Туристерге Қазақстанның барлық қаласына келу енді ақылы болады

3284

Саяхатшылардан ең көп алым жинайтын өңірлер анықталды. 

Туристерге Қазақстанның барлық қаласына келу енді ақылы болады Фото: egemen.kz

Елімізде кез келген өңір, қала, тіпті әр аудан өзіне шетелдік туристерді көптеп тарту арқылы жергілікті қазынасын толтыра алады. Бұрын әр саяхатшыдан түсетін кірістер жергілікті қонақүйлердің, қоғамдық тамақтандыру орындарының, көрнекті жерлердің және басқасының табысы түрінде, жанама сипатта болатын.

Ал 2021 жылғы 30 сәуірде "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы күшіне енді. Ол Қазақстанның Бюджет кодексін "шетелдіктер үшін туристік жарналар" деген нормамен толықтырды. Содан алғашқы 2022 жылы шетелдіктер үшін туристерді орналастыру орындарындағы туристік жарнаға 0 (нөл) пайыз мөлшерлемесі қолданылды. Биыл барлық өңір бұл жарнаны "0" (нөл) көрсеткішінде белгіледі. Жаңа, 2023 жылға қазір нақты сандар бекітіліп жатыр. Жарна көлемін әр өңір өзі анықтайды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Мысалы, қазақстандықтар ғана емес, ресейліктер, басқа да шетелдік қонақтар тынығу үшін сүйікті орынға айналдырған Шығыс Қазақстан  облысының Қатон Қарағай өлкесі арзанға түседі: Қатонқарағай  аудандық мәслихаты 2023 жылдың 1 қаңтары–31 желтоқсаны аралығында шетелдіктер үшін туристік жарнаның мөлшерін болу құнының 1%-ы көлемінде бекіткен.  

Түркістан қаласының шамасы орташа болып шықты. Түркістан қалалық мәслихаты шаһарда "туристерді орналастыру орындарындағы шетелдіктер үшін туристік жарнаның мөлшерлемесін 2023 жылғы 1 қаңтардан 31 желтоқсанды қоса алғанда – 4% көлемінде" бекіткелі жатыр.

Орал қаласына сапарлау шетелдіктерге одан да қымбатқа түспек. Жергілікті депутаттар мақұлдаса, 2023 жылғы 1 қаңтардан 31 желтоқсанды қоса алғанда туристерді орналастыру орындарындағы шетелдіктер үшін туристік жарнаның мөлшерлемесі – болу құнының 5%-ы көлемінде белгіленеді.

Еліміздің ең ірі мегаполисі де өзіне "жоғары баға" белгілепті. Алматы қаласында жабайы емес, ұйымдастырылған түрде келетін шетелдік туристерден 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап, болу құнының 5%-ы көлемінде жарна жиналады.

Туристерге арналған қазақстандық магнит жерлердің бірі Балқаш өңірінде және қаласында жергілікті қалалық мәслихат тек жарты жылға ғана ставка белгілеп отыр: шетелдіктер үшін туристік жарнаның мөлшерлемелері 2023 жылғы 1 қаңтардан 30 маусымды қоса алғанда – болу құнының 5%-ы мөлшерінде бекітілген.

Өзге қалалар мен өңірлерде шетелдік саяхатшылардан алынатын туристік жарна мөлшерлемелері келесідей:

  • Астана қаласында – 5%;
  • Ақтөбе қаласында – 5%;
  • Қонаев қаласында – 5%;
  • Қостанай қаласындай – 5%;
  • Қызылорда қаласында – 5%;
  • Павлодар қаласында – 5%;
  • Талдықорған қаласында – 5%;
  • Арыс қаласында – 5%;
  • Рудный қаласында – 5%;
  • Лисаков қаласында – 5%;
  • Шахтинск қаласында – 5%;
  • Көкшетау қаласында – 3%;
  • Жаңаөзен қаласында – 1%.

Бұл жерде жергілікті мәслихаттары тиісті шешімін жұртшылық назарына жариялаған қалалардың ставкалары беріліп отыр. Өзге елді мекендердің бәрі жыл аяқтағанша, тиісті шешімдерді қабылдауға тиісті.

Жалпы, мұндағы алым көлемі жергілікті туризмнің дамытылуына қойылған бағамен бірдей. Себебі, Шетелдіктер үшін туристік жарнаны төлеу қағидаларының 8-бөліміне сәйкес, өткен желмен салыстырғанда, қонақтарды орналастыру орындарында тіркелген шетелдік туристердің саны айтарлықтай артса ғана, жоғары жарна ставкасы қолданылады:

Шетелдік туристер саны 5 пайызға артса – болу құнының 1%-ы;

  • 5 пайыздан 10 пайызға дейін – 2%-ы;
  • 10 пайыздан 15 пайызға дейін – 3%-ы;     
  • 15 пайыздан 20 пайызға дейін – 4%-ы;

20 пайыз және одан жоғары артса – болу құнының 5%-ы мөлшерінде туристік жарна белгілей алады.

Сондықтан бірқатар сарапшылар: "жақсы рейтингке ілігу үшін кейбір өңірлер жоғары ставка белгілей салуы мүмкін" деген күмән-күдігін жеткізіп жатыр. Әйтпесе, Шетелдіктер үшін туристік жарнаны төлеу қағидалары бойынша ставканы белгілемес бұрын шетелдік саяхатшылардың саны қаншаға артқанын нақты анықтап, есептемелер жүргізу талап етіледі.

"Ия, ең жоғарғы туристік жарна ставкасын белгілемес бұрын тиісті есептемелер жүргізілді! Статистикалық деректерге сай, 2022 жылғы 1 қаңтардан, 2022 жылғы 1 шілде аралығында Талдықорған қаласына 149 шетелдік турист келді. Салыстырсақ, 2021 жылы қалада барлығы – 29, ал 2020 жылы – 14 шетелдік турист тіркелген. Осыған байланысты туристік жарна ставкасы 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап, болу құнының 5 пайызына дейінгі көлемде орнатылды", – деп түсініктеме берді Талдықорған қалалық мәслихатындағылар.

Рудный қаласының әкімдігі де өз шаһары туристер үшін тартымды бола түскеніне сендірді.

"Рудный қаласы бойынша шетелдіктерге арналған туристік жарна ставкалары 2021 жылғы 6 айдағы өзекті статистикалық деректерді 2022 жылғы 6 айдағы деректермен салыстыру арқылы есептелді. Соның қорытындысында, қаладағы орналастыру орындарында тіркелген шетелдік туристердің саны 41,1%-ға өскені белгілі болды. Сондықтан жарна көлемі 5 пайызға дейін ұлғайтылды", – деп мәлім етті әкімдік.

Бұл ретте туристерді орналастыру орындарына – мейманханалар (мейрамхана емес), мотельдер, кемпингтер, туристік базалар, қонақжайлар, қонақүйлер, демалыс үйлері, пансионаттар және туристердің тұруы мен оларға қызмет көрсету үшін пайдаланылатын басқа үй-жайлар мен ғимараттар жатады екен.

Ал шетелдіктер үшін туристік жарна – туристерді орналастыру орындарында болатын әрбір тәулік үшін туристерден алынатын төлем.

Осы туристік жарнаны туроператорлар шетелдіктер жеке басын куәландыратын құжаттарын көрсетіп, туристерді орналастыру орындарында тіркелген кезде алады. Бұл ретте операторлар шетелдік туристерді орналастыру орындарында тіркеу алдында әрбір болған тәулігі үшін олардан алынатын туристік жарнаның көлемі туралы хабардар етеді.

Шетелдіктер туристер орналастыру орындарынан шыққан кезде (Check out) операторлар оларға туристік жарнаны төлегені туралы фактісін растайтын құжаттарды береді.

Бюджет кодексіне сәйкес, шетелдіктер туристерден жиналатын жарна жергілікті бюджетке салықтық емес түсім түрінде аударылады.

Шетелдіктер үшін төленген туристік жарнаның есебін операторлар жүргізеді және тоқсан сайын жарнадан алынған соманы жергілікті бюджетке аударып тұруға тиіс.

Осының алдында туроператорлар, Алматының туристік қауымдастығы 5% мөлшерінде "bed tax" ставкасы туристердің ағынын төмендетеді деп дабыл қақты. Қандай саяхатшы өз сапарының тосыннан бес пайызға өсіп шыға келгенін қаласын?

Алматылық қауымдастық өз статистикасын келтірді: "2022 жылдың І жартысында туристердің қонақ үйлерге орналасу саны пандемияға дейінгі 2019 жылғы ұқсас кезеңге қарағанда 36,7%-ға төмен. Бұл кіру туризмі әлі қалпына келмегенін көрсетеді". Бірақ әкімдік 2021 жылды назарға алып отыр: өсім бар.

"Тиісті қаулының жобасы нарық қатысушыларымен егжей-тегжейлі талқыланған жоқ. Оның енгізілуін ерте деп санаймыз. Алматы қаласы кәсіпкерлерінің пікірінше, 5 пайыздық "bed tax" енгізілуі туристер ағынын азайтады. Туризм саласы, оның ішінде туристерді орналастыру қызмет нарығы COVID-19 пандемиясынан ең көп зардап шекті. Шекаралардың жабылуы, әуе қатынасының тоқтатылуы, турлар мен брондаудың жаппай жойылуы, бос тұрған кезде ғимараттар мен персоналды күтіп-ұстау шығыны салаға айтарлықтай қаржылық залал келтірді", – деді Қазақстандық қонақ үйлер мен мейрамханалар қауымдастығының президенті Рашида Шайкенова.

Бірақ жергілікті әкімдіктер оған әзірге құлақ аспады. Туризм өкілдерінің, әлде әкімдіктердің – қайсысының ұстанымы дұрыс екенін тек туристер ағыны көрсетеді. Егер 5 пайыздық жарна үркітсе, жаңа 2023 жылы Қазақстан туристік ағыннан қағылуы мүмкін. Қағылмаса, жергілікті бюджеттер біраз толығады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу