Қазақстандағы лифтілер жайлы шындық әшкереленді

538

Ел халқының 60 пайыздан астамы қала тұрғындары ескерсек, қазір екінің бірі күнделікті жеделсатыға, яғни, лифтіге мініп-түседі. 

Қазақстандағы лифтілер жайлы шындық әшкереленді Фото: canva

Бірақ көпқабаттағы үйлердегі жеделсатының бәрі қауіпсіздік талаптарына сай дей алмаймыз.

Жиі болмаса да, арагідік лифтіде қамалып қалған тұрғындар, жеделсаты шахтасына құлап кеткендер жайлы ақпарат шығып тұрады. Көп тақырыптың бірі көрінгенімен, бұнда да үкімет деңгейінде шешілуге тиіс мәселелер жетерлік.

Құрылыс және өнеркәсіп министрлігінің мәліметіне сенсек, қазір Қазақстандағы тұрғын үйлерде 33 858 лифт жұмыс істеп бар. Оның ішінде 4 144 лифт 25 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді. Ал 3 195 лифтіге күрделі жөндеу қажет. Яғни, елдегі 7,5 мыңға жуық жеделсаты қауіпті саналады.

Бір қызығы, кейінгі 6 жылда жергілікті бюджеттер есебінен елде тек 1728 жеделсаты ғана ауыстырылған. Ал Еуразиялық экономикалық комиссия Қазақстанда қызмет көрсету мерзімі 25 жылдан асып кеткен 7 мыңдай лифті барын мәлімдеп отыр.

Негізі құрылыста жеделсаты орнатудың өзіндік ережелері бар. Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының тұрғын үй салған кезде жеделсатының сапасына қойылатын талаптары бар.

Төраға орынбасары Валерий Лакисовтың сөзінше, қалыптасқан құрылыс салу стандарты бойынша, 9 қабатқа дейінгі үйлердің бір кіреберісіне бір жеделсаты, одан жоғары, 16 қабатқа дейінгілерге екі жеделсаты қойылады. Ал одан жоғары болса, қолданыс аясын ескеріп қабаттың артуына байланысты көбірек жеделсаты қойылады. Ал лифтіні қолдану ережелері, кім бақылайтыны келісімдерге қарай өзгереді.

Бір қызығы, елімізде көпқабатты тұрғын үйлердегі жеделсатыларды бақылайтын ресми маман қарастырылмайды. Әкімдіктерде ондай штат та, маман да, техникалық база да жоқ. Мысалы, Астанада тұрғын үй инспекциясында екі-ақ адам 10 430 лифтіні бақылайды, оның үстіне газ баллондарына жауап береді.

Ал облыстардағы ахуалды айтпай-ақ қойыңыз. 2013 жылы лифтілерге бақылау жүргізу ісін Үкімет жергілікті атқарушы органдарға бере салды. Сол кездегі Төтенше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздігі комитеті кәсіби бақылау функцияларын оңтайландыру деген желеумен осы қадамға барған.

Мәселе бұнымен біткен жоқ, 2014 жылдан бастап лифтілерге қызмет көрсету лицензияланбайтын болды. Нарықта құрал-жабдығы не арнаулы білімі жоқ компаниялар қаптады. Парламент сенатында бұған дейін саладағы компаниялар мемлекеттік сатып алуға қатысқаны, бірақ машықтанбаған, тек қаржы жымқыруға машықтанғаны айтылған.

Ал Үкімет өңірлердегі жағдайға барынша көңіл бөліп отырғандарын алға тартады. Бұл пікірді жергілікті әкімдіктер де қостайтыны белгілі нәрсе. Мысалы, Ақтөбе қаласы әкімдігі кейінгі 5 жылда 126 апаттық лифт ауыстырылғанын, Алматы әкімдігі былтыр 100-ден астам жеделсаты күрделі жөндеуден өткенін хабарлады. Ал Қарағандыда кейінгі 6 жылда 120-ға жуық лифт жаңартылған. Яғни, әр өңір жағдайы жеткенше аздап әрекет етуде. Бірақ тұрғындар шағымы, жеделсатылардың ескіруі осы процестен жылдам болып тұр.

Бұған дейін Үкімет пайдаланылғанына 25 жылдан асқан лифтілерді ауыстыру және жөндеу бойынша жол картасы әзірленетінін мәлім етті. Бұл жұмыс өңірдегі әкімдіктермен бірлесіп жүзеге асырылмақ екен. Комиссия құрылып, Құрылыс және өнеркәсіп министрлігіне тиісті тапсырма да беріліпті.

– Қолданыстағы заңнаманың нормаларына сәйкес, лифтілерге қызмет көрсететін ұйымдар өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жұмыстар жүргізу құқығына міндетті түрде аттестатталады. Жалпы, лифтілердің қауіпсіздігі мәселесі үкіметтің және жергілікті атқарушы органдардың бақылауында. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жасалатын болады, – деп жария еткен Үкімет.

Сонда бұдан былай лифтілерді тексеру, қадағалау, техникалық қауіпсіздік стандарттары мемлекеттік деңгейде бақыланып, лифт шығаратын, жөндейтін кәсіпорындарға лицензия беру қайта енгізілетін түрі бар. Бірақ үкіметке мыңдаған лифтінің шаруасына қайта бас қатыру оңай болмасы анық. Сайып келгенде, мәселе бюджеттің бір бүйіріне тиеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу