Түркі мемлекеттері ортақ шахмат академиясын ашады

102

Жоба аясында жаттықтырушылар мен төрешілерді бірлесе дайындау, әдістемелік алмасу, семинарлар мен білім беру бағдарламаларын ұйымдастыру көзделген.  

Түркі мемлекеттері ортақ шахмат академиясын ашады Фото: azertag.az

Turkic Chess Association (TCA) ұйымына мүше мемлекеттер ортақ шахмат академиясын ашып, халықаралық жаңа турнирлер топтамасын, сондай-ақ жаттықтырушылар мен төрешілерді даярлау бағдарламаларын іске қосуды жоспарлап отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Бұл жобалар Самарқандта өткен Бас Ассамблеяда талқыланған TCA-ның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясының негізгі өзегіне айналды. Ең негізгі бастамалардың бірі – Turkic Chess Academy. Жаңа құрылым әр елдегі шахмат мектептерінің озық тәжірибесін бір арнаға тоғыстырады.

Түркі шахмат қауымдастығының жарыс күнтізбесі де едәуір кеңейеді. TCA командалық және жекелеген турнирлерді, оқу-жаттығу жиындары мен спаррингтерді жиірек өткізуді көздеп отыр. Оған қоса, жас шахматшылар мен ардагерлер үшін бөлек жарыстар қарастырылған.

Атап айтқанда, Түркістанда ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей чемпионаттарды және ардагерлер арасындағы турнирді өткізу жоспарда бар.

TCA президенті әрі Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов өңір елдері арасында мұндай ауқымды серіктестікті дамытуға берік негіз қалыптасқанын атап өтті.

"Біз елімізде шахматтың қаншалықты қарқынды дамып келе жатқанын және оның маңызы жоғары екенін көріп отырмыз. Мүмкіндіктерімізді одан әрі кеңейтіп, шахмат мектептерін өркендету және өңірде ашық турнирлерді көбірек өткізу маңызды. Бізде әлемдегі ең дамыған шахмат экожүйелерінің бірі қалыптасқан, мұны біз мақтанышпен айта аламыз", – деп мәлімдеді Тимур Турлов. 

Turkic Chess Association түркі елдерінің шахмат федерацияларын бірлескен жарыстар өткізу, шахматшыларды даярлау және тәжірибе алмасу мақсатында біріктіреді. Ұйымды құру идеясын 2024 жылдың қыркүйегінде FIDE Бас Ассамблеясы қолдаған болатын. 2025 жылдың қазан айында Астанада алты елдің өкілдері меморандумға қол қойды. TCA-ның штаб-пәтері Түркістан қаласында орналасқан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу