Түркікоин электронды ақшасы пайда болды

3261

Жыл аяқталар тұста әлемдік ақпарат құралдары Финляндиядағы Сюсмя қаласы төл валютасын енгізетінін хабарлады.

Түркікоин электронды ақшасы пайда болды

Оны да қалашықтың атымен "сюсмя" деп атау және ағымдағы бағамын "1 бірлігі 0,95 еуроға тең" деп белгілеу ұйғарылыпты.

Жаңа валюта бірегей QR-код түрінде болып келеді. Олар көмегімен жергілікті сауда орындарында тауарлар мен қызметтерді сатып алуға болады. Тиісінше жергілікті кәсіпкерлердің барлығы жобаға қатысатындары туралы келісімге қол қойған. Жоба бастамашысы финдік белсенді экономист Юри Ниеминен болып табылады. Фин билігі жобаны қолдауға шешім қабылдап, оны қаржыландыруға 55 мың еуро бөлген екен. "Сюсмя" электронды валютасы қалашықта бүгіннен, 24 желтоқсаннан бастап күшіне енеді.

Жалпы бұл ұлттық валютаның сыртында қолданысқа енгізіліп отырған алғашқы "жергілікті валюта" (local currency) емес. Оның тәжірибесін күнбатыстан, Атлант мұхитының ар жағынан, алыстан іздеудің де қажеті жоқ. Тіпті көрші Ресейден табуға болады. Сонымен бірге биткойнге ұқсастырып, жергілікті деңгейде "түркікойн" электронды ақша өмірге жолдама алуда.

Нақтырақ айтсақ, 2011 жылдың ақпан айында Ресейдегі Башқұртстанның "Шаймуратово" ауылының атағы жаһанға тарады. Халықаралық ақпарат агенттіктері "Шаймуратово" ауыл шаруашылығы кәсіпорнының қожайыны және бас директоры Артур Нұрғалиев қолға алған монетарлық-валюталық жоба жайлы тамсана жаза бастады. Ол экономист Рүстем Дәулетбаевтың идеясы бойынша жергілікті төл валютасын –  "шаймуратиктерді" айналымға енгізді. Сол арқылы бизнесмен қаржы жетіспегендіктен, қолданыста болған "натуралды төлемді", яғни бартерді жоюға бел буады. Кәсіпкер өз жұмыскерлерінің жалақысының бір бөлігін "шаймуратиктермен" береді. Және де жаңа валюта жергілікті дүкендерде төлем ретінде қабылданатынын жариялайды. Рас, ол дүкендердің де қожайыны Нұрғалиев мырзаның өзі болатын. 

Мұны естіген прокуратурадағы шенеуніктер бұған қарсылық білдіріп, кәсіпкердің басын сотқа сүйрейді. Себебі Ресейде шағын ауыл түгіл, тұтас республикаларға да төл валютасын шығаруға тыйым салынған. Ресей Федерациясының барлық субъектілері үшін ортақ валюта – рубль екені мәлім.

Алайда бизнесмен төменгі соттардың барлығында төл валютасын қорғап шықты. Бұл дауға 2015 жылы "Башқортостан Республикасының Жоғарғы соты" нүкте қойып, агрокәсіпорынның өз қызметкерлеріне "шаймуратиктермен" жалақы төлеуіне прокурорлар қойған шектеуді толық жойды.  

Осыған шабыттанған кәсіпкер купюра-талон түрінде қолданылып келген "шаймуратиктердің" жақында электонды баламасын шығарды және оны "түркікоин" (тюрккоин) деп атады. Қаржылық сарапшылардың бағалауынша ол "өте бай функционалы бар әрі арнайы әзірленген клирингтік төлем жүйесінде жұмыс жасайды". Бұл "түркікойндарды" өзара есептесуде кең ауқымды пайдалануға мүмкіндік беретін көрінеді. Бірақ ресейлік заңнама олардың өркен жаюына әзірге жол ашпай отыр.

Қалай болғанда, кәсіпкер төл валютасы арқылы ауыл шаруашылығы кәсіпорнын банкроттықтан құтқарып қалды.

Жалпы, "Шаймуратовода" 800-ден астам халық тұрады екен. Бұл ауыл башқұрт елінің астанасы Уфадан небары 60-ақ шақырымда орналасқан. Бүгінде бұл – ауқатты ауыл саналады, таза әрі абаттандырылған, ондағы отбасылар да бай тұрады: әрбір аула автокөлікке ие көрінеді, барлық дерлік үйлерде спутниктік тарелкалар орнатылған. Село қазір гүлдену, өсу үстінде: бұрынғысына балалар симай кеткендіктен, жаңа балабақшалар ашылыпты. Бүкіл Ресейден айырмашылығы, бұл "деревнядан" жастар қалаға кетіп жатқан жоқ. Мұнда өз үйін тұрғызуды қалағандарға жер бөліп, тіпті құрылыста көмектеседі.

Дегенмен 2000 жылдардың ортасына дейін мұндағы көрініс мүлдем басқа болды: жергілікті колхоз ондаған жылдар бойы банкротқа жақын жағдайда өмір сүрген. Жергілікті тұрғындар маскүнемдікке салынған. 2006 жылы жоқшылыққа ұшырап, қираған шаруашылықты Артур Нургалиев сатып алып, ауылға жаңа дем берді.

Бұған дейін ол Ханты-Мансийск автономды округте ауыл шаруашылығымен мүлдем байланыссыз бизнеспен айналысыпты: дүкендер желісі мен түнгі клуб иесі болған. Содан 2005 жылы Ресейде қант бағасы шарықтап шыға келгенде, ол жүз гектар жер алып, қант қызылшасын өсіруге, оны жергілікті шағын зауытта өңдеп, Солтүстікке апарып сатуға бел буады. Нәтижесінде тұтас ауылды сатып алған.

Дегенмен артынша жалғыз қызылша өсіруден бас тартады: агробизнестің қырларына қаныққан ол бір ғана дақыл өсіру тәуекелді іс екендігін түсінеді. Сондықтан Шаймуратово алқаптарынан қазір астық та, күнбағыс та, жем-шөп те жиналады. Шаруашылық қожайыны ірі қара мал өсіру туралы екінші шешім қабылдаған. Бүгінде ендігі шамамен 1,2 мың сиыр бүкіл округті сүтпен және сүт өнімдерімен қамтуда.  

Бір ғажабы, 2006 жылы "Шаймуратово" ауылында құрылған шаруашылық енді көрші 5 деревня аумағында жұмыс жасайды және 8,5 мың гектар құнарлы жерді жалға алып отыр. Әйткенмен, шаруашылық қожайыны бір қиындық барлығын бірден түсінген, ол ауыл шаруашылығы циклымен анықталады: негізгі ақша ауылға тек күзде жиналған астық-өнімді сатудан кейін ғана келеді, ал, шығынды жыл бойы шығаруға тура келеді. Бұл тығырықтан басқа шаруашылықтар былай құтылуға тырысады: алдымен жанар-жағар май, азық-жем, құрылыс материалдарын және басқаларын жеткізушілерге бар қаржысын төлейді, ал жұмысшыларға соңғы кезекте көңіл бөлінеді. Соның кесірінен көптеген шаруашылықтарда жалақы төлеу жарты жылға және одан көпке кешеуілдейді.

Жұмысшылар алдындағы қарызды жабу үшін Артур Нұрғалиев барлық табынды союға ниеттенген кездері де болыпты. Бірақ кейін танысы Рүстем Дәулетбаевты кездестірген, ол "еркін ақша" теориясы туралы айтып берген. Неміс экономисі Сильвио Гезельдің бұл теориясына сәйкес, дүкендегі тауарлық қалдық көлеміне қарай арнайы талон шығаруға болады, онымен жұмысшылар жалақы алып, осы дүкендегі тауарларды сатып ала алады. Осылайша, қаржы тапшылығынан туған түйінді тарқатуға болады. Гезель ақшаны "жинақтаудың" емес, "айналымның" құралы деп санаған. Бұл ретте ақша неғұрлым жиі айналса, ол дағдарысты болдырмайтын маңызды факторға айналады. Ал ұлттық емес, жергілікті "қаржыны" ешкім банкке салып, қордалауды ойламайды. 

Алғашқы "шаймуратиктер" 2011 жылы басып шығарылып, айналымға жіберілді. Оларды жергілікті дүкен еркін қабылдайды. Жергілікті тұрғындар үшін ең маңыздысы, қандай қаржымен есеп айырысу емес, сөреде нанның, өнімдердің болуы емес пе. Ал қазір жақын елді мекендердегі таксистер де "шаймуратиктерді" қабылдай бастапты. 

Жалпы, бүгінде жергілікті валюталардың шамамен төрт мыңдай коммерциялық емес жобалары бар.

Мысалы Оңтүстік Америка елдерінің көбінде мұндай жобаларға тиым салынбақ түгіл, олар орталық билік тарапынан жан-жақты қолдау көреді. Сол себепті дәл осы континентте "Жергілікті ақша бастамаларына арналған бағдарламалық шешімдерді әзірлеу, әдістемелері мен оқу материалдарын жасау жөніндегі үкіметаралық қор" жұмыс істейді.

Бразилияның орталық банкінің жоспары бойынша жыл соңына қарай бұл елде өндірістік кооперативтер базасында құрылатын 300 валюталық жүйе қызмет етуге тиіс. 

Жаңа Зеландияда жергілікті валюталар мәртебесі толық заңдастырылған. Жергілікті муниципалитеттердің бірқатары тіпті салықтардың бір бөлігін жергілікті валютада қабылдайды.

Ұлыбританияда ақша белгісін басуды қарастыратын локалды валюталарға тиым салынған, соған қарамастан ағылшын қаласы Бристоль фунт стерлингке балама ретінде өзінің төл валютасын – "бристоль фунтын" айналымға шығарды. Жаңа валютаны дүкендер және басқа шағын бизнес кәсіпорындары – 350 фирма қабылдайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу