Түркі елдерінде ортақ QR-төлем жүйесі пайда болуы мүмкін

Құрылтай отырысында "Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы цифрлық экономика саласындағы әріптестік туралы келісімді ратификациялау туралы" Заң екі оқылымда талқыланып, қабылданды.

Түркі елдерінде ортақ QR-төлем жүйесі пайда болуы мүмкін Фото: ЖИ

Құжатты Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев таныстырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Kazinform-ға сілтеме жасап. 

Келісім Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің цифрлық экономика және электрондық сауда салаларындағы ынтымақтастығын дамытуға, сондай-ақ цифрлық технологияларды пайдалана отырып, трансшекаралық сауданы дамытуға бағытталған. Мұндай ынтымақтастықтың қажеттілігі Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен сауда-экономикалық қатынастарының дамуынан және жаңа үрдістерді, ең алдымен электрондық сауданың қарқынды дамуын ескеру талабынан туындайды.

– 2025 жылдың қорытындысында Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымы елдерімен тауар айналымы өткен жылмен салыстырғанда 13,9 пайызға ұлғайып, 13 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұл ретте Қазақстанның экспорты 20,6 пайызға өсіп, 9 миллиард 540 миллион АҚШ долларына жетті. Оң үрдіс биыл да сақталып отыр. 2026 жылдың 8 айында тауар айналымы өткен жылмен салыстырғанда 45,2 пайызға ұлғайып, 11 миллиард 500 миллион АҚШ долларын құрады. Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымы елдеріне экспорты 53,8 пайызға өсіп, 9 миллиард 150 миллион АҚШ долларына жетті, – деді министр.

Сондай-ақ, ол сауданың сипаты да өзгеріп келе жатқанын жеткізді. 

– Электрондық сауда, электрондық құжат, цифрлық төлем, дерек алмасудың және логистикалық шешімдердің маңызын арттыра отырып, халықаралық сауда қатынасын дамытудың маңызды бағыттарының біріне айналды. Осы жағдайда тауар айналымына ғана емес, елдер арасындағы тауар қозғалысын сүйемелдейтін цифрлық өзара іс-қимыл тетіктерін де дамыту маңызды, – деді ол.

Министрдің сөзінше, келісімде аталған бағыттар бойынша:

– электрондық сауда құжаттары мен шот-фактураларға;
– кедендік және көліктік деректер алмасуға;
– цифрлық логистикаға;
– трансшекаралық электрондық төлемдерге;
– тұтынушылардың құқықтары мен дербес деректерді қорғауға;
– сондай-ақ киберқауіпсіздік пен цифрлық нарықтарындағы бәсекелестікке қатысты ынтымақтастық көзделген.

– Аталған бағыттардың практикалық маңызы цифрлық рәсімдерді өзара келісілген тәртіппен жүзеге асыру, ақпарат және тәжірибе алмасуға жағдай жасайды. Бұл ретте келісім барлық мемлекеттер үшін бірыңғай цифрлық жүйе құруды немесе ұлттық заңнаманы автоматты түрде өзгертуді көздемейді. Ынтымақтастық әрбір тараптың заңнамасы мен өзі қабылдаған халықаралық міндеттемелерін ескере отырып жүзеге асырылады. Аталған жұмысты үйлестіру үшін келісімді іске асыру мәселелерін қарайтын және ынтымақтастықтың одан арғы бағыттарын айқындайтын Бірлескен комитет құру көзделген, – деді Арман Шаққалиев.

Депутат Аббат Өрісбаев министрден заң жобасы қабылданса, қазақстандық шағын, орта бизнес субъектілеріне Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан елдерінің цифрлық нарықтарына шығу үшін қандай жаңа мүмкіндіктер туындайтынын сұрады. Мұнан бөлек, келісімде отандық кәсіпкерлердің аталған нарықтарға қол жеткізуін жеңілдету әрі халықаралық электрондық сауда көлемін ұлғайту мақсатында қандай нақты шаралар көзделгенін білгісі келетінін айтты. 

Министрдің айтуынша, Қазақстан бизнесі үшін басты мүмкіндік – электрондық сауда алаңдары арқылы Түркі мемлекеттерінің нарықтарына шығу.

– Осы бағытта мемлекеттік органдармен бірлесіп, нақты Жол картасын әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Онда үш басты негізгі бағыт болады. Бірінші – сауда және кедендік рәсімдерді цифрландыру, оның ішінде кеден органдарының ақпараттық жүйелерін өзара байланыстыру. Екінші – трансшекаралық төлемдерді дамыту. Үшінші – қазақстандық кәсіпкерлердің электрондық саудасын және халықаралық іскерлік байланыстарын кеңейту. Бұл шаралар кәсіпкерлердің шығындарын азайтып, төлем жасау және тауар жеткізу процестерін жеңілдетуге мүмкіндік береді, – деді министр.

Ал депутат Мақсұт Насибулов келісімнің 14-бабы 1-тармағына сәйкес әр тарапқа ішкі өнім берушілер туралы деректер базасын құру немесе жүргізу ұсынылып отырғанын, еліміздің Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде сол сияқты дерекқор базасы бар екеніне назар аудартты.

– Келісім ережелерін іске асыру мақсатында ішкі өнім берушілер туралы бірыңғай немесе келісілген деректер базасын қалыптастыруды және жүргізуді қамтамасыз ету қалай жоспарланған? Өнеркәсіп, құрылыс министрлігінің қолданыстағы базасын пысықтап, одан әрі пайдаланасыздар ма әлде жеке ақпараттық ресурс құру жоспарда бар ма? – деді ол.

Сауалға алдымен жауап берген Сауда министрі келісім жаңа ақпараттық жүйе құруды міндеттемейтінін баса айтты.

– Басты ұстанымымыз – қолданыстағы мемлекеттік ақпараттық жүйелерді пайдалану. Бізде нақты тізілім бар. Қажет болған жағдайда осы тізілімді жетілдіру және оны қосымша ақпарат немесе деректермен кеңейтуді қарастырамыз, – деді ол.

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан e-ondiris.gov.kz ақпараттық жүйесі жетілдірілетінін атап өтті. Жүйеге қызметтер мен тауар өндірушілердің таңдау мүмкіндігі енгізіліп, ағылшын тілінде ақпарат алуға мүмкіндік жасалмақ. 

Депутат Нұргүл Тау Түркі мемлекеттері ұйымы мемлекеттерінің бірыңғай цифрлық электрондық сауда алаңын құру мәселесіне қызығушылық танытты. Осы жайтқа қатысты пікір білдірген Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкиннің айтуынша, отандық компаниялардың басқа елдердің бизнесіне қатысуына мүмкіндік жасау үшін электрондық цифрлық қолтаңбаларды өзара тану қажет.

– Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстанмен бұл бойынша табысты тәжірибеміз бар. Енді осы ынтымақтастықты кеңейтеміз. Атап айтқанда, финтех саласындағы келісім туралы айтатын болсақ, қазір Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Түркі мемлекеттері ұйымы аясында басқа елдермен тәжірибе алмасып жатыр. Ал Ұлттық банк QR-кодтар бойынша төлем жүйелерін интеграциялау мәселесін пысықтап жатыр. Елімізде бірыңғай QR жүйесі сәтті іске қосылды. Бұл сауда байланыстарын кеңейтуге, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасында QR-кодтарды өзара тану мен оқуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді бірінші вице-министр.

Заң жобасын талқылау барысында депутат Тілектес Адамбеков электрондық сауда нарығы өсіп келе жатқан ел ретінде Қазақстан үшін ішкі цифрлық сервистерді дамыту ғана емес, оларды Түркі мемлекеттері ұйымы елдерінің сыртқы цифрлық нарықтарына интеграциялауды қамтамасыз ету де маңызды екенін ескертті. 

– Түркі мемлекеттері ұйымы Қазақстанның өңір елдерімен сауда-экономикалық ынтымақтастығын тереңдетудің маңызды алаңы саналады. Түркі мемлекеттері ұйымы аясында цифрлық өзара іс-қимылды дамыту өзара сауданы кеңейтуге және іскерлік байланыстарды нығайтуға қосымша мүмкіндіктер ашады. Қаралып отырған келісім электрондық құжаттар, цифрлық логистика, трансшекаралық төлемдер, деректер алмасу және тұтынушыларды қорғау сияқты бағыттар бойынша мемлекеттердің жұмысын үйлестіруге негіз қалайды, – деді депутат.

Оның пайымынша, көзделген уағдаластықтарды іс жүзінде іске асыру үшін жұмыстың нақты бағыттарын, іс-шаралардың реттілігін және жауапты орындаушыларды айқындау қажет. 

Осыған байланысты Сауда және интеграция министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, келісімді іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеуі тиіс.

Онда өзара іс-қимылдың басым бағыттарын, нақты іс-шараларды, оларды орындау мерзімдерін және жауапты орындаушыларды айқындау қажет. Мұндай тәсіл мемлекеттік органдардың құзыреті аясында және ұлттық заңнаманы ескере отырып, Келісімді іске асыру бойынша дәйекті жұмысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

– Келісімді ратификациялау қазақстандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің нарығында ілгерілету үшін қосымша жағдайлар жасайды, – деді Тілектес Адамбеков.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу