдің бағасы әдетте қымбаттайды. Себебі жылдың аяғында көптеген отбасы баспаналы болып, жаңа жылға жаңа баспанамен кіргісі келеді. Сұраныс артатын кезде, осындай спекулятивті әртүрлі дақпырт ақпараттар тарайды. Сондықтан негізінен қазіргі қалыптасып отырған тұрғын үйдің бағасы, шаршы метрінің құны өзінің құнына сәйкес келмейді. Ол "үрленген", асыра бағаланған баға деп есептеймін. Егер шынайы түрде тура сол материалдармен сол құрылысты жасап шығатын болса, егер бағалаушыларға бағалататын болсақ, үйдің бағасы тіпті екі есе төмендер еді деп есептеймін", – деп атап өтті ол.

Тұрғын үй бағасы неге өсіп жатыр?

"Оның әртүрлі себеп-салдарлары бар. Бірінші кезекте бұны құрылыс компаниялары да айтып қалып жатады, бұл жердің өзін сатып алып, оның мақсатты бағытын айқындап алу үшін де көп шығынға ұшырайтындарын айтады. Одан бөлек қазандықтан бастап эксплуатацияға дейін өте көп рұқсат қағаздар алу, бюрократиялық кедергілерге тап болатынын айтады. Бұл белгілі бір дәрежеде құрылыс мерзімін ұзартады, тиісінше құрылыс шығындарын арттырады, осылайша үйдің шаршы метріне де әсер етеді. Бұдан басқа отандық құрылыс компанияларының өнімдері нарықты толық қамтамасыз етуге жетпейді, сондықтан құрылысқа қажетті барлық жабдықты көп жағдайда шетелден импорттап әкелеміз", – деді Мақсат Халық.

Доллардың құбылуы өте үлкен септігін тигізіп жатады, дейді ол.

"Негізінен арматуралар мен бетондардың өзі бізде шығарылады деп айтамыз. Дейтұрғанмен, ол нарықты қамтуға жетпейді. Шетелден келгендіктен, көбінесе импорттық инфляцияның әсерінен қымбаттап кететіні бар. Бұл жанама әсер етеді. Одан басқа бізде демографиялық өсім бар, әрине, әсіресе ірі қалалар урбанизациясы байқалады. Адамдар ірі қалаларға қоныстанғысы келеді. Сондықтан осы тұрғыдан келген кезде белгілі бір дәрежеде ірі қалалардағы бағаның түспейтін, керісінше өсе беретін себептері осы. Тағы бір себеп – әртүрлі мемлекеттік, арнайы несиелендіру бағдарламалары. Нарықты қарайтын болсақ, сол бағдарламаларды тежемес үшін Президент өткенде ғана қосымша бюджеттен қаржыландырыңыздар деген тапсырма берді. Өйткені базалық пайыздың мөлшерлеме 18 пайыз болған кезде екінші деңгейлі банктер ипотекалық несиені тоқтатамыз деген мәлімдеме жасаған болатын", – деп есептейді экономист.

Мақсат Халық елімізде жылдағы өндіріс қуаты бізде 15 млн шаршы метр деңгейінде екенін жеткізді. Ол нарықта бәсеке жоқ деп отыр.

"Бір жылдары 17 млн шаршы метр болды, биыл да сондай рекорд қоямыз деп отыр. Бұның өзін қарайтын болсақ, шамамен 100 мың отбасыға арналған баспана деп айтуға болады. Олардың ішінде бизнес класс, комфорт класс, эконом класс бар. Үй кезегінде тұрған адамдардың саны 600 мыңнан асады. Олардың саны жыл санап өсіп келе жатыр. Олардың тізімін кемі 2 млн-нан асып жығылады. Осы азаматтардың бәрінің сұранысын өтеу үшін дәл осы өндіріс қуатымен әлі біз 20 жыл жұмыс істеуміз керек деген сөз. Демек, бізде тиісті құрылыс компаниялары жеткіліксіз. Нарықта нақты бәсеке жоқ, қосымша құрылыс компанияларының пайда болуына кедергілер көп деген сөз", – деп толықтырды экономист.

Баспана алуға қолайлы уақыт

"Мемлекеттік бағдарламалар мен "Отбасы банк" арқылы баспана қарастырып жүргендер үшін құжат тапсыруды ертерек бастаған дұрыс. Ал коммерциялық ипотеканы жоспарлап жүргендер үшін қазіргі жағдай ең тиімсіз кезең. Мұндай жағдайда жинақтап, мөлшерлемелердің төмендеуін күткен әлдеқайда ұтымды болады", – деп атап өтті экономист Бауыржан Шурманов.

Сарапшы Мақсат Халықтың сөзінше, қаңтар, ақпан айларында тұрғын үйдің бағасы әлдеқайда түсіп, тұрақтанады.

"Негізгі сауданың жасайтын уақыты сол мезгіл, көктемге дейінгі уақытта нарықта келісімшарттар екі есеге дейін құлап кетеді. Сондай кездерде баға да реттеледі. Бұл уақытта тұрғын үйді сатып алуға ең бір ыңғайлы уақыт деп өз басым есептеймін", – деді сала маманы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу